Көктемнің әр күні жылға азық. Қазір диқан қауымы шаруаға кіріскен шақ. Олар үшін бұл сәттер сын сағаты. Жауапты науқанда уақыттан қымбат ешнәрсе жоқ. Сондықтан олар әрбір уақытты тиімді пайдалануға әрекет жасайды. Диқандардың ең басты мәселесі агротехникалық талаптарға сай көктемгі егісті дер кезінде қолға алып, мол астық алу үшін әрекет жасап қалуы тиіс. Ал мол өнімге ауа райының қолайлы болуына, одан соң тұқым, дәрі, қажетті техниканың да әсері мол. Екінші реттегі материалдық жағдай дәл қазір шаруаларға ауадай қат болып тұр.
Өз кезегінде бұл мәселеде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы көмекке келеді. «ҚазАгро» холдингі компаниялары тобының құрамына кіретін осынау акционерлік қоғам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді қарыздармен қаржыландыратыны белгілі. Бүгінгі таңда корпорацияның тікелей басшылығымен еліміздің барлық облысындағы 17 филиал мен өкілдіктерінде шаруаларға жеңілдетілген бағытта несие беру жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді.
Біз «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың Шымкент қаласындағы филиалы директорының орынбасары Ақылжан Сарыбайдан көктемгі егіс жұмыстарына орай шаруаларға қандай көмек беріліп жатқаны жөнінде сұрағанбыз. «Ауыл шаруашылығына бейімделген өңірде шаруалар осынау корпорация көмегіне көптеп жүгінеді. Жерден несібесін тапқан диқандар мен атакәсібі саналатын мал шаруашылығын кәсіп еткен жандар үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бұл қолдау қаржы көптеген шаруаның еңсесін тіктеп, аяқтан тұруына себепкер болып келеді. Өткен жылы 80 445 гектар суармалы жерге егін салу үшін 105 шаруа қожалығын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз еттік. Оның 4 407-і мақта егу үшін қаржыландырылды. Біз шаруалармен тікелей және несие серіктестігі мен екінші деңгейлі банк арқылы да жұмыс жүргіземіз. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аналық басты көбейту үшін былтыр шаруалар 3 500-ге жуық мал алып келді. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс жүріп жатқанын айтып өткім келеді. Осы бағытта малға, жылқыға, жылыжайға, құс өсіруге, балық шаруашылығына жалпы кез келген шаруаға көмек қолын созуға болады. Биыл өңірде мал және түйе шаруашылығына ерекше ден қойып жатқандар көп. Себебі шаруалар кәсіптің осы түрінен мол пайда түсетінін білді. Сонымен қатар «Мырзакент мақта өңдеу» зауыты бізден жыл сайын несие алып, қарамағындағы шаруаларға бөліп береді. Диқандар алған қаржысын егіске қажетті заттарға жұмсап, күзде зауытпен шикізат күйінше есептеседі. Шикізат зауытта толық өңделіп, сатылған соң бізбен 1 қарашаға дейін есептеседі. Бұл кепілге қоятын дүниесі жоқ майда шаруалар үшін өте тиімді», – дейді Ақылжан Бауыржанұлы.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың Шымкент қаласындағы филиалы тарапынан бүгінгі таңда көктемгі егіс жұмыстары үшін қаржы бөлу басталған. Директор орынбасары мақталы өңір шаруаларына берілетін несие бойынша құжаттардың мақұлданып қойғанын, диқандар осынау қаржыға наурыз айының соңында қол жеткізіп қалатынын жеткізді.
Иә, Түркістан облысындағы мақталы өңір шаруаларының несие корпорациясына айтар алғысы шексіз.
Мақтаарал ауданындағы «Мырзакент мақта өңдеу» корпорациясы ЖШС-нің құрамына кіретін 350 шаруа қожалық 3 жылдан бері аграрлық несие корпорациясының қызметін пайдаланып келеді. Өндіріс қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта зауыты еліміздегі инновациялық технологиялармен құрылған мақта өңдейтін ең үлкен кәсіпорын. 120 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны осы аймақтағы мақта шаруашылығымен айналысатын шаруалардың өнімін қабылдап, оны терең өңдейді. Сондықтан мақташылар ала жаздай еткен еңбегінің ақысын дер кезінде пұлдай алады. Одан бөлек, аграрлық несие корпорациясы арқылы шаруаларға жеңілдетілген пайызбен несие алып беруге көмектеседі.
2017 жылдан бері «Аграрлық несие корпорациясымен» жұмыс істеп келе жатқанын атап өткен «Мырзакент мақта өңдеу» зауытының директоры Ермахан Жабуов бүгінде 8 000 гектар жерге егін егу үшін Жетісай, Мақтаарал және Шардара ауданының 350 шаруа қожалығы жылдық сыйақы мөлшері 4,5 пайызбен несие алып жатқанын жеткізді. «Бұл үшін зауыт техникаларын кепілдікке қойып, біз шаруалардың несие алуына кепіл боламыз, құжаттандыру жұмыстарын үйлестіреміз. Ал ерте көктемнен қаржыға қол жеткізген шаруалар ақшаны күзде жерден алған өнім арқылы есептеседі. Яғни, ақшалай емес, мақтамен айырбас жасайды. Келісімшарт бойынша мақта сол уақыттағы нарық бағасымен қабылданады. Қарызға алған ақшасы бойынша есептесіп болған соң қалған өнімінің ақшасын қайтарамыз. Шаруалар үшін өте тиімді болып тұрған бұл қарыз ақшаға тапсырыс берушілер жылдан-жылға көбейіп жатыр. Корпорацияға жыл сайын 1 млрд теңге көлемінде тапсырыс береміз. Биыл да осынша қаржы үшін толық құжат өткіздік, диқандар ақшаны күтіп отыр», – дейді Ермахан Молдабекұлы.
Ал иелігінде 30 гектар жері бар «Сыдықов» шаруа қожалығының төрағасы Әбжаппар Сыдықов есейіп еңбекке араласа бастағалы мақта шаруашылығын кәсіп еткенін, ағайын-туысы, отбасымен осында жұмыла жұмыс істейтінін айтады. «Мырзакент мақта өңдеу» зауыты арқылы аграрлық несие корпорациясынан жыл сайын өте тиімді шартпен несие алып жүрміз. Күз айларының соңында суғарып қойған жердің қазір палын жығып, жерді тырмалап бабына келтіріп қойдық. Енді қарызға алатын ақша қолымызға тисе сәуір айында егу жұмыстарын бастаймыз. Бұл қаржы шаруаларға көп көмегін тигізеді», – дейді шаруа. 4 гектар жеріне егін салатын мақтааралдық Жүсіп Мұратов жеңілдетілген несиенің шаруалардың ұрық және химикаттар алуына, агротехникасы сынды басқа да қажетті заттарына қолдауы көп екенін жеткізді. Былтыр аграрлық несие корпорациясы арқылы қол жетекізген қаржының нәтижесіне гектарына 36 центнерден өнім алдым. Бұл – үлкен жетістік», – дейді Ж.Мұратов.
Міне, осылайша шаруалар әне-міне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені күтіп отыр. Айта кетейік, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ биыл Қазақстанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен кредиттеу үшін 70 млрд теңге бөліп отыр. Яғни, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаржы былтырғыдан 10 млрд теңгеге артық.
Сонымен қатар аграрлық несие корпорациясы жыл соңына дейін 3 млн га егіс ауданын қамту үшін 2,4 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне кредит қаражатын беруді жоспарлап отырғанын атап өтейік.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы