Ел экономикасының тұрақты дамуында көлік-логистика саласы, оның ішінде теміржол машина жасау кешені ерекше рөл атқарады.
Отандық машина жасаудағы теміржол секторының үлесі 13 пайызға дейін артты
Фото: gov.kz
169
оқылды

Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде теміржол машина жасау саласында 60-тан астам қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда 8,5 мыңнан астам адам еңбек етеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. Өндірілетін өнімдегі қазақстандық қамту деңгейі 30%-дан 90%-ға дейін жетеді.

Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондарын, мойынтіректерді, тұтас илемделген дөңгелектерді, осьтерді, арбалардың бөлшектері мен тораптарын және басқа да өнімдерді шығаратын жетекші кәсіпорындар Астана, Петропавл, Екібастұз, Степногор, Павлодар, Семей, Өскемен және Атырау қалаларында орналасқан. Олардың қатарында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «Степногорск подшипник зауыты» АҚ, Stadler Kazakhstan ЖШС, «ЗИКСТО» ЖШС, «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС, «Атырау вагон жасау зауыты» ЖШС, Format Mach Company ЖШС, «Востокмашзавод» АҚ, «Проммашкомплект» ЖШС, R.W.S. Wheelset,  R.W.S. Binding,  Railcast Systems компаниялары және басқа да кәсіпорындар бар.

Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру аясында локомотив және вагон жасау саласындағы әлемнің ірі компаниялары – Wabtec Corporation, Alstom, Stadler және басқа да инвесторлар тартылды.

«QazIndustry»  Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ  Машина жасау саласын дамыту дирекциясының мәліметінше, 2017-2025 жылдар аралығында теміржол өнімдерін өндіру көлемі қаржылай мәнде жеті есеге – 104,5 млрд теңгеден 740,4 млрд теңгеге дейін өсім көрсеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, теміржол өнімдерін өндіру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,5%-ға артып, 734 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы машина жасау өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 13%-на тең. Өткен жылдың өзінде отандық зауыттар 114 локомотив (45 электровоз және 69 тепловоз) және әртүрлі мақсаттағы 3 068 вагон, оның ішінде жартылай вагондар, платформалар мен жолаушылар вагондарын шығарды.

Жоғары өсім қарқыны биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында да сақталды. Өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 %-ға артып, 345 млрд теңгеге жетті. Өсім негізінен электровоздар өндірісінің 24%-ға, жолаушылар вагондары өндірісінің 11%-ға, теміржол жолдарын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге арналған көлік құралдары өндірісінің 3,3 есеге, сондай-ақ локомотив бөлшектері мен қозғалысты басқаруға арналған механикалық жабдықтар өндірісінің 36 %-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді.

2026 жылға отандық өндірушілер 94 локомотив, 193 жолаушылар вагонын, 1 323 жартылай вагон және 2 377 платформа шығару жоспарлап отыр. Бұл ретте жылжымалы құрамның жекелеген түрлері бойынша кәсіпорындар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниялар тобы және басқа да жеке жылжымалы құрам операторлары тарапынан тапсырыстар болған жағдайда өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндікке ие.

Мемлекеттік қолдаудың және бизнестің белсенді қатысуының арқасында елімізде жаңа заманауи зауыттар ашылып, қолданыстағы өндірістік қуаттар жаңғыртылуда. Мәселен, өткен жылы елордада әлемдегі жетекші швейцариялық серіктес Stadler Bussnang AG компаниясымен бірлесіп, жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын жаңа «Штадлер Қазақстан» зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жайлы жүрдек купелі, плацкартты, штабтық және техникалық вагондар шығарады. Жобаның іске қосылуы өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, еліміздегі жолаушылар тасымалының сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Атырау облысында «ТексолТранс» компаниясы жылдық жобалық қуаты 6 мың жүк вагонын құрайтын өндірісті іске қосты. Атырау вагон жасау зауыты өткен жылы 305 жартылай вагон шығарды. Жобаның толық қуатына 2028 жылға қарай шығу жоспарлануда. Сонымен қатар ірі индустриялық кластер қалыптастыру аясында «ТексолТранс» ЖШС Атырау қаласында құю зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Жылына 60 мың тоннаға дейін құйма бөлшек шығаратын кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Мұнда шамамен 500 жұмыс орны құрылады. Бұл вагондарға арналған жинақтауыш бөлшектер өндірісін 90%-ға дейін жергіліктендіруге мүмкіндік береді.

Семей қаласындағы Семей машина жасау зауыты 2025 жылдан бастап жылына 600 жартылай вагон шығаратын өндірісті игерді. Екібастұзда 2012 жылдан бері Railways Systems KZ холдингінің теміржол кластері жұмыс істейді. Кластер «Проммашкомплект» ЖШС-ның теміржол дөңгелектерін өндіретін зауытымен қатар іске қосылған. Кластердің құрылуы логистика мен өндірушілер арасындағы өзара байланысты оңтайландыруға және жоғары технологиялық өнім шығаруға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар «Востокмашзавод» және  Format Mach Company  кәсіпорындары сапалы құйма өндірісін ұлғайту мақсатында автоматты қалыптау желілерін енгізу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруда. Ал  Railcast Systems  компаниясы соғу-бандаж кешенін құру жобасын жүзеге асыруда.

Осы және басқа да ауқымды бастамалар мен жаңа өндірістердің іске қосылуы елішілік құндылықты арттырып, болашақта қазақстандық теміржол машина жасау саласына ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, жоғары технологиялық өнімдердің ірі экспорттаушысы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.