Өңір бойынша сайлаушылардың бірыңғай тізіміне жалпы саны 428 127 азамат енгізілген.
Атырау облысында 278 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады
Фото: iStock
141
оқылды

Бүгін, 23 тамызда, Атырау облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына байланысты барлық 278 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. 

Сайлау науқанын ұйымдастыру және оның заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыста 9 аумақтық және 278 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Сайлау процесіне барлығы 2101 комиссия мүшесі тартылған. Олар дауыс беру рәсімінің талапқа сай жүргізілуін қамтамасыз етіп, сайлаушыларға қажетті ақпарат пен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, дауыс беру облыс аумағындағы барлық 278 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған. Сайлау учаскелерінде азаматтардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасалып, дауыс беру процесінің ашықтығы мен ұйымдасқан түрде өтуіне ерекше назар аударылуда.

Сайлаушыларға қажетті ақпаратты жедел жеткізу үшін өңірде 10 call-орталық жұмыс істеп тұр. Тұрғындар аталған орталықтарға хабарласып, дауыс беру тәртібі, сайлау учаскелерінің орналасқан жері және сайлауға қатысты өзге де мәселелер бойынша ақпарат ала алады.
Сонымен қатар, азаматтарға ыңғайлы болу үшін Telegram-бот іске қосылған. Оның көмегімен сайлаушылар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін анықтап, дауыс беру тәртібі және сайлау процесіне қатысты басқа да қажетті мәліметтермен таныса алады.

Атырау облысының тұрғындары үшін сайлауға қатысу — өз азаматтық ұстанымын білдіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласудың маңызды мүмкіндігі. Осыған байланысты сайлаушыларды дауыс беру тәртібімен алдын ала танысып, өздеріне тиесілі сайлау учаскесіне барып, азаматтық белсенділік танытуға шақырылады.
Өңірдегі сайлау учаскелерінің жұмысы белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылып, дауыс беру процесі сайлау заңнамасының талаптары негізінде жүргізілуде. Сайлау комиссиялары азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және дауыс беру рәсімінің тиісті деңгейде өтуі үшін қажетті жұмыстарды атқарып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.