Дауыс жинау көрсеткіші бойынша елдегі жетекші «Әділет» партиясы көш бастады. Саяси ұйымды 6 528 948 адам, яғни, дауыс берушілердің 71,17 пайызы қолдаған. Келесі орындарға «Ауыл» партиясы (574 621 адам немесе 6,26 пайыз); Respublica партиясы (509 631 адам немесе 5,56 пайыз), «Ақжол» партиясы (478 083 адам немесе 5,21 пайыз); ЖСДП (469 058 адам немесе 5,11 пайыз) жайғасты. Ал ҚХП (285 395 адам немесе 3,11 пайыз) мен «Байтақ» партиясы (97 751 адам немесе 1,07 пайыз) межелеген 5 пайыздық көрсеткішке жете алмаған. 230 446 адам немесе сайлаушылардың 2,51 пайызы бәріне қарсы болды.
– Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссияларынан келіп түскен жедел деректердің негізінде Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялау мүмкіндігі бар. Кеше күні бойы өзекті онлайн режимде өңірлердің жедел деректері негізінде Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың сайлауда дауыс беруге қатысу барысы туралы жұртшылықты БАҚ арқылы тұрақты хабардар етіп отырды. 7 брифинг өткізілді. Барлық ақпарат мүмкіндігінше тез ұсынылды, – деді ол.
Комиссия төрағасының айтуынша, 24 тамызда сағат 10:30-ға дейін еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 423 сайлау учаскесіндегі дауыстарды санау аяқталған. Бұған қоса, аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электрондық көшірмелерін ұсынды.
Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, сайлаушылардың нақтыланған тізімдеріне сәйкес, Қазақстан Республикасы сайлаушыларының жалпы саны 12 623 289 адамды құрады.
– Оның ішінде цифрлық үкімет порталы мен азаматтарды тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеру және дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу онлайн сервистері арқылы 9 865 адам енгізілді. Сайлауға 9 351 539 адам немесе тізімге енгізілген азаматтардың 74,08 пайызы қатысты, – деді ол.

Құрылтай сайлауының қорытындылары сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленеді.
– Дауыс беру күні сайлау рәсімдерін байқауды 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы жүзеге асырды. Оның ішінде кандидаттардың, саяси партиялардың 7 300 сенім білдірген адамдары, саяси партиялардан 24 879 байқаушысы, 182 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден 26 887 байқаушысы, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың 777 байқаушысы қатысты. Сайлау учаскелерінде шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысып, сайлау барысын жария етіп отырды. Оның ішінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының – 1 852 өкілі, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарынан 117 аккредиттелген журналист бар, – деді комиссия төрағасы.
Осы ретте ол ұлттық және халықаралық байқаушыларға, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.
– Сайлау процесінің барлық кезеңінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың сайлау құқықтарын толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға баса мән берілді. Сайлау туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес Құрылтай сайлауының қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленеді және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Отырысты өткізу күні мен уақыты қосымша хабарланатын болады, – деді ол.
Алдағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясы заңнамада белгіленген тәртіппен сайлаудың қорытындыларын белгілеу және сайланған депутаттарды тіркеу бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ
