Жарыс ұлдар мен қыздар арасында өтеді.
Шымкентте Қазақстан U14 кубогы өтіп жатыр
Фото: ҚТФ
96
оқылды

Шымкентте 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан кубогы басталды. Командалық біріншілік 24-29 тамыз аралығында өтіп, еліміздің әр өңірінен келген жас теннисшілерді біріктіреді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жарыс ұлдар мен қыздар арасында өтеді. Әр санатта командалар алғашқы кезеңде A, B, C және D деп аталатын төрт топқа бөлінген. Ұлдар мен қыздар арасындағы жарысқа 16 командадан қатысады.

Ұлдар арасындағы топтық кезеңде Астана, Алматы және Шымкент командалары, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының өкілдері бақ сынайды.

Теннис федерациясы мәліметінше, қыздар арасындағы жарысқа да 16 команда қатысады. А тобына Жетісу, Атырау және Жамбыл облыстары мен Шымкент командасы кірді. B тобында Астана-2, Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстары сынға түседі. C тобында Қарағанды және Павлодар облыстары, Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы-1 өнер көрсетеді. D тобында Астана-1, Алматы-2, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары кездеседі.

Алғашқы матчтар 24 тамызда өтеді. Жарыстың алғашқы күнінде ұлдар мен қыздар командалары кортқа шығады. Әр командалық кездесу екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады.

Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар жарыстың басты жүлдесі үшін күресті жалғастырады. Қазақстан U14 кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлері 29 тамызда анықталады.

Қазақстан Кубогы жасөспірімдер теннисінің күнтізбесіндегі маңызды республикалық командалық жарыстардың бірі саналады. Турнир жас спортшыларға өз өңірлерінің намысын қорғап, жарыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.