Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі.
Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын!
113
оқылды

– Қадірлі ұстаздар! Құрметті қауым! Ең алдымен, баршаңызды дәстүрлі Тамыз кон­фе­рен­ция­сы­ның ашылуымен құттықтаймын! Бү­гінгі жиынға Қазақстанның бар­лық аймағынан ұлағатты ұс­таз­дар арнайы келіп отыр.

Мықты мұғалім – сапалы ұлт­тың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Бү­гін өте ұтымды, мазмұнды баян­­­­дамаларды тыңдадық, тиімді пі­кірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұ­­ғалімдер қауымына риза­шы­лы­ғымды, ілтипатымды біл­ді­ре­мін. Тиісті министрлік, жалпы Үкі­мет айтылған мәселелерді үне­мі назарда ұстауы керек. Бұл жұ­мысты аса маңызды страте­гия­лық міндет деп түсіну қажет.

Ұстазды ұлықтаған елдің ке­ле­шегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сө­зін­де адамның адамдығы жақсы ұс­таздан болатынын айтқан. Сіздер жас буынға терең білім беріп, са­налы, озық ойлы және отаншыл ұр­пақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңі­ріп жүрсіздер. Осылайша, бә­се­ке­ге қабілетті ұлт қалыптастыруға ат­салысып келесіздер, – деп атап өтті Президент.

Өзгерістермен қатар келген кезең

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Тамыз конференциясы елі­міз­де­гі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұс­па-тұс келгенін айтты. 

– Бәріміз бір ел болып, тү­бе­гей­лі реформаларды ойдағыдай жү­зеге асырдық. Наурыз айында өт­кен жалпыұлттық референдум нә­тижесінде жаңа Халық Конс­ти­туциясы қабылданды. Тұтас қо­ғам қолдаған Ата заң бірінші шіл­де күні күшіне енді. Бұл – елі­міз үшін маңызы ерекше тарихи оқи­ға.

Бас құжатта тұңғыш рет білім са­ласына айрықша мән берілді, яғ­ни адам капиталын, білімді, ғы­лымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ре­тінде айқындалды. Қазір бүкіл би­лік жүйесін және қоғамдық инс­титуттарды ауқымды жаң­ғыр­ту жұмысы жүріп жатыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын ал­ғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шық­ты. Бұл өте маңызды саяси нау­қан, саяси іс-шара деп те айтуға бо­лады, шын мәнінде, бұрын-соң­ды болмаған жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Осы істе Ор­та­лық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұ­рыс шешімдер, соның ішінде жа­санды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер нау­қанның сапасын арттыра түс­ті. Сондай-ақ сайлауға шетелдік бай­қаушылар тарапынан да қы­зы­ғушылық жоғары болды. Ха­лық­аралық қауымдастық сайлау нә­тижесін мойындады, оның ұлт­тық заңнамаға және барлық та­лаптарға сай өткенін атап өтті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы тұста Конс­ти­ту­­­цияның 46-бабына сәйкес бі­рін­ші шақырылымдағы Құрыл­тай­дың бірінші сессиясын ша­қы­ру туралы Жарлыққа қол қой­ға­нын жеткізді. Алқалы жиын 28 та­мыз күні болады. Оған дейін Құ­рыл­тайға өткен партиялар де­путаттардың тізімін әзірлеуге тиіс. 

– Жалпы, Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Партиялар ұсы­нған тізімге тәжірибесі мол түр­лі мамандық иелерімен қатар, сая­сатқа жаңадан келген аза­мат­тар да енді. Олардың қатарында қа­­білетті жастар, солардың ішінде Пре­зиденттің кадрлық резервінің мү­шелері бар. Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түс­кені сөзсіз. Халыққа адал қызмет ет­кісі келетін, жауапкершіліктен тай­­салмайтын, жаңашыл адам­дар­­дың бәріне бірдей мүмкіндік беріл­ді. Түптеп келгенде, бұл – қа­­лып­ты, яғни эволюциялық үде­­ріс.

