Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Құрылтай сайлауы – ауқымды өзгерістердің жаңа кезеңі
114
оқылды

Мемлекет басшысы дауыс бер­ген соң бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Президент Құрылтай сайлауы­ның маңызы айрықша екенін атап өтіп, бұл саяси оқиға ауқымды өз­­­герістердің жаңа кезеңіне жол аша­тынын айтты.

– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір­па­латалы Құрылтай сайлауын өт­кізіп отырмыз. Бұл – маңызды та­­­рихи оқиға. Біз біртұтас ел бо­лып, ауқымды реформалар жүр­гі­зіп жатырмыз. Мұны бәріңіз біле­сіз­дер, куә болып отырсыздар. Ой­дағыдай нәтижелерге қол жет­кіз­дік. Дегенмен алдымызда тұрған жұ­мыс ауқымды, мақсатымыз маңыз­ды деп айтуға болады. Бүгін­гі сайлау – осы жұмыстың бастауы ға­на, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Бұдан соң Мемлекет басшысы ал­ғашқы Құрылтай сайлауына жә­не елдегі өзгерістерге қатысты бір­­­­қатар сауалға жауап берді. Алдымен «Хабар» телеарнасының тілшісі Сағыныш Әбікей Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі іске кірі­сіп, Вице-Президент лауазымы та­ғайындалғаннан кейін елде қан­дай өзгерістер болатынын сұрады.

– Жұрттың бәрі Вице-Пре­зи­дент лауазымы туралы сұрап жа­тыр. Расында, бұл – айтулы өзге­ріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды арнайы енгіздік. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмай­мын. Ол белгілі, сіздер жақсы бі­ле­­тін адам болады деп ойлаймын. Та­ғы басқа реформаларды іске асы­рамыз. Мысалы, Қазақстан Ха­лық Кеңесінің жұмысын жан­дандыру қажет. Халық Кеңесі де­геніміз – жаңа орган. Кейбір аза­мат­тар Ассамблея туралы сұрап жа­тыр екен. Халық Кеңесі Ассам­блеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті бола­ты­нына кәміл сенемін. Жалпы, жос­па­рымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үл­кен құрылыс алаңына айналуы ке­рек. Әр облыс орталығында не­месе аудандар мен қалаларда ірі құ­­­рылыстар жүргізіледі. Емха­на­лар, балаларға арналған оңалту ор­талықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерт­теу орталығы секілді маңызды ны­сандар бой көтереді. Қалаларды абат­тандыру керек. «Таза Қазақ­стан» акциясын ойдағыдай жалғас­тыру қажет. Сондықтан қол қусы­рып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біз­­дің Қазақстаннан басқа Ота­ны­мыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси нау­­қан жақсы өтті. Себебі жұрт ал­дына жаңа тұлғалар шықты, ұтым­ды идеялар айтылды. Бұл Құрыл­тай еліміздің дамуына тың серпін бере­ді деп ойлаймын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Бұдан кейін Vlast.kz интернет ба­сылымының тілшісі Тамара Вааль жуырда Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәй­кес, Мемлекет басшысының Пре­зи­дент лауазымына қайта сай­лану­ға құқығыңыз бар екенін, бұл жаңа­­­­­лық қоғамды елең еткізгенін айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев­тан «2029 жылғы Президент сай­лауы­на түсуді жоспарлап отырсыз ба?» деп сұрады. Бұған қоса, «Пре­зидент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүм­кін бе?» деген сауалын айтты.

– Конституциялық сот осындай ше­шім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге жә­не оған қатысатыным немесе қатыс­пай­тыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды мін­дет­терді еңсеруіміз керек. Тұтас Қа­зақстанды үл­кен құрылыс алаңына ай­нал­дырып, ең алдымен, азаматтарға ар­налған әлеуметтік нысандар салуымыз қа­жет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қар­жысын пайдалануға дайынмын. Ха­лық­тың игі­лігіне жарата алмасақ, қаражатты шет­елдерде құн­ды қағаз ретінде ұстап оты­рудың қажеті қан­ша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат хал­қымыздың, азаматтарымыздың игі­­лі­гіне қызмет етуі керек. Әрине әлемдегі жағ­дайға баса назар аударуымыз, жан-жақ­ты тал­дауымыз қажет. Өздеріңіз бі­ле­с­іздер, гео­саяси ахуал күрделі. Бұралаң жол­мен жүргенімізге қара­мастан, ел ішін­де бейбітшілікті сақтап, даму­ға қа­рай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі ха­лық­ара­лық қаржы институттарының ба­ғасы да растады. Алдағы уақытта тағы жо­лығармыз. Бәлкім, ке­лесі жылы... Сол кез­де сізге нақты жауап бере­мін, – деді Президент. 

