Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.
Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті
184
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың 6 – алтын медаль, 11– күміс, 4 – қола медаль иегерлері.

Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.

– Әрқайсысыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар! – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбек, үздіксіз ізденумен жеңіп алған әр медальдің бағасы қымбат, маңызы зор екенін атап өтті. 

– Сағаттап оқу, айлар бойы дайындық жүргізу, жылдар бойы биік мақсатқа ұмтылу үшін, ең алдымен, қажырлы қайрат пен мықты күш-жігер керек. Ұлы Абай да «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп өсиет айтты. Сіздер әрқайсыңыз көп ұзамай білікті инженер, көрнекті ғалым, мықты маман боласыздар. Жаңа технологияларды ойлап тауып, еліміздің өркендеуіне, әлемнің дамуына ықпал ететін жаңалық ашасыздар. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.