Осы орайда саяси партиялар­дың белсенділігін, олардың идео­ло­гиялық ұстанымдарын, кәсіби дең­гейін ерекше атап өткім келе­ді. Саяси дода кезінде ел бола­ша­ғына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсы­ныстар айтылды. Сайлау­шы­лар да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ, олар әр мәселе бойынша өз пі­кірлерін ашық білдіріп отырды. Бұл үгіт-насихат кезінде болған ұлт­тық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастар­дан анық байқалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құнды­лық­тары орнығып, жаңа саяси мә­де­ниет қалыптасып жатқанын мә­лімдеді. 

– Қадірлі ұстаздар! Ұлты­мыз­дың келешегін айқындайтын та­ри­хи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаң­ғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі ай­рықша маңызды. Әлемді ең да­­мыған технология өзгертуі мүм­­кін. Ал адамды, оның дүние­та­­­нымын өзгерту – нағыз ұстаз­дың ғана қолынан келетін іс. Сон­дықтан мемлекет білім жүйе­сін дамытуға әрдайым баса назар аударады.

Соңғы жеті жылда бұл салаға бө­лінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мек­теп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-тех­никалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.

Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тап­сыр­мам­мен «Келешек мектептері» жо­басы бастау алды. Осы жоба ая­­­сында 460 мың оқушыға ар­нал­ған 217 мектеп салынды. За­ма­науи мектептердің жаңа стан­дар­ты пайда болды десек, артық бол­май­ды. Алайда біз әрбір өңірде, со­ның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орын­дары­ның құрылысын міндетті түр­де жалғастырамыз. Бұл – ал­ды­мызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уа­қыт­ты созбай жұмысқа кірісуіміз ке­рек, келесі жылы құрылыс ба­рысы қарқынды болуы қажет, – деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз­дың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатқанына на­зар аударды. «Педагог мәр­те­бесі туралы» арнайы заң қабыл­дан­ды. Биыл бұл заңға толықтыру ен­гізіліп, ұстаздарға қосымша құ­қықтық және әлеуметтік кепіл­дік­тер берілді. 5 қазан күні ұстаз­дардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. 

– Мемлекеттік марапаттар ті­­­­зіміне «Қазақстанның еңбек сіңір­ген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен ма­ра­патталған тұлғаларға қомақты сыйа­қы беріліп жатыр. Қазірдің өзін­де 100-ге жуық мұғалім мара­пат­талды. Басқа да лайықты ұс­таз­дар мемлекет назарынан тыс қал­май, осы құрметті атаққа ие бо­лары күмәнсіз. Соңғы үш жыл­да еліміздегі 3 мұғалімге ең жо­ғары мемлекеттік награда – «Қа­зақ­станның Еңбек Ері» атағы беріл­ді. Бұл ұстаздар қауымына де­ген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз.

TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәй­кес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жө­нінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қана­ғат­тану өлшемі бойынша еліміз әлем­дегі алғашқы бес мемлекеттің қа­тарына кіреді. Атап айтқанда, ұс­таздардың 95 пайызы өз жұ­мы­сына көңілі толатынын айт­қан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қай­та таңдауға дайын екенін жет­кіз­ген, – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Президент баршаға зор алғыс айта келе, ұстазды қа­дір­лей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет екенін жеткізді. 

– Біз ұлт сапасын арттырамыз де­сек, бірінші кезекте мұға­лім­дерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Жалпы, еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылды. Нақты нәтижелер де бар. Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олим­пиада мен ғылыми жобаға қатысып, мың­нан астам медаль жеңіп алды.

Ауыл мектебінен шыққан рес­публикалық олимпиада жүл­де­ге­рі­нің саны 10 есе ұлғайды. Осы­лай­ша, қала мен ауыл мектебіндегі бі­лім сапасының алшақтығы ай­тар­лықтай азайып келеді. Алайда ар­қаны кеңге салуға әлі ерте, ал­­ды­мызда көп жұмыс бар, оны тиім­ді атқаруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Білім реформаларын саралаған абзал

Мемлекет басшысы жиында бі­лім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған б­іраз түйткіл барын сөз етті. Сон­дықтан бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. 

