Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды.
Соңғы 7 жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті – Президент
148
оқылды

Президенттің айтуынша, кейінгі бес жылдың ішінде елде 1 120 мектеп салынған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды.

Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады.

Соңғы жеті жылда бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті.

Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.

Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен «Келешек мектептері» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды.

Алайда  біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет»,  деді Президент.