Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президентіне тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын табыстау рәсімі өтті.
Бейбітсүйгіштік – сыртқы саясат бағдары
130
оқылды

Сенім грамоталарын Молдова Респуб­ли­к­а­­сының елшісі Игорь Молдован, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Тхань Ле Нгуен, Корея Республикасының ел­шісі Ки Хон Чжон, Оңтүстік Африка Рес­пуб­лика­сы­ның елшісі Лунгисани Доминик Нтом­белла, Словакия Республикасының елшісі Любомир Регак, Германия Федеративтік Рес­публикасының елшісі Хайке Ренате Пайч, Әзербайжан Республикасының елшісі Алимирзамин Аскеров, Словения Респуб­ли­касының елшісі Бранко Раковец және На­мибия Республикасының елшісі Моника Ндилявике тапсырды.

Мемлекет басшысы еліміздің бейбітсүй­гіш сыртқы саясат бағдарын ұстанатынын айт­ты.

– Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы сая­сат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік сал­танат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбіт­ші­лік пен қауіпсіздікті сақтап, ын­тымақ­тас­тықты өрбіту үшін қолдан келген мүм­кіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рә­сім­ге қатысушыларға Қазақстанның эконо­ми­калық әлеуеті және ұлттық экономикаға шетелден инвестиция тарту ісіндегі табыс­тары жөнінде мәлімет берді.

– Біз елімізге шетел инвестициясын тар­ту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отыр­мыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс іс­те­гісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі ха­лық­аралық компаниялардың басым бөлігі қыз­мет етеді. Бұл саясаттан айнымайтыны­мыз­ға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жал­ғастыруға ниеттіміз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақ­стан­да жүргізіліп жатқан ауқымды саяси ре­формалар жөнінде айтты. Оның қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ын­тымақтастықты нығайтатын тың мүмкін­діктерге жол ашатынына сенім білдірді.

Сөз соңында Президент Астананың ел­шілер өкілдік ететін мемлекеттермен қарым-қа­тынасты нығайтып, сан қырлы ықпал­дас­тықты дамытуға мүдделі екенін растады. Сон­дай-ақ мемлекеттер басшыларына жылы ле­бізін жолдады.