Трансформацияның тағы бір бағыты — жаңартылатын энергетиканы дамыту. Жаңартылатын көздерден өндірілетін электр энергиясының үлесі екі еседен астамға артып, 7%-ға жетті.
Қазақстан цифрлық және жасыл трансформацияны жүзеге асырды — Катаржина Вавьерниа
фото: баспасөз қызметінен алынды
122
оқылды

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды үнемі кеңейте отырып, цифрландыру саласындағы өз орнын нығайтып келеді. Бұл нәтижелер Астанада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum-ында ұсынылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың айтуынша, ел мықты цифрлық негіз құрып, халықаралық рейтингтердегі орнын айтарлықтай жақсартты. Осылайша, БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде Қазақстан әлемдік деңгейде 29-орыннан 24-орынға көтеріліп, жаһандық үздік 25 елдің қатарына енген. 

– Цифрлық байланыс кеңейіп, мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа ауысуда, ал экономика құрылымында технологиялық қарқынды өндірістің рөлі артып келеді.  Трансформацияның тағы бір бағыты – жаңартылатын энергетиканы дамыту. Жаңартылатын көздерден өндірілетін электр энергиясының үлесі екі еседен астамға артып, 7% -ға жетті. Жаңартылатын энергия көздерінің өсуі Қазақстанның энергетикалық жүйесін біртіндеп жаңғыртудың және тұрақты даму моделіне көшудің бөлігі ретінде қарастырылады.

Осылайша, цифрлық және энергетикалық трансформация елдің жаңа даму моделінің бірін-бірі толықтыратын элементтеріне айналуда. Бір жағынан, Қазақстан заманауи цифрлық инфрақұрылым құрып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып жатыр, ал екінші жағынан, энергетикалық құрылымын біртіндеп әртараптандыруда, – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum өтіп жатыр. Форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, талдау орталықтарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.