Абай облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын сақтау, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу және заңсыз жол қосылымдарын жою мәселесі өткір тұр.
Ауыр көлік асфальтты аямайды
123
оқылды

Жол инфрақұрылымына түсетін шамадан тыс салмақтың салдарынан келтірілген залалдың алдын ала мөлшері 206 млн теңгеге бағаланған. Мамандардың айтуынша, мәселенің түйіні тек жол салуда емес, оны шамадан тыс жүктемеден қорғауда жатыр.

Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 638 шақырымды құрайды. Оның 2 176 шақырымы – рес­публикалық, 1 588 шақырымы – облыстық, 2 874 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Кейінгі жылдары өңірдің жол инфрақұрылымын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Респуб­ликалық ма­ңызы бар жолдардың бірқатар учаскелерінде қайта жаңарту және орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Алайда жаңартылған жолдардың ұзақ уақыт сапалы қызмет етуіне ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс қозғалысы кері әсерін тигізіп отыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалының мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 710,5 шақырымында руда, қиыршықтас, құм-қиыршықтас қоспасы және басқа да материалдарды нормадан тыс тасымалдайтын ауыр жүк көліктері қатынайды. Сала мамандарының бағалауынша, өңір арқылы өтетін ауыр жүк көліктерінің шамамен 30-40 пайызы белгіленген салмақ нормасынан асырып жүреді. Әсіресе бір оське түсетін 8 тонна шекті жүктемені ескерсек, бұл жол жа­бынына түсетін қысымды бірнеше есе арт­тырады. Мәселенің ауқымын респуб­ликалық маңызы бар бірнеше бағыттан анық көруге болады. «Талдықорған – Қал­батау – Өскемен», «Омбы – Майқапшағай», «Семей – Қайнар», «Семей – Қалбатау» бағыттарында жол табанының шөгуі, көлік дөңгелегінен пайда болатын ойықтар, асфальттың толқындануы мен жарық­шақ­тану жиілеген. Әсіресе «Қараған­ды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» автомобиль жолына түсетін жүктеме жоғары. Оның 320-447 шақырым аралығындағы 127 шақырымында «Қазақмыс» корпо­ра­циясының кен тасымалдаушы көліктері «Ақбастау» және «Құсмұрын» кен орындарынан Қарағанды облысына руда жеткізеді.

Бұған қоса, 2025 жылдың басынан бері «Сарыбұлақ» кен орнынан Аягөз бағытына 587-704 шақырым аралығындағы 117 шақырым жол арқылы руда тасымал­дануда. Жүк «Алматы – Өскемен», «Тас­кескен – Бақты» және «Омбы – Май­қапшағай» автомобиль жолдарына да түсіп отыр. «Аягөз – Бақты» теміржолының құрылысына байланысты «Богатство» карьерінен құм-қиыршықтас қоспасы тасымалданса, «Ақжал» кен орнынан Өскеменге руда жеткізіледі. Ал «Сарыбиік» кен орнынан Семейге қиыршықтас тасымалданады. Осының барлығы жол жабынына түсетін салмақты арттырып, жаңадан жөнделген учаскелердің мерзімінен бұрын тозуына әкеліп отыр.

«Рұқсат етілген салмақтан 20-30 тонна асыра жүк тиейтін карьер көліктері мен ауыр жүк көліктері жаңадан төселген асфальттың өзін 1-2 жылда жарамсыз етеді. Біз қанша жерден сапалы жол салғанымызбен, габариттік бақылау жолға қойылмаса, бюджет қаржысын желге ұшырғанмен бірдей. Сондықтан бақылау тетіктерін автоматтандыруға көшіп жатырмыз», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалы директорының орынбасары Алмат Шойынбаев.

Бұл пікір жол құрылысына бөлінетін қомақты қаржының тиімділігі мәселесін де алға шығарады. Жолдың шамадан тыс жүктемеден зардап шегіп отырғанын жөндеу жұмыстарының нәтижелері де көрсетеді. Мәселен, кепілдік учаскелерін көктемгі тексеру нәтижесінде «Citic Construction Co. LTD» мердігер ұйымы 2026 жылғы мамырда жолдың 720-799 шақырым аралығындағы учаскесінде жоғарғы қабатты қайта төсеуге мәжбүр болған. Жұмыстың құны 52 миллион тең­гені құрады. «Аягөз – Ақсуат» бағытын­дағы орташа жөндеу учаскелерінде де осындай мәселелер анықталып, орындалған жұмыстардың құны 29 миллион теңгеге жеткен. Алдын ала есеп бойынша, рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асатын көлік құралдарының қозғалысы салдарынан автомобиль жолдарына келтірілген залал шамамен 206 миллион теңгені құрайды. Бұл – әзірге алдын ала есеп.

Шектеуді елемейтіндер бар

Жолдарды сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі – ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қойылатын маусымдық шектеулер. Көлік министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 12 қарашадағы №372 бұйрығына сәйкес, бір оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысына ауа температурасы +25 градус Цельсийден жоғары болған жағдайда 1 маусым мен 15 тамыз аралығында сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін шектеу қолданылады. Бұл талаптың өзіндік себебі бар. Ауа температурасы жоғары кезде асфальт-бетон жабыны жұмсарып, ауыр көліктердің әсерінен жолдың деформацияға ұшырау қаупі артады. Сондықтан белгіленген уақытта ауыр жүк көліктерінің қозғалысын шектеу жол жабынын сақтауға бағытталған. Талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда шектеу енгізілгенімен, оны айналып өтудің түрлі жолдары кездеседі.

Жолдарды қорғаудың тағы бір маңызды тетігі – автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау стансалары. Қазір республикалық маңызы бар жолдардың 691 және 783 шақырымдарында осындай стансалар жұмыс істейді. Бірақ бақылаудан жалтаруға тырысатын жүргізушілер де бар. Мониторинг барысында кейбір көлік құралдарының стансаларды рұқсатсыз жол қосылымдары арқылы айналып өткені анықталған. 2026-2028 жылдары авто­мат­тандырылған салмақ-габариттік бақылау жүйесін кеңейту жоспарланып отыр. Орташа жөндеу жұмыстары аясында тағы 14 автоматтандырылған өлшеу стансасын кезең-кезеңімен орнату көзделген.

Абай облысы бойынша көліктік бақы­лау инспекциясының басшысы Арман Ертуриннің айтуынша, 2026 жылдың өткен кезеңінде көліктік бақылау бекеттері арқылы 245 автокөлік құралы тексерілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Бұған көлік құралдарын тоқтату құқығының жойылуы себеп болып отыр. Соған қара­мастан, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілік күшейген. Инспекция мәліметінше, жыл басынан бері 1 668 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жалпы сомасы 127 миллион 373 мың 412 теңге айыппұл рәсімделген. Сонымен бірге көліктік бақылау бекеттері бойынша 1 776 әкімшілік айыппұл толтырылып, олардың жалпы сомасы 132 миллион 580 мың 710 теңгені құраған. Бұл сандар бақылаудың тиімділігі тек тексеру санына байланысты емес екенін көрсетеді. Ең маңыздысы – құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, оның қайталануына жол бермеу.

Бүгінде Абай облысында 8 275 жүк автокөлік құралы тіркелген. Ірі және ауыр салмақты жүктерді тасымалдаумен айналысатын 51 автомобиль тасымалдаушы Көліктік деректер қорының ақпараттық-талдау жүйесінде тіркелген. Сонымен қатар халықаралық автомобиль тасы­малдарын жүзеге асыратын 269 тасымал­даушы бар. Осындай ауқымды көлік ағынын екі маман мен бір жылжымалы бекеттің күшімен толық бақылау оңай емес. Қазіргі кезде көліктік бақылауды негізінен бір жылжымалы бекет пен екі маман жүзеге асырып отыр. 

Жолдың қауіпсіздігіне ауыр жүк көліктерінен бөлек, республикалық маңы­зы бар автомобиль жолдарына рұқсатсыз қосылған кірме жолдар да кері әсер етуде. «Автомобиль жолдары туралы» заң талаптарын сақтамай, Ұлттық оператордың келісімінсіз салынған мұндай қосылымдар қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, су бұру жүйелерінің бұзы­луына және жол жабынының мерзімінен бұрын бүлінуіне әкелуі мүмкін.

Абай облысының әкімі Берік Уәли жауапты мемлекеттік органдарға жолдардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау стансаларын кезең-кезеңімен көбейту, жолдардың жай-күйіне ай сайын тұрақты талдау жүргізу және рұқсатсыз жол қосылымдарын түгендеу тапсырылды. Жергілікті атқарушы ор­гандарға жол бойындағы нысандарды орналастыру кезінде заң талаптарын сақтау, мемлекеттік органдармен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жол бойындағы сервистік нысандарды ұлттық стандарттарға сәйкестендіру міндеті жүктелді.

Көліктік бақылау инспекциясына ауыр жүк көліктеріне бақылауды күшейту үшін көршілес облыстардан мамандар мен жабдықтар тарту, маусымдық салмақ шектеулерінің сақталуын тұрақты бақылау және полициямен бірлескен рейдтер өткізу тапсырылды.

Инспекция автомобиль жолдарын күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде автоматтандырылған өлшеу стансаларын жобалық-сметалық құжаттамаға енгізуді де ұсынып отыр. Карьерлер мен тау-кен өндіруші ұйымдар орналасқан учаскелерде технологиялық жолдар ұйымдастырып, бақылау стан­саларын орнату маңызды.

Семей қаласының жолдарын шамадан тыс жүктемеден қорғау мақсатында жаңа аспалы көпірдің алдына автоматтан­дырылған өлшеу стансасын орнату ұсынылды.

Абай облысында жол құрылысына қомақты қаражат жұмсалып, инфрақұ­рылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ жаңа жолдың сапасы оның қанша жыл қызмет ететінімен өлшенеді. Ал жолды сақтау – тек «ҚазАвтоЖолдың» немесе көліктік бақылау инспекциясының міндеті емес. Бұл – жүк тасымалдаушылардың, карьер иелерінің, тау-кен өндіруші кәсіпорын­дардың, жол бойындағы нысан иелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі.

Қамар ЕРКЕҚЫЗЫ