Есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді.
Қазақстанда азық-түлік арзандады
Фото: iStock
175
оқылды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, апта ішінде пияздың бағасы 4,9%, картоп 4,1%, алма 2,7%, ақ қауданды қырыққабат 2,2%, сәбіз 1,9%, қияр 1,5%, қой еті, оның ішінде сүйексіз ет 0,6%, қызанақ 0,4% арзандады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Есепті аптада бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының, қаймақтың, сары майдың және тұздың бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қарағандыда – 0,7%-ға, Көкшетау мен Өскеменде – 0,5%-ға, Қонаевта – 0,4%-ға, Жезқазған мен Талдықорғанда   0,3%-ға төмендеді.
Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы 1 келісіне 188 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Түркістан қаласында 135 теңге деңгейінде тіркелді.
Картоптың республика бойынша орташа бағасы 1 келісі 248 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Павлодарда – 180 теңге, Түркістанда  218 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ел бойынша алманың орташа бағасы 1 келісі 776 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкент қаласында  639 теңге деңгейінде тіркелді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.