– Біріншіден, оқу-ағарту са­ла­­­сындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін кө­­теру қажет. Бұл бағытта жүйелі шара­­лар қолға алынуда, нақты жұ­­мыс жүргізіліп жатыр. Соның ар­­қасында білім саласын таңдаған жас­тардың қатары көбеюде. 

Бұл – жақсы үрдіс. Биылдың өзін­­де мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық ма­ман­дық бойынша мемлекеттік грант ие­гері атанды. Олардың 2 мыңнан ас­та-мы – мектепті «Алтын белгі­мен» бітіргендер. Дегенмен кадр мәсе­лесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс.

Елімізге тағы да 5 мыңнан ас­там мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс. Соны­мен қатар мұғалімдердің білік­ті­лі­гін көтеру мәселесіне ерекше на­­зар аударған жөн. Алайда осы са­ладағы кезекті ауқымды ре­фор­маны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-тал­қанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу сала­сы­на үлкен зиян әкелді. Тек ре­фор­ма үшін жай ғана аты бар, за­ты жоқ реформалар жүргізуді до­ғару қажет. Басқа сөзбен айт­қанда, реформаларды, өзгеріс­тер­ді, әрине жүргізу керек, бірақ он­дай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзе­ліс­ке ұшыратпауы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сө­зінше, әрбір реформаны, әсі­ре­се білім саласындағы рефор­ма­ны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиім­ділігіне әбден көз жеткізу ке­рек. Реформа, бұл – бастапқы сы­нақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара. Үкі­мет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қай­та қарау кезінде бұл мәселені мін­детті түрде ескеруге тиіс. 

– Ұстаздарды мектеп пен ба­ла­бақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейім­дей­тін бірыңғай жүйе құру қажет де­ген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақ­ты қарап, қажет болса, іске асыру керек. Бұл іске әдістемелік ор­талықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру ме­­­­кемелері белсене атсалысуға тиіс. Осы салаға жауапты ми­нистр­ліктер педагогтардың жаңа буы­нын даярлау үшін күш жұ­мыл­­дыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұ­мыла әрекет ету қажет.

Өздеріңізге мәлім, мұғалім­дер­ге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өр­леу» біліктілікті арттыру ұлт­тық орталығы құрылды. Бірақ бү­гінде бұл ұйымның жұмысы мар­дымсыз деуге болады. Мә­се­лен, маған ұстаздардан аттес­тация ережесін қайта қарау ту­ралы көп­теген өтініш келіп түсті. Мұға­лім­дер артық жүктеменің және қа­ғазбастылықтың көп екенін ай­тып, шағымданып отыр. Осыған орай, мен педа­гог­тарды аттес­тация­дан өткізу та­лап­тарын оң­тай­ландыру, жетіл­діру жөнінде нақ­ты тапсырма бердім. Бұл жер­де бағалаудан мүл­де бас тарту не­месе оны күр­делендіру туралы сөз болып отыр­ған жоқ, – деді Мем­лекет бас­шысы. 

Президенттің айтуынша, білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. 

– Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызд­ы мәселе, оны қарас­тыр­ған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қа­жет. Тиісті министрлік бұл мә­селемен айналысып, көп ұзамай нақ­ты ұсыныстар беруге тиіс. Бі­ліктілікті көтеру бағдар­лама­ла­рына жаңа Конституция құнды­лық­тарын, сондай-ақ «Заң мен тәр­тіп», «Адал азамат», «Таза Қа­зақстан» идеяларын енгізген жөн, бұл қызметтік міндет деп ай­туға болады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы осы тұста екін­ші мәселе ретінде аймақтар ара­сындағы білім сапасына қа­тыс­ты алшақтықты жоюды атады. 

– Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқ­талғым келеді. Мәселен, Қы­зыл­орда, Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Қостанай облыс­тары­ның, сондай-ақ Астана және Ал­маты қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақ­төбе және Алматы облыс­та­рын­дағы жағдай жақсы деп айту қиын.

Әсіресе тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз. Бірақ облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайды.

Мәселе мынада: облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен бар­лық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлест­іруді тапсырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырды. Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн. 

– Құзырлы министрлік орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет. Мысалы, тарихи аңыздар мен шын­дыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет. Ал тиіс­ті бағдарламаларды даярлау, бұл – министрліктің жедел мақсаты.

«Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек. Осы орайда Ыбырай Алтын­сарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі. Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс.

Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал, – деді Мемлекет басшысы. 

Бұл орайда Президент бір мәселеге арнайы тоқталды. 

– Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды.

Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда.

Әрине балалардың болашағы үшін алаң­дап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақ­т­ы, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Біртұтас жүйеге бетбұрыс

Мемлекет басшысы үшінші мәселе ретінде Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуді атады. Жаңа цифрлық дәуірге қадам басқан тұста адами капитал дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Әрі бұл – Қазақстанның артық­шылығы. 

– Балаларымыз – талантты. Әлемде жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр. Бірер күн бұрын Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін халықаралық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары ар­найы келді. Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шара­ларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиа­дадағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі.

Озық технологиялар мен жастардың зият­керлік әлеуеті үйлесім тауып, қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отыр. Жаңа стартаптар ашылып, алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болды. Осы тәжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық эко­жүйе құру қажет. Сол себепті Цифрландыру және жас­ан­­ды интеллект жылы аясында саланы бас­­қарудың платформалық үлгісіне көшу басталды. Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сер­вис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Әсіресе соңғысы өте маңызды. Педагогтарды ығыр қыла­тын қағазбастылықтан, бітпейтін есеп­тен, ат­тестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек.

Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды. Оқу-ағарту мин­истрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетіл­дірумен, оқу үдерісін тиімді ұйым­дас­тырумен және білім беру бағ­дар­ламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қоры­тын­дысын жариялағанын, мектеп оқулық­тарынан 700-ден астам өрескел қате та­был­ғанын мәлімдеді. 

– Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, бала­ларға жалған «қаһармандар» мен олар­дың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы.

Биыл мамыр айында Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Бұл үлкен кемшілік. Себебі неде? Бәрібір технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды. Балалар мен педагогтардың жасанды ин­тел­лектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет. Жастар, әсіресе ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек. Сіздерді құлаққағыс етейін, Жол­дауда осы жөнінде нақты міндет қоямын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізге цифрлық мемлекет­тен цифрлық халық экономикасы деген түсі­нікке көшу қажет екенін ескертті. Бас­­қаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс. Жоғары білім саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың эти­ка­лық, құқықтық және ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар. Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет. 

– Жаңа формация мамандарын даяр­лауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе бол­­ғаны жөн. Осы орайда 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақ­тарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақыл­ға қонымды? Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын. Консти­туциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы қыркүйекте Жасан­ды интеллект университеті ашыла­тынын, бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлай­тынын айтты. Сол үшін Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан – Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн.

Президент атаған төртінші мәселе – балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау. 

– Бұл – мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтың бірі. ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мәлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін.

Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды. 2024 жылы – 695,5 ми­л­лион доллар, 2025 жылы – 888,8 мил­лион доллар, 2026 жылы 901,7 миллион дол­лар болды. Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетіс­тігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет бала­ларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр.

Жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл құжатта өскелең ұрпақты қолдауға арнал­ған шаралардың бәрі көрініс тапты. Барлық аймақта балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, сондай-ақ психо­ло­гиялық қолдау орталықтары құрылды, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келе жатқанын баяндады. Бірақ шешімін таппаған түйт­кілдер де бар. Мәселен, ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті. 

– Әлеуметтік желілер, цифрлық плат­фор­малар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Өскелең ұр­пақтың психологиялық саулығы мен эмо­циялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды.

Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау тура­лы» заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеу­меттік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрыл­тайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Үкі­мет балаларды қорғау мақсатында маз­мұнды (контентті) сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн. 

– Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақ­па­раттық иммунитетін қамтамасыз ете алады.

Тағы бір мәселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл – өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікір­таластарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алды­­мен, балалары­мыздың саулығын ойлап, аталған проблема­ның ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек, – деп тілге тиек етті Мемлекет басшысы.

Тәрбие тал бесіктен басталады

Ел Президенті бесінші түйткіл ретінде бала тәрбиесі мәселесіне баса мән беру қажетін айтты. 

– Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалыққа, мәдениеттілікке негізделген жаңа этика қалыптастыру ісі дәл осы маңызды миссияны жүзеге асырудан басталады. Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық саны­ның жартысына жуықтайды.

Еліміздің келешегі жарқын болсын де­сек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тәрбие­леуіміз керек. Жастардың бойына отаншыл­дық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылық­тарын сіңіруіміз қажет. Әйтпесе, салынған мектеп­терден, білім саласындағы иннова­циялық шешімдерден еш нәтиже болмасы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласы айрықша рөл атқаратыны баршаға мәлім.

Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет. Олар мектепті білім алатын, құрдас­тарымен араласатын және өміріндегі ең тамаша жылдарды – балалық пен жастық шақтың шынайы ғажап кезеңдерін өткізетін өз үйіндей қабылдауға тиіс. Қалай болғанда да, жағдай дәл солай болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе – жастардың құқықтық сауатын арттыру жайын атады. 

– Менің тапсырмам бойынша, осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіз­дері» пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конс­ти­туцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді.

Ал заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай, бұл өте қарапайым ақи­қатты көптеген жас азамат білмейді де, түсінбейді де. Біздің міндет – оларға өмірдің осы шындығын түсіндіріп айту, – деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, оқулықтардың мазмұны заман талабына, сондай-ақ жаңа Конституция идеяларына сай болғаны өте маңызды. Осы міндеттің сапалы әрі уақытылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты. 

– Мен бұған дейін мектептер мен жо­ғары оқу орындарына экологиялық ағарту саласының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі жөнінде айттым. Үкімет бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауға тиіс.

Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейте түсу керек. Қазір бұл бағдарлама, негізінен, орта білім саласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Ұрпақ тәрбиесі – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды міндет. Дегенмен осы мәселеге келгенде барлық жауапкершілікті тек мектептерге артып қою дұрыс емес. Біз тұтас қоғам болып, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Ең маңызды мақсат: Конституцияның негізгі қағидаттары ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болу­ға тиіс. Жастарымыз Конституцияны жақсы білуі қажет. Сонда ғана қоғамымыз өркениетті, білімді, ұқыпты, ал еліміз өте дамыған әрі озық болатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінше, балалардың ғылымға қызығушылығын оятпасақ, адам әлеуетін нығайту мүмкін емес. Бұл істе оқушыларға арнал­ған ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтары маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Дәл осын­дай алаңдар оқушыларға білімін іс жүзінде қолданып көруге, тәжірибе жүргізуге, ғалымдардың еңбегімен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. 

– Осы орайда Астанада, Алматыда және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын. Екі жыл ішінде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бас­тайды. Мұндай кітапханаларды Шым­кентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін.

Конституциямызда көрсетілгендей, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан білім беру мекемелерін көбірек салуға, білім беру жүйесін дамытуға және жетілдіруге ден қояйық. Өскелең ұрпақты өркениетті әрі жасампаз құндылықтар негізінде тәр­бие­леу – ортақ парызымыз. Мемлекет, ұстаздар және ата-аналар күш біріктіргенде ғана балаларымыздың үйлесімді дамуына барлық жағдайды жасай аламыз, басқаша айтқанда, жарқын болашағына жол ашамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы тұста Ұлы Абайдың «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп бекер айтпағанын сөз етті. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр. 

– Қазақ – кез келген сын-қатерді ең­серу­ге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние. Біз өскелең ұрпақты осын­дай кеселден, теріс түсініктен сақтауы­мыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан ұстаздарымыз, ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азамат­тарды тәрбиелеуге тиіс.

Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін. Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз отаншыл­дық дегеніміз жемісті, табанды еңбек екенін айта келе, әр саладағы еңбектің маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайтынын тілге тиек етті. 

– Қадірлі ұстаздар! Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз.

Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жаста­рымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Бұған еш күмәнім жоқ. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық. Мен бүгін бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын деймін! Қызмет­теріңізге табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы жемісті болсын!, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы. 

Жиын соңында Президент білім беру­дегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагогты мемлекеттік наградамен марапаттады.

М.ТӨЛЕУ