Көкшетауда 100 жастағы Евдокия Беккер сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Жасына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен баруы қиын болғандықтан, учаскелік комиссия мүшелері арнайы оның үйіне барып, дауыс беруді жылжымалы жәшік арқылы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Осылайша, 100 жастағы көкшетаулық үшін сайлауға қатысу – жай ғана бүгінгі күннің оқиғасы емес, өмір бойы қалыптасқан азаматтық дәстүрінің жалғасы.
Евдокия Беккердің өмір жолы Қазақстанмен тығыз байланысты. Ол кезінде Архангельск облысынан комсомол жолдамасымен Қазақстанға тың игеруге келген. Осы елде бухгалтер мамандығын меңгеріп, еңбек жолын жалғастырған. Кейін Арықбалық ауданынан Көкшетау қаласына қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы Горпромторгта еңбек етіпті. Ең қызығы – Евдокия Александровна ғұмырында бірде-бір сайлауды жібермеген. Бүгін де оның бұл дәстүрі үзілген жоқ.
Комиссия мүшелері дауыс беру тәртібін түсіндіргеннен кейін, Евдокия Александровна сайлаушылар тізіміне қол қойып, бюллетеньді алды. Содан кейін өз таңдауын жасап, бюллетеньді жылжымалы сайлау жәшігіне салды.
– Егер дауыс беруге мүмкіндік болса, оны пайдалану керек деп әрдайым ойлайтынмын. 100 жасқа келсем де, сайлауға қатысқым келеді. Елімізге бейбітшілік, ал жастарға жарқын болашақ тілеймін, – дейді Евдокия Беккер.
Дауыс бергеннен кейін ол комиссия мүшелеріне алғысын айтып, олардың деніне саулық тіледі.
Ғасыр жасаған Евдокия Беккердің сайлауға қатысуы – оның өмір бойы ұстанып келе жатқан азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Жасына қарамастан, ел өміріндегі маңызды оқиғадан шет қалмай, өз таңдауын жасауы – кейінгі ұрпаққа ой салатын өнеге.
Бір ғасырлық ғұмырында талай тарихи кезеңді бастан өткерген кейуананың бүгінгі тілегі де қарапайым: елге бейбітшілік, жастарға жарқын болашақ.
Евдокия Беккер үшін бүгінгі дауыс – бір күндік таңдау емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның жалғасы.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
