Қазақстанға халықаралық байқаушы ретінде келген Беларусь Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко дауыс берудің ұйымдастырылуына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Игорь Карпенконың пікірінше, елдегі саяси және сайлау жүйесіндегі өзгерістерге ең алдымен Қазақстан халқының өзі баға беруі керек.
«Қалай болғанда да, реформаларға халық баға береді деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан бұл реформаларды өз мемлекеті мен қоғамының мүддесі жолында жүргізіп жатыр», – деді ол.

Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұған дейін де Қазақстандағы маңызды саяси науқандар мен республикалық референдумдарды бақылағанын еске салды. Бұл жолғы сапары оған елдің жаңа заң шығарушы органы қалай құрылып жатқанын іс жүзінде бақылауға мүмкіндік берді.
Халықаралық байқаушыға ерекше әсер еткен жайттың бірі – Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жүргізген ауқымды дайындық жұмыстары. Оның айтуынша, сайлауды ұйымдастырушыларды оқытуға және азаматтарды ақпараттандыруға айрықша көңіл бөлінген.
«Сайлау барысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізген», – деп мәлімдеді Игорь Карпенко.
Ол сайлаушыларға дауыс берудің қайда және қалай өтетіні, сондай-ақ сайлауға қандай саяси партиялардың қатысатыны алдын ала түсіндірілгенін айтты. Беларусь өкілі жергілікті жерлердегі комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына да ерекше тоқталды.

Игорь Карпенконың айтуынша, халықаралық байқау сайлаудың ұйымдастырылу деңгейін бағалауға ғана емес, өзге елдерге пайдалы болуы мүмкін тәжірибелермен танысуға да мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Беларусь делегациясының назарын сайлау учаскелеріндегі волонтерлердің жұмысы аудартқан.
«Сайлау учаскелеріндегі еріктілер жұмысының тәжірибесі өте қызықты болып отыр. Өйткені мұндай тәжірибе біздің елде де бар. Бүгінде біз «электоралдық волонтер» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіту міндетін қойдық», – деді ол.
Сөз соңында Беларусь Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қазақстанға өркендеу тілеп, сайлау елдің одан әрі дамуына, тұрақтылықтың нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал ететініне сенім білдірді.
