Бұл сұрақты Мемлекет басшысына «Власть» тілшісі Тамара Вааль қойды.
«Бәлкім, келесі жылы нақты жауап беремін»: Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылғы сайлау туралы айтты
125
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылғы президент сайлауына қатысу-қатыспау туралы нақты шешімін әзірге айтқан жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесіне барып, дауыс бергеннен кейін тілшілердің сұрағына жауап берді. Сонда Президент Конституциялық соттың шешіміне сәйкес, заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар екенін атап өтті. Мемлекет басшысына «Власть» тілшісі Тамара Вааль сұрақ қойды.

«Власть» тілшісі Тамара Вааль: «Қасым-Жомарт Кемелұлы, жуырда Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәйкес, Сіздің Мемлекет басшысы ретінде Президент лауазымына қайта сайлануға құқығыңыз бар екен. Бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе?»,-деп сұрақ қойды. 

Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін,-деп жауап берді.