Алматыдан Ақтауға келген 20 жастағы бойжеткен Telegram арқылы есірткі таратуды көздеп, «закладка» жасауға кіріскен. Алайда оның қылмыстық әрекеті дер кезінде әшкереленді, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, бойжеткен синтетикалық психотроптық заттарды «тығын» (закладка) тәсілімен тарату мақсатында Ақтау қаласына келген. Жедел іс-шара барысында оның жанынан есірткі затының 27 орамы тәркіленген.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралды. Ақтау қалалық сотының үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
– Telegram мессенджерінде «оңай табыс», «курьер» немесе «закладка» секілді жұмыс ұсынатын хабарламаларға сақ болуға шақырды. Мұндай ұсыныстар – ақша табудың оңай жолы емес, қылмыстық жауаптылыққа апаратын жол. Бірнеше мың теңге үшін өміріңізді құртып алмаңыз, – деп ескертті прокуратура.
