Әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде амандасу әдебі туралы сөз қозғады, – деп жазды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, адамның әдебі де, көрген тәрбиесі де кейде сәлемінен-ақ аңғарылып тұрады. Өнер иесі бөтен ер мен әйелдің құшақтасып, сүйісіп амандасуы ата-бабамыздан қалған амандасу әдебіне тән емес екенін атап өтті. Әнші көпшілік ортада мұндай жағдайға жиі куә болатынын жасырмады.
«Елдің алдында жүрген соң түрлі ортада, көпшілікпен жиі жүздесеміз. Сондай кезде өзіме де ыңғайсыз тиетін жағдайлар болып тұрады. Сахнада ән айтып тұрғаныңда немесе көпшілік ортада бөтен ер азаматтардың құшақтай жөнеліп, бетіңнен сүюге ұмтылғаны өте ерсі таза әдепсіздік дер едім. Тіпті Қыдекеңнің де ондайда кейбір кісілерді қайырып жіберген кездері болды. Тамыр-таныстар да құшақтап, сүйіп амандасып жатады. Әрине, мұның астарында жаман ниет жоқ. Қазақтың ақкөңілдігі ғой. Жақынын көрсе «ой, айналайын!» деп құшағын жая жөнелетін халықпыз. Өзіміз де солай амандасып үйреніп кеткенбіз. Бірақ ақкөңілділік пен әдептің де аражігі бар. Бөтен ер мен бөтен әйелдің құшақтасып, сүйісіп амандасуы біздің ата-бабамыздан қалған амандасу әдебіне тән емес. Президент айтқандай, кеуде тұсына қол қойып, жылы жүзбен амандасудың өзі қандай жарасымды! Сол бір ишараның өзінен сыйластық та, кішілік те, тәрбие де көрініп тұрады. Індет кезінде осыны өмірдің өзі үйретті емес пе? Бір-бірімізге тым жақындамай, тіпті қол алыспай амандасуға да үйрендік. Содан ешкімнің бір-біріне деген құрметі кеміп қалған жоқ. Індет тоқтағанда баяғы әдетімізге қайта оралдық. Түсінемін, әдет бір күнде өзгермейді. Бірақ жақсы әдетті адам өзінен бастағаны жөн! Қанша жақсы көрсек те, құрметімізді міндетті түрде құшақтасып, сүйісіп дәлелдеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ал енді осы жерде мені жақын көретін әріптес, дос-жаранға, әсіресе ер-азаматтардың назарына: ертең кездескенде қолымды созып, құшақ жаймай қалсам, «Қарақат өзгеріп кетіпті» демеңіздер. Қолымды жүрек тұсына қойып амандассам, сіздерге деген құрметімнің кемігені емес. Керісінше, құрметпен ізет білдіргенім деп біліңіздер… Оқырмандарым бұл жайында не дейді екен?» - дейді әнші.
Желі қолданушылары бұған түрлі пікір білдіріп жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
