Қосшы қаласында Ілиясовтар отбасының бірнеше буын өкілі «Ұрпақтар бірге» акциясы аясында сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс берді. Бір әулеттің бірнеше ұрпағының бір күнде бас қосуы олар үшін сайлауға қатысумен қатар, отбасылық дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын көрсететін ерекше сәтке айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қарлығаш апа үшін отбасының берекесі мен ұрпақтар арасындағы байланыс әрдайым бірінші орында.
– Біздің отбасымыз үшін үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болу өте маңызды. Маңызды күндері бірге болуға тырысамыз. Сондықтан бүгін бірнеше буын болып сайлау учаскесіне келдік. Бұл – отбасылық дәстүрлерімізді жалғастырудың тағы бір мүмкіндігі, – дейді Қарлығаш Ілиясова.
Бүгін Ақмола облысының қалалары мен аудандарындағы сайлау учаскелерінде ұйымдастырылып жатқан «Ұрпақтар бірге» акциясы дәл осындай отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Ілиясовтар үшін бұл акцияға қатысу – бірнеше ұрпақты біріктіріп жүрген дәстүрлердің заңды жалғасы. Әулетте үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу және маңызды күндерді бірге өткізуге ерекше мән беріледі. Бұл ұстаным отбасы тәрбиесінен де айқын көрінеді.
Ілиясовтардың немерелері мен шөберелері де жан-жақты дамуға ұмтылады. Олар білімге, спортқа және шығармашылыққа қызығып, түрлі олимпиадаларға қатысады. Бірі футбол мен жүзуге әуес болса, енді бірі сурет салып, кітап оқуды ұнатады.
Әулетте бір дастарқан басына жиналу, үлкендердің батасын алу, кітап оқу, табиғатты қорғау және қонақ күту сияқты дәстүрлер де берік сақталған.
Қарлығаш Ілиясова жасы 85-ке келсе де, белсенді өмір салтын ұстанады. Ол жаңа дүниелерді үйренуден жалықпайды. Мәселен, YouTube желісіндегі бейнесабақтар арқылы тігін тігуді меңгеріп, жақындарына көрпе, жастық және басқа да бұйымдар жасап жүр. Сонымен қатар қазақ тіліндегі сөзжұмбақтарды шешуді де жақсы көреді.
Отбасындағы еңбекқорлық пен жауапкершілік кәсіби өмірден де көрініс табады. Қарлығаш Ілиясованың келіні Сұлуай көп жылдан бері педагог болып еңбек етіп келеді. Оның еңбегі 2025 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен атап өтілген.
Ильясовтар әулеті өз тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуге де ерекше мән береді. Қарлығаш Ильясованың 85 жылдығына орай қызы Бағила Саламатқызы бірнеше буынның отбасылық естеліктері мен тарихын жинақтап, «Өмір жолындағы отбасылық естеліктер» атты кітап дайындаған.
Бұл кітап – бір әулеттің өткенін бүгінгі ұрпақпен жалғап тұрған рухани көпір іспетті.
Бүгінгі сайлау күні Ілиясовтар отбасы тағы бір маңызды сәтті бірге өткізді. Бірнеше буынның бір учаскеге қатар келіп, өз таңдауын жасауы – олардың отбасы үшін жай ғана дауыс беру емес.
Бұл – үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасылық дәстүр және ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі.
Қарлығаш апаның әулеті үшін ең басты құндылық – бірге болу. Ал бүгінгі күн сол дәстүрдің тағы бір жарқын мысалына айналды.
Бір әулетте бірнеше ұрпақ. Бір шаңырақтың ортақ құндылықтары. Ілиясовтар отбасының сайлаудағы таңдауы да ұрпақтар сабақтастығымен сабақтасты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
