Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мерфимен, Кэрол Миллермен, Ронни Джексонмен, Уэсли Беллмен және Эдвард Кейспен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Aqorda-ға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің айтуынша, парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи уақиға болды. Бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттырады.
Мемлекет басшысы парламенттік дипломатия жаңа органның қызметіндегі маңызды бағыт болатынын атап өтті.
– АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілету және қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық делегацияға елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ әділетті, озық мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарымызды іске асыру аясында басқару жүйесін жаңғыртудың басымдықтары жөнінде мәлімет берді.
