«Байтақ» партиясының бірқатар өңірлік филиалының басшылары сайлау қорытындысын мойындады
«Байтақ» партиясының өкілдері Exit poll нәтижелерін мойындады
112
оқылды

«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік филиалдарының өкілдері Exit poll қорытындысы бойынша жарияланған Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелеріне пікір білдірді. Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері азаматтардың таңдауын мойындайтынын және саяси жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар олар сайлау нәтижелерін саралап, партияның жұмыс тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті.

«Байтақ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Тұрсынбек Байтеміров Facebook парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде партия сайлаушылардың таңдауына құрметпен қарайтынын және жарияланған алдын ала нәтижелерді қабылдайтынын айтты.

«Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды басшылыққа алып, жұмысымызды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдерге қол жеткізуге күш саламыз, жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз», – деді Байтеміров.

Ол партия жақтастарына алғыс айтып, «Байтақтың» өз жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

Ал партияның Қарағанды облыстық филиалының басшысы Сейфул-Мәлік Қазитов нәтижелерге сыни тұрғыдан баға берді. Оның айтуынша, Exit poll көрсеткіштері партия күткен нәтижеден төмен болған. Соған қарамастан, «Байтақ» сайлаушылардың таңдауын мойындайды және дауыс беру қорытындысын қабылдайды. Қазитов Құрылтайға өткен партияларға азаматтардың сенімін ақтауды тілеп, Құрылтайдағы жұмыс қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті жүктейтінін атап өтті.Сонымен бірге ол партия ішінде талдау жүргізуге шақырды. Оның пікірінше, сайлау науқаны кезінде «Байтақтың» әлеуеті толық пайдаланылмаған және барлық идеяны сайлаушыларға жеткізу мүмкін болмаған. Қазитов партияны басқару жүйесін реформалауды және төрағаны ауыстыруды ұсынды. Сондай-ақ партия мүшелерін «Байтақты» жаңғырту жұмысына қатысуға шақырды.

Партияның Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айман Сексенова да Exit poll нәтижелері «Байтақ» күткен көрсеткіштен төмен болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірдегі сайлау учаскелерінде партия атынан 200-ден астам байқаушы жұмыс істеген. Сексенова сайлаудың әділ өткенін айтып, партия азаматтардың таңдауын қабылдайтынын атап өтті. Ол Құрылтайдан орын алған саяси күштерге нәтижелі жұмыс істеп, сайлаушылардың сенімін ақтауды тіледі. Сонымен қатар Сексенова сайлау нәтижелері партияның ішкі жұмыс тәсілдерін қайта қарауға, сайлауалды бағдарламасын саралауға және оны партияластармен талқылауға негіз болуы тиіс деп есептейді. Ол да «Байтақ» мүшелерін партияны жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Осылайша, «Байтақтың» үш өңірлік филиалының өкілдері партия сайлаудан кейін де саяси қызметін жалғастыратынын мәлімдеді. Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы филиал басшылары партия ішінде өзгерістер жүргізіп, жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажеттігін ашық айтса, Батыс Қазақстан облыстық филиалы экологиялық мәселелер бойынша жұмысты жалғастыру мен алдағы сайлауға дайындыққа басымдық беретінін жеткізді.