Елімізде коронавирус инфекциясы таралуына байланысты төтенше жағдай енгізілгеннен бері журналистерді тұрақты тұрағы жоқ жандардың жайы алаңдатқан.
Өйткені үй-күйі жоқ жандардың қалай күнелтіп жүргені, олардың қай жақты паналауға болатыны үлкен сұрақ болып тұрды. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі журналистер сұрағына тұщымды жауап берді.
Ресми дерек бойынша Алматыдағы Әлеуметтік бейімдеу орталығында қазір тұрақты тұрағы жоқ 152 тұрғын бар. Орталықтың жұмысы штаттық режимде жалғасуда.
Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, аталған мекеме әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік-медициналық қызметтерді толық көлемде әрі үздіксіз көрсетіп келеді. Енгізілген карантинге байланысты қызмет алушылардың орталық аумағынан шығуына шектеу қойылды.
Бүгінде тұрағы жоқ азаматтардан өтініш түспеген. Десе де, барлық жағдай бақылауда. Тұрақты тұрағы жоқ азаматтар үшін Көксай кентінде арнайы ғимарат бөлінді. Белгілі тұрағы жоқ азаматтар бұл жерді карантин біткенге дейін паналай алады.