«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мердігер, қосалқы мердігер ұйымдар мен әлеуетті өнім берушілерді жол жобалары мен жұмыс көлемдерін алуға ақшалай сыйақы үшін «көмектесеміз» деп уәде беретін үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттерінен сақ болуға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, белгісіз тұлғалар мердігер компаниялардың өкілдерімен байланысып, өздерін делдал ретінде таныстырады. Олар ұлттық компанияда «байланыстары барын» айтып, жұмыстарды бөлуге немесе сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне ықпал ете алатынын алға тартады. Жеке кездесулер кезінде алдын ала төлем талап етіп, бұл әрекеттері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығымен келісілген деп сендіруге тырысады.
Телефон қоңыраулары мен делдалдар арқылы байланыс орнату әрекеттерінен бөлек, бөгде тұлғалардың осындай ұсыныстармен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның орталық кеңсесіне тікелей келген дерегі де тіркелді. Олар жол жобаларына қатысты «мәселелерді шешіп беруді» ұсынған. Аталған жағдайды Компанияның қауіпсіздік қызметі анықтап, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Осындай әрекеттердің алдын алу мақсатында аталған тұлғалар қатысқан бейнематериал да қосымша жарияланатын болады.
Компания ресми түрде мәлімдеді: бұл тұлғалардың «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Компания басшылығы мен қызметкерлері үшінші тұлғаларға келіссөз жүргізуге, жол жобаларын алып беруге уәде етуге, өнім берушілердің мүддесін ілгерілетуге немесе тендер нәтижелеріне ықпал етуге ешқандай өкілеттік берген жоқ.
Барлық сатып алу рәсімдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Конкурстар, оларға қатысу талаптары, өтінім беру мерзімдері және сатып алу қорытындылары туралы ақпарат Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мұндай әрекеттерде алаяқтық, заңсыз делдалдық және нарық қатысушыларын сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту секілді қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін екенін ескертті.
Компанияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, алаяқтық схемаларды анықтау және сатып алу рәсімдерін заңсыз араласудан қорғау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Компания мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарды барынша сақ болуға, күмәнді тұлғаларға ақша бермеуге, бейресми келіссөздерге бармауға және сатып алуға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
– Егер сізге жол жобаларын немесе жұмыс көлемдерін ақшалай сыйақы үшін алып беру, «көмектесу», «мәселені шешу», мүддені ілгерілету немесе тендер нәтижесіне ықпал ету туралы ұсыныс түссе, бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ комплаенс-қызметіне дереу хабарлауды сұраймыз: Жедел желі: +7 (7172) 64-87-35. Байланыс орталығы: 1403, - делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
