Белгілі әнші, продюсер Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнап «Солған гүл» атты ән шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол туындыны қоғамда зорлық-зомбылыққа қатысты ауыр оқиғалар жиілеген тұста елге арнаған жұбанышы ретінде түсіндірді.
М.Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жазбаны біреудің қайғысы мен өлімін хайпқа айналдыру мақсатында жасамағанын атап өтті.
«Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба?», – деп жазды ол.
Әннің сөзін де, әуенін де Ерболат Қарақойшы жазған. Туындыны Мөлдір Мұқанова орындады.
«Солған гүл» әніне түсірілген видеода тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенова мен Мадина Рашидованың, сондай-ақ алып қашудың құрбаны Нұрай Серікбайдың бейнелері көрсетілген.
Ән мәтінінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің тағдыры суреттеледі.
«Қиянат көрдің бе қабырғаңнан,
Мезгілсіз сөндің бе жаңылғаннан,
«Жаным» деп жүргендер жаныңды алған», – деген жолдар кездеседі.