Өз кезегінде «24kz» телеарнасының тіл­шісі Рауль Ғабитов Құрылтай іске кіріс­кеннен кейінгі өзгерістер жайлы ай­ту­ды сұрады. «Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қан­дай заңдарды қабылдайды? Құрылтай де­путаты қандай қасиетке ие болуы ке­рек? Оның сайлаушылар алдындағы жауап­кершілігі қан­дай?», – деді журна­лист.

– Әлгінде ғана айтқанымдай, алғаш­қы бір­палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үл­кен үміт артамын. Елі­міздің дамуына тың серпін береді деп санай­мын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жас­тардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мем­­лекетіміздің қалыптасуына үлес қо­суын әр­дайым қолдаймын. Депу­тат­тар, ең алдымен, заң­ның сапасына жауап береді деп сенемін. Екін­шіден, олар бер­ген уәделерін немесе бағ­дарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Ота­нымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, за­манауи мемлекетке ай­нал­дыру жолында күш-жігерімізді бірік­тіру керек. Бұл ретте Конс­титуция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел бо­лып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қате­лес­пейміз. Сондықтан Ата заң бізге, әсі­ресе жас­тар­ға жарқын жол нұсқайды. Ке­лешегіміз – жас­тардың қолында. Оған күмән жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Atameken Business телеарнасының тіл­шісі Саяна Санақова болса, заңға сәй­кес, Құрылтай сайлауынан соң Үкі­мет жұмысын тоқтатуға тиіс екенін, Жаңа Үкіметтің бағыт-бағдары мен мін­деттері қандай болатынын сұрап білді.

– Жалпы, Үкімет барынша табанды, же­дел жұ­мыс атқарып, Мемлекет бас­шы­сы қойған мін­деттерді орындап отыр. Дү­ниежүзіндегі бә­секелестік күшейіп ке­леді. Нарықтың сын-қа­терлеріне мұ­қият назар аударып, ең бастысы, тиісті дең­гейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкі­­мет отставкаға кетеді. Үкімет құра­мын­да бір­қатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаң­дауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше мін­дет­­те­рін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзге­ріс­тер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкі­меттің жұ­мысына қан жүгіртеді. Мә­селе біреуді ор­нынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұ­мыс­тан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе қа­зіргі тіл­мен айтқанда, медиадағы контент не­­месе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қа­жеті жоқ. Кадрлық шешім шын мә­нін­де жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаң­ғыру үдерісі үз­дік­сіз жүргізілуге тиіс. Өйт­кені бұл күр­делі процесті алға жетелеп отыру қа­­жет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқа­ра­ды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осыдан кейін «Еуразия бірінші» те­леар­на­сының тілшісі Қырмызы Жандос Пре­зиденттен осы жолғы партиялар ара­­­сындағы саяси бәсе­ке­нің деңгейіне қан­д­ай баға беретінін сұрады.

– Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қа­те­лес­пеймін. Меніңше, саяси науқан жақ­сы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теле­де­баттар болды. Жас­тары­мыз пікір­та­лас­тарды зор ықыласпен тама­шалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғы­руы­мыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам бол­ды деп айта аламын, – деді ел Президенті.

Jibek joly телеарнасының тілшісі Діл­наз Ерлан­қызы Мемлекет басшысының жас­тарға се­нім артып, ұдайы қолдау көр­сетіп келе жат­қанын, Құрылтай де­пу­тат­тығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар барын айта келе, олардың Құрылтай жұ­мы­­сына қандай серпін бере алатынын сұра­ды.

