Ол – бүгінгі бейнелеу өнерінде өзгеше бояуымен көзге түсіп жүрген суретшінің бірі. Оның ізденіске бейімі, батыл эксперименттерге баруы, қою гаммасы өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Сондықтан Аршын Қабылбекті қалыптан тыс ойлайтын, жаңа бағытқа ұмтылған суретші деуге болады.
Сары дақтың сапары
128
оқылды

Картиналары қиялдауға, бояудың үнін сезінуге жетелейді. Міне, осындай картиналары елордадағы ÓzgeEpic креатив хабында қойылып, суретшінің жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Көрме «Сары дақтың сапары» деп аталады. Оның да философиялық астары бар. Оны суретші былай түсіндіреді: «Бұл менің шығармашылығымда бір ғана түсті элементтен басқа, белгілі бір ішкі күйдің, адамның өзгеруінің белгісі ретінде пайда болды. Ол әр жұмыста әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін: кейде ол үміт, кейде ішкі жарық, кейде адам бойында қандай жағдай болса да жоғалмай сақталатын өзек секілді». Бұл түстің мазмұны болса, «сапар» сөзі де бекер таңдалмаған. Автордың айтуынша, бұл көрме – бір нүктеде тұрған адамның емес, ішкі өзгеріс жолындағы адамның сапары. Ол қараңғылықтан жарыққа, жалғыздықтан өзіңді тануға, қысымнан еркіндікке қарай қозғалады. Сондықтан сары дақ та осы жұмыстардың арасынан өтіп, бір күйден екінші күйге өзгере отырып сапар шегеді.

Келушілер көрмеге қойылған туын­ды­ларға оң бағасын беріп жатыр. Солардың қатарында суретші әрі мүсінші, «Қазақ Елі» монументінің авторы Сембіғали Сма­ғұлов та бар. Ол Аршын Қабылбектің сур­ет­шілік қарымын ерекше атап өтіп, жас суретшінің шығармашылық әлеуетін, көрменің мазмұндық тұтастығын жоғары бағалады.

– Көрмеден ерекше әсер алдым. Жаңа туындыларына қарап, суретшінің бір жылдың ішінде өте өнімді әрі табысты еңбек еткенін байқауға болады. Жалпы, суретші үшін қолдау мен орта аса маңызды. Тарихқа қарасақ, Италияда Медичилер өнерге қолдау көрсеткен ке­зеңде мәдениет пен шығарма­шылық ерекше өркендеді. Өнерге жағдай жасалған жерде оның нәтижесі де айқын көрі­неді. Осы көрмеден Аршынның бір жылдың ішінде қаншалықты өскенін, шығармашылық мүмкіндігі мен үлкен әлеуетін аңғардым. Экспози­циясы да өте тұтас, мазмұнды әрі жинақы шық­қан. Абайдың сөзімен айтқанда, «айна­ласы теп-тегіс, жұмыр келгендей», композициялық жағынан да толыққанды, көркем көрме болыпты. Осындай көрме­нің Астанада өтіп жатқанына қуанышты­мын. Бұл – шын мәнінде елорданың мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі, – деп бағасын берді белгілі суретші.

Көрмеге бас-аяғы 40-тан астам картина қойылған: «Рух», «Жалғыздық эволюциясы», «Ішкі тыныштық», «Үнсіз­дік», «15 Тәулік» сериялары және «Қор­шау» инсталляциясы, «Қозғалыс» пер­формансы. Бұлар бір-бірімен байланысқан бірнеше ішкі кезеңнің тарихы іспетті. Суретшінің шығармашылығындағы не­гізгі бағыт – адамның ішкі әлемін зерттеу. Яғни, кейіпкеріміз жалғыздық, еркіндік, ішкі тыныштық, қысым, өзгеріс, адамның өзін іздеуі сияқты тақырыптарға жиі оралады. Ал стиль жағынан өзін бір ғана бағытпен шектемейтінін айтады. Оның жұмыстарында абстрактілі және декоративті шешімдермен қатар фактура, графика және символдық образдар кеңінен қолданылады. Ол майлы бояу, акрил және мастихинмен жұмыс істейді. Дегенмен суретші үшін қолданылатын тех­никадан гөрі шығарманың ішкі маз­мұны маңызды. Сондықтан әр туындының идеясы мен мазмұнына сай өзіндік форма мен фактура табуға тырысады.

– Бұл көрме мен үшін маңызды кезең­дердің бірі. Бұған дейін де топтық және жеке форматтағы көрмелерге қатыстым, 2017 жылы Алматыдағы Қастеев мұра­жай­ында «?» атты жеке көрмем болды, алайда «Сары дақтың сапары» өз шығармашы­лығымды тұтас бір жүйе ретінде көрсетуге мүмкіндік берген үлкен жоба болды. Алдағы уақытта осы жобаны тоқтатпай, әрі қарай дамытқым келеді. Көрменің басқа қалаларда да көрсетілуі туралы жоспар бар. Сонымен қатар жаңа сериялармен жұмыс істеп, қазіргі шығармашылық бағытымды те­реңдеткім келеді. Әр көрмені келесі кезеңге өтетін баспалдақ деп түсінемін. Өйткені сурет өміріме өте ерте келді. Бұл біртіндеп қалыптасқан таңдау болды. Бейнелеу өнері дегенді кейде сөзбен жеткізе алмайтын нәрсені бояу, форма, кеңістік арқылы айтуға мүмкіндік беретін тіл дер едім, – деді А.Қабылбек.

Бейнелеу өнеріндегі композициясы сәтті шыққан шығарманы ажырату қиын емес. Сызық, түс, пішін, фактура – бәрі-бәрі өз орнын тауып, бір-бірімен үндесіп тұрады. Әр суретшінің қолтаңбасы да осы тұстан танылады. Саусақ бедері ешкімде қайталанбайтыны сияқты, суретшінің бояуды сезінуі, кеңістікті құруы, образды жеткізу тәсілі де өзіне ғана тән. Өнердің тартымдылығы да осында шығар: бір тақырыпты жүз адам бейнелесе, жүз түрлі дүние тууы мүмкін. Бүгінде бұл мәселе тіпті басқа қырынан көрініп отыр. Мәселен, жасанды интеллект санаулы секундта көз тартар бейне жасап бере алады. Оның мүм­кіндігін жоққа шығару қиын. Бірақ дай­ын бейне қаншалықты мінсіз болға­нымен, адам қолымен салынған картинаның табиғаты бәрібір бөлек. Бәлкім, технология дамыған сайын қолмен жасалған өнердің қадірі бұрынғыдан да арта түсетін шығар. Себебі бір кезде біз суреттің қаншалықты әдемі екеніне көбірек қарасақ, енді оның артында кім тұрғанына, ол адамның не сезінгеніне, не айтқысы келгеніне көбірек үңіле бастаймыз. Кейіпкеріміз де осындай пікірде.  

Суретші Аршын Қабылбек кейінгі жылдары елімізде өнерге деген қызығушы­лықтың біртіндеп артып келе жатқанын айтады. Жаңа галереялар мен көрме алаң­дары ашылып, түрлі арт-жобалар ұйым­дастырылып жатқанын, соның арқасында жас суретшілерге өз жұмыстарын көрсетуге, көрерменмен кездесуге бұрын­ғыдан көбірек мүмкіндік туатынына қуанатынын жеткізді. Десе де, ол әңгіме барысында жас сурет­шілерге жүйелі қолдау әлі де керек екенін негізге алды.

– Әсіресе жас суретшіні тек көрме өткізу деңгейінде емес, кәсіби түрде дамыту, оның шығармашылығын насихаттау, коллекционерлермен байланыстыру және тұрақты арт-нарық қалыптастыру жағы әлі де дамуды қажет етеді. Өйткені суретші тек картина жасап қана қоймай, өз еңбегімен өмір сүре алатын жүйе қалыптасса, бұл өнердің дамуына үлкен әсер етеді. Бізге суретшінің шығармашылығына уақыт бөл­уіне мүмкіндік беретін кәсіби орта керек, – дейді ол.

Аршын Қабылбектің шығармашы­лығында еркіндік ұғымының орны бөлек. Оның түсінігінде, өнер белгілі бір қалыпқа сыйып, біреудің талғамына бейімделетін кеңістік болмауы керек. Керісінше, суретші өз ойын, сезімін, ішкі күйін еш шектеусіз жеткізе алғанда ғана туынды шынайы бола түседі. Маңыздысы – тоқыраудың ішінде қалып қоймай, оның қайда жетелеп тұр­ғанын түсіне білу. Суретші шығарма­шы­лықтағы еркіндіктің өзі үшін қаншалықты маңызды екенін де аңғартты. «Өнерде мен біреуге ұнау үшін де, бір нәрсені дәлелдеу үшін де міндетті емеспін. Мен үшін өнер еркін болатын кеңістік», – деп сөзін түйді кейіпкеріміз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