Атырауда жердің тозуы ауыл шаруашылығының нақты проблемасына айналып ке­леді.
Қуаңшылыққа қарсы амал бар ма?
132
оқылды

Жайылымның жұтаңдануы, су тапшылығы, өсімдіктің сиреуі мал ша­руа­шылығымен айналысатын шаруашылықтардың жұмысын қиындатып отыр. Енді өңір бұл мәселені шешуде Қытай тәжірибесіне сүйенбек. Бірақ мыңдаған гектар жерді қалпына келтіру үшін көшет отырғызуға қауқар жеткілікті ме?

Мәселенің салдары бірінші кезекте ауыл­дағы шаруаның қалтасына тиеді. Жайы­лым­ның өнімділігі төмендеген сайын малды бас­қа аумақтарға айдауға, су мен жем-шөпке қо­­­­­сым­ша шығын шығаруға тура келеді. Ал жайы­лымы мен су көзіне тәуелді шаруашылық үшін бұл – жай ғана экологиялық мәселе емес, тікелей экономикалық қатер. 

Жақында Атырау облысының әкімі Болат Ақ­шолақов Қытайдың Нинся-Хуэй автономия­лық ауданынан келген делегациямен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы – шөлейттенуге қар­сы күрес және тозған жерлерді қалпына кел­тіру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мүм­кіндігі.

Қытай тарапы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында іске асырылған де­монс­трация­лық жобаны таныстырды. Онда көшет өсіру, өсімдік түрлерін сынақтан өткізу және жер­гі­лікті жағдайға бейімдеу, құрғақ аумақтарды көгалдандыру технологиялары қарастырылған. Атырау облысында жобаның алғашқы пилоттық алаңы ретінде Исатай ауданындағы Нарын құм­дары аймағынан 30 гектар жер ұсынылды. Ал егер тәжірибе нәтижелі болса, Мақат ауданында жо­баны 14,5 мың гектарға дейінгі аумақта кеңейту мүм­кіндігі қарастырылмақ. Бұл жерде бір нәрсені ажы­ратып алған жөн. 30 гектар – технологияны сынауға болатын пилоттық аумақ. Ал 14,5 мың гек­тар – мүлде басқа ауқым. Десе де, мыңдаған гек­тар жерді қалпына келтіру үшін көшет отыр­ғызудың өзі жеткіліксіз. Оның ар жағында су, техника, маман, күтім, мониторинг және тұрақты қаржыландыру мәселесі тұр.

Жақсылық Ізмағанбетов – 22 жылдан бері ата­кәсіп ауыл шаруашылығымен айна­лы­сып ке­ле жатқан шаруа. Өзі ғана емес, бала-шағасы, не­мерелері де қазір шаруашылыққа жұ­мы­­лып отыр. 

– Бүгінде қожалықта 129 бас ірі-қара, 235 бас қой-ешкі, 91 бас жылқы және 63 бас түйе бар. Бір қарағанда, жай цифр сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осы цифрлардың артында біздің күнделікті тірлігіміз, маңдай теріміз жатыр. Мал бағу оңай шаруа емес екенін оны баққан адам ғана түсінеді. Шыны керек, біздің өңірімізде жайылым мә­се­лесі өткір тұр. Малымыз кейде шөп іздеп, қалаға кіріп кетеді. Менің шаруашылығым Атырау қала­сын­дағы «Нұрсая» шағынауданына жақын орна­лас­қан. Шөп іздеген мал көпқабатты үйлердің аулаларындағы жасыл-желекті жеп кетіп жатады. Мұ­ның арты айыппұл, тұрғындармен арадағы дау­ға ұласып жатады, – дейді шаруа.  

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтың пікірінше, жайылымды қалпына келтіру мен оны дұрыс пайдалану қатар жүруге тиіс. 

– Бір аумақты ұзақ уақыт бойы шамадан тыс пай­далану өсімдік жамылғысының табиғи жаңа­руына мүмкіндік бермейді. Сондықтан жерді қал­пына келтіру жобасы іске қосылған жағдайда, оның екінші бөлігі – жайылымды басқару жүйесі болуы керек. Яғни мәселе тек «қай жерге қандай өсімдік егеміз?» деген сұрақпен шектелмеуге тиіс. «Одан кейін бұл аумақ қалай пайдаланылады?» деген сұрақ та алдын ала шешілуі қажет, – дейді ғалым. 

Облыс әкімі Болат Ақшолақов өңірде зама­науи көшет өсіретін тәлімбақ ашу мүмкіндігін зер­делеуді ұсынды. Бұл ұсыныстың өзінде бір­неше мәселе жатыр. Біріншіден, Атырау сырттан кө­шет тасымалдайтын өңір болып қалмауы ке­рек. Екіншіден, жергілікті климатқа бейімделген өсім­діктерді өз аумағында көбейту қажет. Үшін­шіден, мұндай нысан ауыл шаруашылығымен қатар, абаттандыру, сәндік өсімдіктер мен гүл өсіру бағыттарын да қамтуы мүмкін. Осылайша, эко­логиялық жоба жаңа экономикалық бағытқа айналады. Тәлімбақта өсімдік өсіретін мамандар, технологтар, инже­нерлер жұмыс істейді. Бұл жаңа жұмыс орын­дарын ғана емес, жергілікті кадр­ларды даярлау қажеттігін де алға шығарады. Облыс әкімі де осы мәселеге арнайы тоқталып, болашақта Атырау тұр­ғындарының арасынан тәлімбақта жұмыс істейтін технологтар, инженер­лер мен басқа да мамандарды даярлау қажеттігін айтты.

Атырауда шөлейттенумен күресте жиі назар­дан тыс қалуы мүмкін тағы бір мәселе бар. Қал­пы­на келген жерді қалай сақтаймыз? Егер бір аумақ бірнеше жыл бойы қалпына келтіріліп, кейін оған түсетін шаруашылықтық жүктеме қайта артса, процесс қайта басталуы ықтимал. Со­ндықтан сарапшылар «жерді қалпына келтіру жобасы жайылымды басқару ережелерімен бірге жүруі керек» деген пікір айтады. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы