Шаруаға әр сәт қымбат
Шаруаға әр сәт қымбат
170
оқылды
Көктемнің әр күні жылға азық. Қазір диқан қауымы шаруаға кіріскен шақ. Олар үшін бұл сәттер сын сағаты. Жауапты науқанда уақыттан қымбат ешнәрсе жоқ. Сондықтан олар әрбір уақытты тиімді пайдалануға әрекет жасайды. Диқандардың ең басты мәселесі агротехникалық талаптарға сай көктемгі егісті дер кезінде қолға алып, мол астық алу үшін әрекет жасап қалуы тиіс. Ал мол өнімге ауа райының қолайлы болуына, одан соң тұқым, дәрі, қажетті техниканың да әсері мол. Екінші реттегі материалдық жағдай дәл қазір шаруаларға ауадай қат болып тұр. Өз кезегінде бұл мәселеде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы көмекке келеді. «ҚазАгро» холдингі ком­паниялары тобының құрамына кіретін осынау акционерлік қоғам ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілерін қолжетімді қарыз­дармен қаржыланды­ратыны бел­гілі. Бүгінгі таңда корпо­ра­цияның тікелей басшылығымен еліміздің барлық облысындағы 17 филиал мен өкілдіктерінде ша­руаларға жеңілдетілген бағытта несие беру жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Біз «Аграрлық несие корпо­ра­циясы» АҚ-тың Шымкент қала­сындағы филиалы директорының орынбасары Ақылжан Сары­байдан көктемгі егіс жұмыстарына орай шаруаларға қандай көмек беріліп жатқаны жөнінде сұ­рағанбыз. «Ауыл шаруашылығына бейімделген өңірде шаруалар осынау корпорация көмегіне көп­теп жүгінеді. Жерден несібесін тапқан диқандар мен атакәсібі саналатын мал шаруашылығын кәсіп еткен жандар үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бұл қолдау қаржы көптеген шаруаның еңсесін тіктеп, аяқтан тұруына себепкер болып келеді. Өткен жылы 80 445 гектар суар­малы жерге егін салу үшін 105 шаруа қожалығын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз еттік. Оның 4 407-і мақта егу үшін қар­жыландырылды. Біз шаруалармен тікелей және несие серіктестігі мен екінші деңгейлі банк арқылы да жұмыс жүргіземіз. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аналық басты көбейту үшін былтыр шаруалар 3 500-ге жуық мал алып келді. Сонымен қатар «Қара­па­йым заттар экономикасы» бағ­дарламасы аясында қарқынды жұмыс жүріп жатқанын айтып өткім келеді. Осы бағытта малға, жылқыға, жылыжайға, құс өсі­руге, балық шаруашылығына жал­пы кез келген шаруаға көмек қолын созуға болады. Биыл өңір­де мал және түйе шаруашылығына ерекше ден қойып жатқандар көп. Себебі шаруалар кәсіптің осы түрінен мол пайда түсетінін білді. Сонымен қатар «Мыр­за­кент мақта өңдеу» зауыты бізден жыл сайын несие алып, қара­мағындағы шаруаларға бөліп береді. Диқан­дар алған қар­жысын егіске қа­жетті заттарға жұмсап, күзде за­уытпен шикізат күйінше есеп­теседі. Шикізат зауытта толық өң­деліп, сатылған соң бізбен 1 қа­рашаға дейін есептеседі. Бұл кепілге қоятын дүниесі жоқ майда шаруалар үшін өте тиімді», – дейді Ақыл­жан Бауыржанұлы. «Аграрлық несие корпо­ра­ция­сы» АҚ-тың Шымкент қала­сындағы филиалы тарапынан бү­гінгі таңда көктемгі егіс жұмыс­тары үшін қаржы бөлу басталған. Директор орынбасары мақталы өңір шаруаларына берілетін несие бойынша құжаттардың мақұлданып қойғанын, диқандар осынау қаржыға наурыз айының соңында қол жеткізіп қалатынын жеткізді. Иә, Түркістан облысындағы мақталы өңір шаруаларының несие корпорациясына айтар алғысы шексіз. Мақтаарал ауданындағы «Мыр­закент мақта өңдеу» кор­порациясы ЖШС-нің құрамына кіретін 350 шаруа қожалық 3 жылдан бері аграрлық несие кор­порациясының қызметін пай­даланып келеді. Өндіріс қуат­тылығы 60 мың тоннаны құрай­тын мақта зауыты еліміздегі инновациялық технологиялармен құрылған мақта өңдейтін ең үл­кен кәсіпорын. 