Құрметті отандастар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуі
132
оқылды

Алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бір­палаталы Құрылтайдың алғашқы сай­лауы өтеді. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға.

Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын бола­шаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конс­титуциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқара­тын жұмыс әлі де көп.

Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қыз­мет ететін тың реформаларға бастау бо­лып, қазіргі Қазақстан жылнама­сын­да­ғы жаңа кезеңге жол ашады.

Мен партиялардың барлығы дайын­дық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ер­терек хабарладым.

Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сай­лау науқаны мазмұнды, ашық, бәсе­ке­ге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел аза­маттарының сайлау туралы пікірі осын­дай болды.

Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартыс­ты науқандардың бірі ретінде есте қала­ты­ны анық. Партиялар сайлаушылармен кез­десу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды.

Бір сөзбен, азаматтарымыз партия­лар­дың ел болашағына қатысты ұстаны­мын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бас­тап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады.

Сайлауалды науқан еліміздегі қо­ғам­дық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет сая­са­ты­ның арқауына айналғанын айқын көр­сетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шық­ты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұл­тымыздың қайта жанданған пассио­нарлық қуатын танытатын маңызды ны­шан.

Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кә­сіби қауымдастық өкілдері мен кә­сіп­керлер де белсенді қатысты. Мемлекет бас­шысы ретінде баршаңызға зор риза­шылығымды білдіремін.

Жалпы, халқымыздың саяси мә­де­ниеті артып, жұртымыз мемлекеттік бас­қару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың ті­ке­лей нәтижесі екені сөзсіз.

Азаматтарымыз қастерлі Отаны­мыз­дың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты еке­нін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қа­зақстан одан әрі қарыштап дамиды.

Сайлау науқаны отандық және ха­лық­аралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учас­келерде болады.

Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстем­дік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиім­ді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қо­ры­тындысы бойынша Құрылтайға кә­сі­би мамандар мен отаншыл азаматтар сай­ланады деп кәміл сенемін.

Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт ке­лешегі жолындағы ұмтылыстар тоғы­сатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.

Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһан­дық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақ­стан­ды әлемдегі нағыз озық мемле­кет­тер­дің қатарына қосу үшін ауқымды жұ­мыс ат­қа­руымыз керек, яғни ұлттық ст­рате­гия­мызды табысты жүзеге асыруы­мыз қажет.

Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құнды­лығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.

Біз Қазақстан тарихындағы жаңа ке­зеңге қадам басамыз. Осындай тағ­дыр­шеш­ті сәтте әр адамның дауысы маңыз­ды екені сөзсіз.

Құрметті отандастар, еліміздің келе­ше­гі әр азаматтың саналы таңдауына бай­ланысты болмақ. Сайлауға қатысу де­геніміз – халықтың өз ықтиярын біл­діру, ел тағдырына бей-жай қарамай, аза­маттық жауапкершілік таныту, ел игі­лігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дү­ние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе жастарды сайлауға келіп, өз таң­дауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын.

Халқымыздың дауысы қастерлі Ота­нымыздың тұғырын бекемдеуге, нағыз озық ел болуымызға тікелей ықпал етері анық.

Баршаңызға амандық және табыс ті­леймін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!