Ауқымды медиажоба сайлау барысы туралы жан-жақты ақпарат таратып, қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Тікелей трансляция сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:30-ға дейін жалғасады. 16 сағат бойы көрерменге сайлау процесіне қатысты жедел ақпарат, сараптамалық пікірлер, тікелей қосылымдар, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылады.
Онлайн-марафонның тікелей қосылымында Орталық сайлау комиссиясының үш брифингі өтіп, онда сайлау процесінің барысына қатысты ресми ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар «Социс А» институтымен экзит-пол тікелей қосылым ұйымдастырылды. Ток-шоу алаңында «Этикет гигиенасы немесе сыни ойлау» тақырыбы көтерілді. Кәсіби сарапшылар цифрлық ортадағы жауапкершілік, әлеуметтік желілердегі мәдениет және аудитория алдындағы жауапкершілік мәселелерін талқылады. Стримерлердің әрекетіне заң аясында шара қолданылуы цифрлық кеңістікте де жауапкершілік қағидатының сақталуы маңызды екенін көрсетті.
Марафон аясында физика пәнінің мұғалімі, әлеуметтік желілерде эксперименттерімен танылған жас ғалым Хайдар Мырзахметов сахнада тәжірибелер көрсетіп, ғылымды балаларға қызықты форматта насихаттаудың жолдарын ұсынды.
Шымкент қаласынан бірнеше тікелей қосылым ұйымдастырылып, белсенді тұрғындардың бүгінгі науқанға қатысты пікірлері, жалпы көтеріңкі көңіл күйі көрсетілді. Шаһардың орталық саябағында кимешек киген 60 әже бас қосып, құрақ құрау рәсімін өткізді. Бұл құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына енген. Арнайы қосылымға өнер адамдары да қатысып, ұлттық өнер мен дәстүрдің маңызы туралы пікір-пайымдарын ортаға салды.
Марафон алаңында альпинист, Эверест шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева өз тәжірибесі мен жетістікке жету жолы туралы әңгімеледі.
Орталық коммуникациялар қызметінің брифинг алаңында кезекті ақпараттық кездесу өтіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ресми ақпарат пен сараптамалық пікірлер ұсынылды.
Ток-шоу алаңында «Қарқынды құрылыс» тақырыбы кеңінен талқыланды. Бағдарламада елдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы, экономикаға әсері жан-жақты сөз болды. Жолдар, тұрғын үйлер, стадиондар, вокзалдар мен әуежайлардың құрылыс қарқынына назар аударылды. Көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды.
«Елімізде көлік инфрақұрылымын салу және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Теміржол вокзалдары, жолдар және басқа да нысандар жаңартылып, азаматтар үшін заманауи әрі қолайлы жағдайлар жасалуда. Тек маусым-шілде айларының өзінде 70 жаңартылған вокзал пайдалануға берілді», – деді ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.
Touch Screen интерактивті алаңында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты статистикалық көрсеткіштер мен халықаралық рейтингтер көрермен назарына ұсынылды. Ұлыбританияның Legatum Institute сараптамалық орталығы жыл сайын жариялайтын әл-ауқат индексінде Қазақстан 167 елдің арасынан 66-орынды иеленіп, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Сонымен қатар ұлттық статистикаға сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 159,6 трлн теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 23,4%-ға өскені көрсетілді. Visual Capitalist халықаралық валюталық қордың деректеріне сүйене отырып жасаған рейтингте Қазақстан экономикасы көлемі бойынша 36-орынға көтеріліп, өз көрсеткішін 14 позицияға жақсартқан.
Алматыдағы SKY студиясында «Медицинадағы жасанды интеллект» тақырыбы талқыланды. Almaty Digital Medical Center өкілі Сәбит Пазылов медицина саласында жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндіктері туралы айтып берді. Эфир барысында ЖИ арқылы зертхана жұмыстарын автоматтандыру, пациенттермен тікелей жұмыс істейтін дауыс роботтарын пайдалану және күрделі диагноздарды талдауда жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелері талқыланды.
IT саласының маманы Мақсат Есенов Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту барысы туралы айтып берді. Ол еліміздің цифрлық технологияларды тұтынушы елден оларды әзірлеуші елге қарай бет бұрып келе жатқанын атап өтті.
«2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағытта Қазақстан тұтынушы позициясынан әзірлеуші позициясына өтті. Осының арқасында цифрлық жүйе дамып келеді», – деді Мақсат Есенов.
Марафон барысында «Таза сана» тақырыбы қозғалды. Сарапшылар қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің негізі саналатын таза сананың қоғамдық мәдениеттегі рөліне тоқталды. Тазалыққа деген көзқарас, күнделікті әдеттер және жеке жауапкершіліктің қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпалы талқыланды.
Сағат 12:00-15:00 аралығындағы марафон бағдарламасында сайлау процесін ақпараттық қамтумен қатар, цифрлық мәдениет, ғылым мен білім, инфрақұрылымдық даму, медицинадағы жасанды интеллект, экологиялық жауапкершілік, ұлттық дәстүр мен мәдениет, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық трансформациясы секілді өзекті бағыттар қамтылды.
Жалпыұлттық онлайн-марафон республикалық және аймақтық медиа ресурстардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетіліп жатыр. Шара барысындағы жедел жаңалықтар мен маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram арнасында жарияланып отырады.
