Павлодар облысына сапары барысында «Ауыл» партиясының мүшелері зиялы қауым және ғылыми орта өкілдерімен, сондай-ақ Набережное ауылындағы «AndasAgro» шаруашылығының еңбек ұжымымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz «Ауыл» партиясының баспасөз қызметне сілтеме жасап.
Кездесулерде екі түрлі тақырып көтерілді. Бірінде білім мен ғылымның дамуы, ұстаздар мен ғалымдарды қолдау мәселелері сөз болса, екіншісінде - егін және мал шаруашылығын дамыту, өндірістегі нақты түйткілдер талқыланды.
Екі кездесудің де өзегінде тұрғындардың жағдайын жасау мәселесі тұр. Өз өңірінде еңбек ететін білімді маман да, жерге маңдай терін төккен еңбек адамы да елдің дамуына үлес қосады. Сондықтан сапалы жұмыс орындарын сақтау, өндірісті дамыту, мамандарды өңірлерде ұстап қалу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
«Ауыл» партиясының Сайлауалды бағдарламасында да кадр, еңбек және өңірлердің дамуына басымдық берілген. Павлодар өңірінің әлеуеті бар. Ең бастысы – сол әлеуетті ашатын адамдарға мүмкіндік беру.
