Оның айтуынша, сайлау учаскелерін аралаған Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері олардың техникалық жабдықталуына ерекше назар аударған.
Атап айтқанда, жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне қолжетімділігін қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар қарастырылған. Сондай-ақ азаматтардың дауыс беру құпиясын сақтай отырып, сайлауға қатысуына барлық жағдай жасалған.
Нуру Гулиев сайлау күні жұмыс орнында болатын немесе сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін дауыс беру үдерісінің ұйымдастырылуына да жеке тоқталды. Мобильді топтар алдын ала берілген өтініштерде көрсетілген мекенжайларға барады. Сонымен қатар өндіріс үдерісін тоқтату немесе жұмысшыларды ауыстыру мүмкін емес вахталық қалашықтар мен кәсіпорындарда да сайлау учаскелері ашылған.
«Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бауырлас Қазақстан Республикасының өркендеу мен даму жолында батыл әрі қарқынды қадамдар жасап жатқанын, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынына сенімдімін», – деді Нуру Гулиев.
Түркі мемлекеттері ұйымының өкілі сайлау үдерісінің ұйымдастырылуына жүргізілген байқау нәтижелерін ұйымның оң бағалағанын атап өтті.
«Түркі мемлекеттері ұйымы мен оның Бас хатшылығы атынан аталған шаралардың барлығына оң баға бергенімізді қуана мәлімдеймін», – деді ол.
Осылайша, халықаралық ұйымның өкілі сайлау учаскелерінің ұйымдастырушылық және техникалық дайындығын, сондай-ақ азаматтардың түрлі санаттарына дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды оң бағалады.
