Қазақстандық танымал фототілші Юрий Зельманұлы Беккер 68 жасында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен достарына, сондай-ақ Юрий Беккерді жақсы білген барша азаматқа көңіл айтты.
Юрий Беккер ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, Қазақстанның фотошежіресін жасауға елеулі үлес қосты. Оның объективіне елдің қоғамдық, саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалар, белгілі мемлекет қайраткерлері, еңбек адамдары мен қарапайым азаматтар ілікті.
Фототілшінің түсірген суреттері Қазақстанның қазіргі тарихының бір бөлігіне айналып, сол дәуірдің адамдары мен маңызды оқиғаларын кейінгі ұрпаққа жеткізетін құнды мұра болып қалды.
Юрий Беккердің кәсіби жолының елеулі бөлігі «Казахстанская правда» газетінің редакциясымен байланысты болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін редакцияда қызмет етіп, бар ғұмырын арнаған кәсібіне адал болды.
Әріптестері мен кәсіби орта өкілдері Юрий Беккерді талантты фотожурналист, жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі кәсіби шеберлігі мол маман ретінде еске алады.
