Барлығы төрт жаңа мүше сайланады.
Әмір Маймұратов – Азия Олимпиадалық кеңесінің Спортшылар комиссиясына үміткер
Фото: ҚР ҰОК
103
оқылды

Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) 2026 жылы Аичи-Нагоя қалаларында өтетін XX жазғы Азия ойындары аясында ұйымның Спортшылар комиссиясына сайланатын үміткерлердің тізімін бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Барлығы төрт жаңа мүше сайланады: Орталық, Шығыс және Батыс Азиядан бір-бір өкіл, сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс Азиядан бір әйел спортшы. Орталық Азия аймағынан жалғыз орынға Әмір Маймұратов (Қазақстан, спорттық құзға өрмелеу), Ариан Салими (Иран, таеквондо) және Джасурбек Жайсынов (Өзбекстан, таеквондо) үміткер.

Әмір Маймұратов 2024 жылы Парижде (Франция) өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. «Жылдамдық» сайысында қазақстандық спортшы бесінші орынды иеленді. Сондай-ақ оның қоржынында Әлем кубогы кезеңдері мен Азия чемпионатында жеңіп алған жүлделер бар.

Айта кетейік, АОК талаптарына сәйкес, барлық кандидаттар қазіргі кезде спортпен белсенді түрде айналысатын спортшылар немесе соңғы екі жазғы не қысқы Азия ойындарының қатысушылары болуы тиіс. Олар өкілдік ететін спорт түрі жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген болуы қажет. Сонымен қатар үміткерлер Комиссия жұмысын атқару үшін ағылшын тілін еркін меңгеруі керек.

ҚР ҰОК мәліметінше, дауыс беру 2026 жылғы Азия ойындары кезінде, 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Ойындардың әрбір қатысушысы өз өңіріндегі кандидаттардың біріне бір рет дауыс бере алады. Дауыс беру аяқталған соң АОК Спортшылар комиссиясының төрт жаңа мүшесін жариялайды.

АОК Спортшылар комиссиясы спортшылардың мүддесін ұйым құрылымдарында қорғап, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері спортшылар мен АОК басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жарыстарды ұйымдастыру, допингке қарсы саясат, медициналық қызмет көрсету және логистика мәселелері бойынша спортшылардың ұстанымын білдіреді. Комиссияның аймақтық қағидат бойынша жасақталуы Азияның бес өңіріндегі спортшылардың мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.