Мамандар мұндай контенттің мақсаты дауыс беру рәсіміне қатысты бұрмаланған түсінік қалыптастыру екенін ескертті.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы дауыс беру қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады
161
оқылды

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы қазақстандықтарды «Тыныштық күні» және дауыс беру күні әлеуметтік желілерде таралуы мүмкін жалған, манипуляциялық әрі арандатушылық ақпаратқа сақтықпен қарауға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Мамандар мұндай контенттің мақсаты дауыс беру рәсіміне қатысты бұрмаланған түсінік қалыптастыру екенін ескертті.

Орталықтың мәліметінше, сайлау күндері мұндай ақпараттық арандатулар әлемнің көптеген елінде тұрақты түрде тіркеледі. Әдетте жалған жарияланымдарда бұрын түсірілген фотосуреттер мен бейнематериалдар, басқа елдердегі оқиғаларға қатысты кадрлар, түсірілген уақыты мен орны көрсетілмеген бейнеүзінділер және анонимді аккаунттар таратқан ақпараттар пайдаланылады.

Сондай-ақ заманауи технологиялар, соның ішінде монтаж және жасанды интеллект құралдары жалған контент жасауды жеңілдетіп отыр. Мұндай материалдарда қоғамға танымал тұлғалар мен саясаткерлердің бейнесі немесе дауысы қолданылуы мүмкін.

Орталық қазақстандықтарға ақпараттың бастапқы дереккөзін тексеріп, ресми ресурстарға ғана сүйенуге және расталмаған хабарламаларды таратпауға кеңес берді.

«Ақпаратқа мұқият әрі жауапкершілікпен қарау сайлау күні сабырлы әрі өзара құрметке негізделген ахуалды сақтауға ықпал етеді», – делінген үндеуде.