Ақтаудағы сайлау учаскелерінде өз таңдауын белгілі спортшылар мен музыканттар, ұлттық киімдегі садақшылар және Құрылтай есімді Ақтау тұрғыны жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Ал ерекше есімімен көпшіліктің назарын аударған сайлаушы — Құрылтай Хожабаева.
"Мен үшін бұл күн ерекше. Менің есімім — Құрылтай. Сондықтан учаске ашылған кезде алғашқылардың бірі болып келуді шештім. Сайлауға қатысу — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз деп есептеймін", — деді Құрылтай Хожабаева.
Сонымен бірге күн сайын теңіз жағалауында таңғы жаттығу жасайтын келіншектер өз таңдауын жасады. Олар жаттығудан кейін сайлау учаскесіне барған.
"Денсаулыққа қамқорлық жасау мен қоғам өміріне белсенді қатысу — бір-бірімен байланысты құндылықтар. Біз әр таңымызды пайдалы жаттығудан бастаймыз. Бүгін де бұл дәстүрден жаңылмадық. Жаттығудан кейін бірден сайлауға келіп, азаматтық борышымызды орындадық", — деді ақтаулық тұрғындар.
Бүгін Ақтаудағы сайлау учаскелерінде жәрмеңкелер, ұлттық ойындар мен фотозоналар ұйымдастырылды. Ақтаулықтар тақырыптық фоторамкалар алдында суретке түсіп, селфи жасап, кейін дауыс бере алды.
