Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі алғаш рет археологиялық экспедиция жұмысына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
25 сәуір мен 15 тамыз аралығында мамандар Абай облысының Тарбағатай, Аягөз және Абай аудандары аумағында жұмыс жүргізді. Экспедиция құрамына Әскери-тарихи музейдің ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі, археолог ефрейтор Дидар Жармұхаметов кірді. Далалық зерттеу барысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени мұра нысандары құжаттандырылды. Сондай-ақ сақ дәуіріндегі әскери мәдениетке қатысты материалдық жәдігерлер зерделенді.
– Экспедицияға қатысу Қазақстанның әскери тарихын археологиялық ескерткіштер арқылы тікелей зерттеуге жол ашады. Жинақталған материалдар сақ дәуіріндегі әскери мәдениеттің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және оны келешек ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді, – деді ефрейтор Дидар Жармұхаметов.
Экспедиция нәтижелерінің Әскери-тарихи музей қорын толықтыру үшін де маңызы зор. Ғылыми құндылығы бар жәдігерлер тиісті өңдеуден өткізіліп, белгіленген тәртіппен мемлекеттік есепке алынғаннан кейін музей қорына беріледі.
Экспедицияға қатысу Әскери-тарихи музейдің ғылыми-зерттеу бағытын кеңейтті. Ғалымдармен бірлескен жұмыс тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның әскери тарихын одан әрі насихаттауға ықпал етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