– Оны көре жатармыз. Біз жастарға се­нім ар­тамыз. Оларды кезінде түрлі лауа­зымға та­ғайындадық. Үкіметте жо­ғары қызмет атқарған жас­тардың бәрі өзі­не жүктелген міндетті мүл­тіксіз орын­да­ды деп айта алмаймын. Әрине түр­лі ке­дергі мен себеп кезігіп жатады. Де­ген­мен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүк­теу керек. Онсыз болмайды. Қазақ­стан – де­могра­фия тұрғысынан жас мем­лекет. Сондықтан жас­тарға зор сенім ар­тамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр бо­лып, Үкі­метке келген соң жұмыстың бере­ке­сін кетіргендер де болды. Бұған жол бер­меуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде «Казахстанская правда» га­зеті­нің тілшісі Юлия Магер Мемлекет басшысының баян­дамалардың бірінде азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қа­лыптастыру жөнінде айтқанын еске сал­­ды. «Сіздің бастамаңызды бірқатар та­нымал аза­мат іліп әкетті. Көбінесе ұлт­тық тәлім-тәр­биеге сай ұстамды бо­лып, адамды құрметтей білу қасиеттеріне арқа сүйеу қажет екені айты­лып жүр. Өз­гелерге құрмет, заң мен тәртіпті сақ­­тау, өзіңді сыйлау және жауапкершілік та­ны­та білу азаматтарымыздың күн­де­лік­ті дағдысына ай­нала ма?», – деп сұра­ды тілші.

– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы бол­дым. Нау­қан емес, нақты іске. Өйт­кені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байыр­ғы дәстүрлі құн­дылықтарымызға оралу қажет деген ше­шімге келдім. Ер адамдардың бір-бі­рін құ­шақтап, сүйіп амандасуы, сәлем­десу бары­сын­­да әйелдердің еркектерді, еркектердің әйел­дерді бетінен сүюі дұ­рыс емес. Біздің салт-дәс­түрімізде мұн­дай ешқашан болмаған. Әсіресе әскери фор­ма кигендердің, генералдардың осы­­лай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дү­ниежүзілік со­ғыста, Ұлы Отан со­ғы­сында жеңіске жеткен мар­шалдардың осын­дай қылық көрсеткенін елес­тете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып аман­дасуы керек. Сәл жымиса ғана жет­кілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуа­ныш­ты болсаңыз, оң қолыңызды кеу­деңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұн­дай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мә­селе кө­тердім. Жалпы, бізге тазалық, тәр­тіп мәдениетін дәріптеу керек. Қо­лы­мыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен об­лыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгеріс­терге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жо­ғары талап қой­дық. Осы іспен түпкілікті ай­налысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағы­на­сын­да ғана емес, ой-сананың, жан дү­ние­нің тазалығы деп түсінген жөн. Бел­гі­лі тұлғалардың бірі айтқандай, ой та­за­лығы бой тазалығымен де ұш­тасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа ай­налуымыз керек. Сонда ғана күллі әлем­ге та­ныламыз, – деп атап өтті Прези­дент.

Tengrinews ақпарат агенттігінің тіл­шісі Айсұлтан Құлшыманов Мемлекет бас­шысының Жасанды интеллектіні Қа­зақстанның жаңа эко­номикалық мо­делінің негізі деп атағанын, биыл Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жы­лы деп жарияланғанын сөз ете келе, «межелі мін­деттер орындалып жатыр ма? Цифрландыру мен жа­санды интел­лек­тінің күнделікті өмірге әсері­не қан­дай баға бересіз?» деп сауалын айтты.

– Өте орынды сұрақ. Өйткені 2026 жыл Цифрландыру және жасанды ин­тел­лект жылы деп жарияланды. Жол­дау­да осы тақырыпты қоз­ғаймын. Біз цифр­лық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қыз­меттер ұсына алатын мем­лекет болу­дың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге ел­дермен салыстырғанда өміріміз әл­деқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де кө­ріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шар­уа­ны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұ­рын мұның бәрін реттеуге уақыт жұм­сап, табан тоздыруға тура келетін. Сон­дық­тан цифрлық сервис көрсететін мем­лекет ретінде қалыптасу қажет бол­ды. Қазір ке­лесі кезеңге қадам бастық. Үкі­метке алғашқы сатыда қалып қоймай, ха­лықаралық келіссөздер жүргізу жө­нін­де тапсырма бердім. Цифрландыру мен жа­сан­ды интеллект халыққа, еліміздің бар­ша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа тел­міретін құрал емес. Смартфонмен ақ­ша табуға болады. Мәселені осылай тө­тесінен қойған жөн. Әсіресе бұл шаруа­­ларға керек. Олар ауыл-аймақтан шық­пай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи тех­нологияны пай­далана алады. Алдағы уа­қытта Үкімет дәл осы міндетті орын­дай­ды, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.