Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті Жамбыл жеріне де жетті. Бұл жайында сәрсенбі күні жергілікті билік өкілдері ресми түрде мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, ауру жұқтырған азамат Қырғыз мемлекетінен келген.
– 25 наурызда облысымызда алғашқы коронавирусты инфекциямен ауырған науқас тіркелді. 29 жастағы Шу ауданының тұрғыны 23 наурызда Қырғыз Республикасынан келген. Қазіргі уақытта науқас облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда. Барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Байланыста болған тұлғалар да анықталды. Азаматтың тұрғылықты мекенжайын залалсыздандыру және қарым-қатынаста болған тұлғаларды оқшаулау жұмыстары жүргізілді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысына сәйкес 1 A санатындағы елдерден келген 4 азамат және 1 Б санатындағы елдерден келген 67 азамат үй карантиніне оқшауланды.
Айрықша атап өтер жайт, қазір әлеуметтік желіде коронавирус пандемиясына байланысты түрлі ақпарат жариялануда. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында коронавирус тіркелгені бірнеше күннен бері қызу талқылануда. Шындығында, аталмыш ауданда індет жұқтырғандар анықталған жоқ. Сол себепті ресми орган өкілдері растамаған мәліметке сенбеуге шақырамын,–деген Марат Сейтбекұлы жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын баса айтып өтті.
Жалпы, осы жайттан кейін облыста сақтық шаралары екі есе күшейе түсті. Бұған дейін өңірде орнатылған төрт блок-бекеттегі бақылау да жіті назарға алынды. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданындағы өткізу бекеті Бірлік ауылдық округінде жұмыс жүргізуде. Індетті алдын алу және болдырмау мақсатында құрылған блок-бекет Қарағанды және Нұр-Сұлтан тасжолы бағытынан келетін көліктерді бақылауда ұстап тұр. Өткізу бекетінде аудандық полиция бөлімінен – 2, облыстық полиция батальоннан – 2, СЭС – 3, аудандық орталық ауруханадан – 2 және ауыл әкімшілігінен 1 адамнан кезекшілік құрылған. Және мамандар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер «бетперде тағу» режиміне көшкен. Сонымен қатар Ақбақай ауылындағы «Ақбақай АК» ірі кәсіпорнына кіріп-шығу бекетінде сырттан келетін көліктердің барлығына санитарлық дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қатаң бақылау режимі сақталуда.
Екінші өткізу бекеті Қордай ауданында орналасқан. Алматы облысынан Жамбыл өңіріне кіреберістегі «Қарасу» кеден бекетінде коронавирусқа байланысты алдын алу шаралары барынша күшейтілген. Әрбір өткен адамның деректері бойынша сауалнама толтырылып, ал медицина мамандары тепловизорлардың көмегімен олардың дене қызуын тексеруде. Өткізу бекетіне бекітілген мамандар күніне екі рет санитарлық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.
Жуалы ауданы аумағында коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау мақсатында екі санитарлық бекет құрылған. Оның бірі – Шақпақ ауылдық округі, яғни «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан болса, екіншісі – Қошқарата ауылдық округінде. Мұнда да арнайы құрылғымен қамтамасыз етілген мамандар жүргізушілер мен жолаушыларды жіті тексеріп, сақтық шараларын қырағы атқаруда.
Өңірдегі төртінші бекет Сарысу ауданы Жайылма ауылындағы «Сарысу – Созақ» шекарасына орналастырылған. Сондай-ақ сақтық шараларын сақтау мақсатында Жаңатас–Шымкент тасжолының 23 және 45 шақырымдары жабылған. Блок-бекет құрылған 19-22 наурыз аралығында 326 көлік тексерістен өтіп, 756 адамға арнайы анкета толтырылған. Бұл жұмыстар бүгінде штаттық режимде жалғасуда.
Осылайша, Жамбыл облысы өңірді төрт тұсынан қымтап отыр. Алайда бұл коронавирус індетінің аймаққа енуіне кедергі бола алмағанын көз көруде. Сондықтан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы құрылған штаб мүшелерінің басын шұғыл жинап, нақты тапсырмаларын тағы бір мәрте айқындады. Оның бастысы– төтенше жағдай кезінде бағаның өспеуі. Ол үшін тұрақтандыру қоры тиянақты жұмыс істеуі керек. Сол үшін Бердібек Машбекұлы әр жерде құбылып жатқан бағаны бақылауда ұстауды жауапты сала мамандарына жіті тапсырды.
Екінші мәселе – бетперде тапшылығы. Бұл жайтты жергілікті билік өңірде орналасқан «СуперФарм» серіктестігі арқылы шешкендей. Қазір өндіріс орны қуатты күшін екі есеге арттырып, тәулігіне 70 мың маска шығаруда. Одан бөлек, жекеменшік тігін цехтары мен ерікті жастар да қолдан бетперде тігіп, түйткілдің түйінін тарқатуға үлесін қосуда.
Үшінші мәселе – қоғамдық көліктің жүйелі қатынауы. Бұл жайтқа қатысты қара халықтың тарапынан айтылып жатқан сын да, тағылып жатқан мін де көп. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та баса айтып, тасымалдаушы компаниялардың жұмысын сын тезіне алды. Өз кезегінде компания өкілдері тасымалдау құнының төмендігін айтып ақталса, аймақ басшысы қазіргідей қиын жағдайда бағаны өсіріп, бұқараға ауыртпалық салуға болмайтынын шегелеп тұрып ескертті. Ал қоғамдық көліктердің жұмысын жеңілдету үшін мемлекет тарапынан субсидия қарау жайын көтеретінін айтты. Осы уәде негізінде облыс орталығындағы қоғамдық көліктер кешеден бастап қалыпты жұмыс режиміне қайта көшті.
Бұдан бөлек, қазір Тараз қаласы мен аудандарда құрылған мобильдік топтар әлеуметтік нысандарды тексерумен қатар, залалсыздандыру жұмыстарын да жүргізуде. Облыс орталығында бұл жұмыстармен «Халықтың денсаулық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Олар тәулігіне екі мәрте аялдамалар мен қоғамдық орындарды дәрілеп, халық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Дәл осындай топ облыстағы он ауданды да дезинфекциялауда. Сонымен қатар осы аптада Тараз қаласындағы көпбалалы аналар «Өз аулам – өзімнің денсаулығым!» ұранымен тұрғылықты жерлерін залалсыздандыруға кірісті. Қажетті дезинфекциялық материалдармен жергілікті билік қамтамасыз етсе, аналар аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, жамбылдықтар ортақ мүдделі істе жұдырықша жұмылуда.
Бір сөзбен айтқанда, Жамбылдағы жағдай қалыпты. Шу ауданында тіркелген бір науқаспен байланысқа түскендер карантинге алынып, ауырған азаматтың коронавирусқа талдауы қосымша зерттеу үшін Алматы қаласына жіберілді. Мейрамханалар мен кафелер, сауда орындары мен базарлар бекітілген уақыт шектеуі бойынша жұмыс жасап, төтенше жағдай кезіндегі барлық талаптарды ұстануда. Егер COVID-19 белгілері байқалса, жедел жәрдем мен медицина мамандары да дереу жетуге сақадай-сай дайын тұр.