Мүгедектігі бар адамдар сайлауда дауыс береді. Сайлануға құқы бар. Бұл үшін Қазақстан Халық партиясы барлық қажетті шараларды қабылдауға ықпал етуде.
Қазақстан Халық партиясы ерекше күтім қажет азаматтардың мәселесін талқылады
Фото: Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметінен алынды
148
оқылды

Қазақстан Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқығы жөніндегі уәкіл, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Кенжеғұл Сейтжан Орталық сайлау комиссиясының мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының құрамына кірді. Бұл туралы Aikyn.kz Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін Кенжеғұл Сейтжан мониторинг жұмысына қатысып, мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін тексерген болатын. Жұмыс тобының кезекті отырысында сайлау бюллетеньдеріне қатысты мәселелер талқыланды. Бюллетеньдегі ақпаратпен өз бетінше танысу үшін мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштардағы компьютерлерден оның аудионұсқасын тыңдауға болады.

ОСК өкілі Ләззат Сүйіндік дауыс беруге арналған бюллетеньге Брайль қарпімен жасалатын трафарет әзірлеу барысы туралы айтты.

– Трафарет үлгілері басып шығаруға жіберілердің алдында ассистивті технологиялар және Брайль қарпі саласындағы мамандардың қатысуымен бірнеше рет сараптамадан өтті. Сараптама барысында трафареттің бюллетень мазмұнына сәйкестігі, бедерлі-нүктелі белгілердің орналасуы және практикалық тұрғыдан қолдануға қолайлылығы бағаланды. Барлық ескертулер мен ұсыныстар макетті жетілдіру барысында ескерілді, – деді ол.

Қазақстан Халық партиясының өкілі Кенжеғұл Сейтжан Брайль қарпімен орындалған материалдардағы жазулардың сапасыз болатынына назар аударды. Яғни, қажетті элемент орнатылғанмен, онда қате кездесуі немесе мүгедектігі бар адамның пайдалануына қолайсыз етіп жасалуы мүмкін.

– Біздің ұстанымымыз қарапайым сын міндетті түрде шешіммен қатар жүруі керек, – деп атап өтті омбудсмен әрі кандидат. – Барлық мәселе бір күнде шешілмейді. Бірақ анықталған әрбір мәселе нақты міндетке, ал міндет нақты өзгеріске айналуы тиіс.

К.Сейтжанның пікірінше, мониторинг жұмысына мүгедектігі бар мамандарды тарту аса маңызды. Өйткені олар қолжетімділікті формалды түрде ғана емес, нақты пайдаланушының тұрғысынан бағалай алады. Ол алдағы сайлауға қатысты тағы бір маңызды мәселеге – зағип және нашар көретін сайлаушыларға арналған арнайы трафаретке тоқталды.

– Көзі көрмейтін адам үшін мұндай трафарет – бөгде адамның көмегінсіз, дауыс беру құпиясын сақтай отырып, өз таңдауын өз бетінше жасауға мүмкіндік беретін құрал, – деп түсіндірді Кенжеғұл Сейтжан.

Омбудсмен трафареттегі Брайль қарпінің дұрыс орналасуын және оның зағип адамға қолдануға ыңғайлы болуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа өзі де қатысты.

– Бұл жерде көретін адам байқамауы мүмкін маңызды жайттар бар: мәтіннің орналасуы, оқу бағыты, жолдардың бюллетеньдегі ойықтарға сәйкестігі, – деп түсіндірді Кенжеғұл Сейтжан. – Егер Брайль қарпі орналастырылғанмен, оны пайдалану ыңғайсыз болса, мұндай қолжетімділік тек формалды сипатта қалады.

К.Сейтжан ҚР ОСК-ға ашықтығы және сараптамалық жұмысқа тікелей қатысуға, практикалық тәжірибесімен бөлісуге әрі мұндай құралдарды зағип сайлаушылар үшін шын мәнінде ыңғайлы етуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

– Түптеп келгенде, міндет қарапайым әрі нақты: адам сайлау учаскесіне келгенде өз таңдауын өз бетінше, саналы түрде және дауыс беру құпиясын сақтай отырып жасау мүмкіндігіне ие болуы керек, – деп қорытындылады Кенжеғұл Сейтжан.