120 адамды жұ­мыс­пен қамтып отырған өндіріс орны осы аймақтағы мақта шаруашылығымен айналысатын шаруалардың өнімін қабылдап, оны терең өңдейді. Сондықтан мақташылар ала жаздай еткен еңбегінің ақысын дер кезінде пұлдай алады. Одан бөлек, аграр­лық несие корпорациясы арқылы шаруаларға жеңілдетілген пайыз­бен несие алып беруге көмек­теседі. 2017 жылдан бері «Аграрлық несие корпорациясымен» жұмыс істеп келе жатқанын атап өткен «Мырзакент мақта өңдеу» зауы­ты­ның директоры Ермахан Жа­буов бүгінде 8 000 гектар жерге егін егу үшін Жетісай, Мақтаарал және Шардара ауданының 350 шаруа қожалығы жылдық сыйақы мөлшері 4,5 пайызбен несие алып жатқанын жеткізді. «Бұл үшін зауыт техникаларын кепілдікке қойып, біз шаруалардың несие алуына кепіл боламыз, құжат­тан­дыру жұмыстарын үйлестіреміз. Ал ерте көктемнен қаржыға қол жеткізген шаруалар ақшаны күзде жерден алған өнім арқылы есеп­теседі. Яғни, ақшалай емес, мақтамен айырбас жасайды. Келісімшарт бойынша мақта сол уақыттағы нарық бағасымен қабылданады. Қарызға алған ақшасы бойынша есептесіп болған соң қалған өнімінің ақшасын қайтарамыз. Шаруалар үшін өте тиімді болып тұрған бұл қарыз ақшаға тапсырыс беру­шілер жылдан-жылға көбейіп жатыр. Корпорацияға жыл сайын 1 млрд теңге көлемінде тапсырыс береміз. Биыл да осынша қаржы үшін толық құжат өткіздік, ди­қандар ақшаны күтіп отыр», – дейді Ермахан Молдабекұлы. Ал иелігінде 30 гектар жері бар «Сыдықов» шаруа қожалығының төрағасы Әбжаппар Сыдықов есейіп еңбекке араласа бастағалы мақта шаруашылығын кәсіп еткенін, ағайын-туысы, отба­сымен осында жұмыла жұмыс істейтінін айтады. «Мырзакент мақта өңдеу» зауыты арқылы аграрлық несие корпорациясынан жыл сайын өте тиімді шартпен несие алып жүрміз. Күз айлары­ның соңында суғарып қойған жердің қазір палын жығып, жерді тырмалап бабына келтіріп қой­дық. Енді қарызға алатын ақша қолымызға тисе сәуір айында егу жұмыстарын бастаймыз. Бұл қаржы шаруаларға көп көмегін тигізеді», – дейді шаруа. 4 гектар жеріне егін салатын мақтааралдық Жүсіп Мұратов жеңілдетілген несиенің шаруалардың ұрық және химикаттар алуына, агро­техникасы сынды басқа да қажетті заттарына қолдауы көп екенін жеткізді. Былтыр аграрлық несие корпорациясы арқылы қол же­текізген қаржының нәтижесіне гектарына 36 центнерден өнім алдым. Бұл – үлкен жетістік», – дейді Ж.Мұратов. Міне, осылайша шаруалар әне-міне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені күтіп отыр. Айта кетейік, «Қаз­Агро» ҰБХ» АҚ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ биыл Қазақ­станда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен кредиттеу үшін 70 млрд теңге бөліп отыр. Яғни, агроөнер­кә­сіптік кешен субъектілерін қол­дау үшін республикалық бюд­жеттен бөлінген қаржы былтыр­ғыдан 10 млрд теңгеге артық. Сонымен қатар аграрлық несие корпорациясы жыл соңына дейін 3 млн га егіс ауданын қамту үшін 2,4 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне кредит қаражатын беруді жоспарлап отырғанын атап өтейік.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы