Кейінгі жылдары Сыр өңірін газдандыру жұмыстары қызу қарқын алды. Соның нәтижесінде бұған дейін көмір мен отынға тәуелді болған елді мекендер біртіндеп табиғи газға қосылып, тұрғындардың тұрмысы жеңілдей бастады. Дегенмен аймақтағы шалғай ауылдардың ахуалы атқарылар жұмыстардың әлі де ауқымды екенін аңғартады.
Газдандыру көрсеткіші көңілден шықты
118
оқылды

Ресми мәліметке сүйенсек, қа­зір өңір халқының 83 пайызы көгілдір отынға қол жеткізіп үл­герді. Ең алдымен, табиғи газдың келуі түрғындарды көмір жағу ма­шақатынан босатты. Ендігі кезекте өңірді газдандыру межесін 85 пайызға жеткізу міндеті тұр. 

Бір қарағанда 83 пайыздық көрсеткіш көңілге медеу болар­лық. Дей тұрғанмен мәселені екінші қырынан алып қарасақ, облыстағы 222 елді мекеннің әзір­ге 57-сі ғана газдандырылып тұр. Жалпы, Қызылорда облысын газдандыру еліміздің 2030 жыл­дарға арналған бас схемасы мен өңір елді мекендерін газдан­дыру­дың егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бүгінде об­лыстағы 4 қала мен 57 елді мекен табиғи газға қосылған. Жоғарыда айтып өткен 83 пайыздық нәти­женің негізгі көрсеткіші – осы.

– 2026 жылы 14 жобаға 4,7 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін тағы 9 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланған. Соны­мен қатар республикалық бюд­жеттен қаржыландыруға жаңа жобалар ұсынылуда. Алдағы жыл­дары Жаңақорған ауданындағы 6 елді мекенді QazaqGaz Aimaq инвестициялық бағдарламасы аясында газдандыру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар кезеңі­мен жүзеге асырылады, – дейді Қызылорда облысының энер­гетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқар­масының бөлім басшысы Ислам Бектұрғанов.

Бұл көрсеткіштің өзі кейінгі жылдардағы жұмыстың ауқымын аңғартады. Нәтижесінде, аймақ­тағы көптеген елді мекен тұрғын­дары табиғи газ тұтыну мүмкін­дігіне ие болды. Басқарманың де­ре­гіне сәйкес, 2026 жылы газ­дандыру бойынша іске асыру жос­парланған 14 жобаның екеуі – өтпелі, 12-сі жаңа жоба са­на­лады. Соның бірі – жыл басынан бері Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылы табиғи газдың игілігін көре бастады. Игілікті іске бюджеттен 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл – ауыл халқы үшін де, инженерлік инфра­құрылымды жаңғырту тұр­ғысынан да маңызды қадам десек, қа­телес­пейміз.

Басқарма тарапынан жыл соңына дейін тағы тоғыз елді мекенді газдандыру жоспарланып отырғанын айтып өттік. Оның ішінде Арал ауданындағы Қамыстыбас, Қазалы ауданындағы Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Түктібаев, Майдакөл, Қармақшы ауданындағы Төребай би мен Иіркөл, Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл мен Шіркейлі ауыл­дары табиғи газға қосылмақ. Осы жұмыстар талапқа сай жүргізілсе, халықты газбен қамту деңгейі 85 пайызға дейін көтеріледі деген жоспар бар.

Жалпы газдандырудың алғаш­қы кезеңінде ірі елді мекендер мен аудан орталықтарына басымдық берілуі заңдылық. Себебі мұнда халық саны көп, яғни бір жоба арқылы мыңдаған тұрғынды қамтуға болады. Келесі кезекте шалғайдағы шағын елді мекендерді газға қосу міндеті тұр. Сондықтан газдандырудың кезекті этапында осы бағытты қамту көзделіп отыр. Әсіресе Арал, Қазалы, Қармақшы секілді аумағы кең, елді мекендері бір-бірінен шалғай аудандар үшін бұл мәселенің маңызы зор.

Негізінен, жоспар кезең-кезеңімен белгіленген. Атап айтқанда, 2026-2027 жылдары Қожакент, 2027-2028 жылдары Ақжол, Ақсуат және Өзгент, ал 2029-2030 жылдары Әбдіғаппар мен Жаңарық ауылдарын газдан­дыру көзделіп отыр. Қазір Қожа­кентте көгілдір отынға қосу жұ­мыс­тары басталған. Егер бұл жос­пар толық орындалса, бір ғана Жаңақорған ауданындағы бірнеше ауылдың инженерлік инфра­құрылымы жаңа деңгейге көте­ріледі деген сөз.

Тағы бір айта кететін жайт, Қы­зылорда облысында газдандыруды одан әрі кеңейту бағытында 2035 жылға дейінгі жаңа жоспар әзір­леніп жатыр екен. Облыстық энер­гетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқар­масының мәліметінше, бұл құ­жатқа 107 елді мекенді көгілдір отын­ға қосу жөніндегі ұсыныс ен­гізілген. Бұл ұзақмерзімді ме­жеде газдандырылатын елді ме­кен­дер саны 166-ға жуықтамақ.

Алайда бұл көрсеткіштің өзі облыстағы барлық ауылды қам­тымайды. Мамандардың айтуын­ша, қалған 56 елді мекеннің басым бөлігі шалғай орналасқан немесе халық тығыздығы төмен аумақ­тарға жатады. Сондықтан оларды газдандыру екінші кезеңге қал­дырылып отыр. Бұл ауылдар бойынша ұсыныстар болғанымен, әзірге нақты қаржыландыру тетігі айқындалмаған.

«Қазір Энергетика министр­лігімен Жол картасы әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға дейін республика бойынша газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Осыған байланысты облыс тарапынан Жол картасына нақты ұсыныстар беріліп отыр. Онда 2035 жылға дейін 107 елді мекенді газға қосу мәселесі қамтылған. Осы орайда облыс аумағындағы қалған 56 елді мекен шалғай орналасқан немесе тұрғындар аз шоғырланған аумақ саналады. Мұндай ауылдарды екінші кезең бойынша газдандыру көзделуде. Бұл бағытта да ұсыныс берілді. Бірақ әзірге нақты жоспар жоқ. Өйткені бәрі қаржыландыру тетіктеріне қарай реттеледі. Тағы бір айта кететін мәселе, егер өңірде АГРС (автоматты газ реттеу станциясы) көптеп салынса, газ­дандыру жұмыстарының да ауқы­мы кеңейеді. Яғни АГРС төңіре­гіндегі елді мекендерді газ­­­дан­­­дыруға мүмкіндік артады. Қа­­­зір­гі уақытта Тартоғайда, Қа­залы ауданындағы Ақсуатта және Жаңақорған ауданындағы Бес­арықта АГРС жұмыс істеп тұр», – дейді бұл жайында бөлім бас­шысы Ислам Аймұрзаұлы.

Қорыта айтқанда, Қызылорда облысының газдандыру картасын алдағы жылдары елеулі өзгерістер күтіп тұр.  Сондықтан 2035 жылға дейінгі меже тек газға қосылатын елді мекендердің санымен шек­телмей, шалғайдағы тұрғындардың да көгілдір отынға қол жеткізу мүмкіндігімен өлшенуге тиіс. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы