Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Қала көшелерінде мектеп формасын іздеген ата-ана, сөмкесін арқалап көріп жүрген бала, кеңсе тауарын түгендеген отбасы көбейді.
Бастауыштың қамы – бағадан
коллаж: Елдар ҚАБА
95
оқылды

Бала үшін бұл – жаңа білімге бастар алғашқы қадам болса, ата-ана үшін қыркүйекке дейін үлгеруге тиіс қомақты шығынның қамы мен заттың бағасы. «Былтыр бұдан арзан еді ғой», «Екі балаға алсам, түсіресіз бе?», «Мынаның сапалысы бар ма?» деген сауал әр жерден естіледі. Біз де көпшілікке ілесіп, базар мен дүкендерді аралап, бір баланы мектепке дайындау биыл қаншаға түсетінін есептеп көрдік.

Елімізде биыл 380 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Ал Тараздың өзінде 80 мемлекеттік мектепке 8 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы келеді деп күтілуде. Әрине, баласы үшін барын беретін ата-ананың алғашқы легі тамыз айының басында-ақ мектепке дайындықты бастап кеткен. 

Біз «Ауыл-Береке» базарына барып, әуелі бала жетектеген ата-ананың көптігіне көз жеткіздік. Содан әлеуметтік желіде «Уәлихан» кеңсе тауарлары» деп жарнамасы жер жарған кеңсе тауарларын сататын қатардан бастадық. Ішке кірсең ине шан­шыр жер жоқ. «Анау қанша?», «мынаны алып бер», «әрі тұр», «бері жылжы» деп сабылысқан көпшілік ішінен сатушыны әрең таптық. Өзін Забира деп таныстырған сатушы бұл тек сауда нүктесінің біріншісі ғана деді. Бірі дәптер санатып жатса, енді бірі сөмке таңдап әлек. Сатушы бір мезетте бірнеше сатып алушының сұрағына жауап беріп үлгеруге тырысады.

– Саудаласқан адамға баға жағын келісеміз. Қазір адам көп. Әсіресе кешкі уақытта сауда қызады. Таңғы сағат 9:30-дан кешкі 20:30-ға дейін осындамыз. Бір сатушының өзі үлгермейді, сондықтан әр бутикте екі адамнан жұмыс істеп жатырмыз. Сенбі-жексенбі, тіпті, үлгермей кетеміз. Ол кезде жақын ауыл-аймақтың барлығы базарға ағылады, – дейді сатушы. Сатушының сөзін жәрмеңкедегі қарбалас та аңғартып тұр. Бір сатып алушының саудасы аяқталмай жатып, орнына бірнеше адам келіп үлгереді. Осы кезде назарымыз сөмке таңдап тұрған ана мен балаға ауды. Бала өзіне ұнаған сөмкені арқасынан түсірер емес. Анасы бағасын сұрап еді, жүзінен көңілінің толмағаны бірден байқалды. «Басқа жерден қарап көре­йік», – деді ол баласына. Алайда ұлы таң­дағанынан қайтқысы жоқ. «Маған тек осы ұнайды», – деген райынан танбады. Анасы сөмкеге бір, телефондағы шотына бір қарап, біраз кідірді...

Мектепке дайындықтың қиындығы осындай сәттерден көрінеді. Ата-ана үшін бұл – қажетті заттардың тізімін түгендеу ғана емес, баланың қалауын ескеру мен отбасы бюджетінің мүмкіндігін қатар та­разылау. Әсіресе сөмке, аяқ киім, мектеп формасы секілді негізгі дүниелерге келген­де таңдау көбейгенімен, баға да соған сай өседі.

Базардағы сатушылардың айтуынша, биыл ата-аналар мектепке қажетті заттардың бағасындағы өзгерісті анық сезініп отыр. Келесі қатардағы сатушы Ханзаданың сөзінше, тамыздың 15-інен кейін сауда бірден жандана бастаған. Алайда ата-аналар биыл былтырғы бағамен сауда жасай алмайды.

– Былтыр 3 500 теңгеге сатқан сөмкені биыл 5 000 теңгеден сатып жатырмыз. Дәптердің данасы – 25 теңге. Ермексаз 600 теңгеден басталып, 1 000 теңгеге дейін барады. Сол секілді тізімін жасап келген анаға барлығын бірден түгендеп алу үшін арнайы жеңілдіктерді де қарастырып отырамыз, – дейді ол.

Демек, бір қарағанда арзан көрінетін ұсақ-түйектің өзі көбейе келе отбасы шығынын еселейді. Бір дәптер, бір қалам, бір қорап қарындаш, ермексаз, бояу, альбом – мұның бәріне сөмке, аяқ киім мен мектеп формасының құнын қосқанда оқу жылының алғашқы қоңырауы ата-ана қалтасына айтарлықтай салмақ салатыны анық.

– Мен – көпбалалы анамын. Екі балам мектепке барады. Биыл былтырғы қалған заттарының бәрін реттеп, ұстауға келеді, киюге болады деген заттарды сұрыптап, базарға келдік. Дегенмен бірқатар заты бар дегеннің өзінде баланы бір сыпыра киін­діріп, қажетін алып беру 120 мың тең­геден асып түсті. Екі балаға 250 мыңнан ар­тық қаржы жұмсадым. Оның өзінде ал­дын ала базардағы баға мен дүкендегі ба­ғаларды салыстыра отырып бағамдадық, – дейді көпбалалы ана Балнұр Жаңабай. 

Иә, дүкен демекші, бүгінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейген сауда орындарының әрқайсысында самсаған мектеп формасы. Бірі жеңілдік деп, енді бірі «бірін алсаң, екіншісі тегін» деген жарнамамен сатып алушылардың назарын аударады. 

Біздің келесі барған «MART» сауда орталығында ең қажетті дүниелерді үнемдеп алған жағдайда шамамен 70-90 мың теңге қаражат жұмсайтынымызға көз жеткіздік. Ал киімнің бірнеше түрін, сапалы аяқ киім мен жақсы сөмке таңдаса, шығын 120-170 мың теңгеге дейін барады. Ал сапалы немесе брендтік тауарларға басымдық берген отбасының шығыны 220-300 мың теңгеден де асып кетуі ықтимал. Бұл есепке қысқы киім, смартфон, планшет, жолақы, ақылы үйірмелер мен қосымша оқулықтар кірмейді. Әрі бұл шығындар – тек бір баланың есебі. 

Демек, екі баласы мектепке баратын отбасы тек негізгі оқу керек-жарағының өзіне 140-340 мың теңге аралығында қаржы жұмсауы мүмкін. Мұндай сома – кей отбасы үшін бір айлық табысынан да асып түсетін қаражат. 

Мектепке жиналғанда, ең алдымен, қалтаға салмақ түсіретіні – форма. Қазір ұл балаға арналған костюм-шалбардың бағасы шамамен 17-20 мың теңгеден басталады. Қыз балаға арналған төрт бөліктен тұратын форма 25-30 мың теңге шамасында. Ал киімнің әр бөлшегін бөлек алған жағдайда толық жиынтықтың құны 40-50 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Пиджак, шалбар, белдемше, жейде – әрқайсысы жеке-жеке сатылатындықтан, ата-ана бір киімнің бірнеше бөлшегіне қаржы шығарады.

Дегенмен арзанын іздеген ата-анаға таңдау бар. Кейбір сауда орындарынан ақ жейдені 5-6 мың, пиджакты 8 мың, белдемшені 6,5 мың теңге шамасында табуға болады. Осылайша, бір баланың мектеп формасын 30-40 мың теңге көлемінде жинақтауға мүмкіндік бар.

Формамен бірге аяқ киім мен спорттық киім де – міндетті шығындардың қатарын­да. Әсіресе оқу жылы қарсаңында аяқ киімге сұраныс артып, баға да отбасы бюджетіне сезіле бастайды. Бір қарағанда ұсақ көрінгенімен, мектепке арналған аяқ киім, спорттық костюм мен дене шынық­тыруға қажетті аяқ киім қосылғанда жалпы шығынның едәуір бөлігін құрайды. 

Сөмкенің бағасы оның сапасы мен брендіне қарай бірнеше есе өзгеруі мүмкін. Арзан нұсқаларын бірнеше мың теңгеге табуға болады десек, ортопедиялық немесе танымал брендтердің бағасы ондаған мың теңгеге жетеді. 

– Үш ұлымды мектепке дайындаудың өзі биыл отбасылық бюджетке едәуір салмақ түсірді. Жасыратыны жоқ, биыл мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарына 500 мың теңгедей қаржы жұмсадым. Оның өзінде бренд қуып, қымбат немесе люкс санатындағы дүние­лерді алған жоқпыз. Балаларға мектепке алғашқы кезекте қажет деген заттардың өзін ғана түгендедік. Былтырғы бағамен салыстырғанда биыл бәрі әлдеқайда қым­баттағаны бірден байқалады. Бір қарағанда бағасы арзан көрінгенімен, үш балаға көбейгенде әр теңге есепке түседі, – дейді көпбалалы ана Жадыра Табынбаева. 

2026 жылдың маусымындағы дерек бойынша, кеңсе тауарлары санатындағы тұтыну бағаларының индексі 105,3 пайыз болған. Сондықтан ата-аналарға барлық керек-жарақты бір жерден ала салмай, бірнеше сауда нүктесіндегі бағаны салыстырып алған тиімді.

Биыл мектепке дайындықта дүкен мен маркетплейс арасындағы таңдау да бар. Жүргізілген салыстыру бойынша дүкендердегі бір оқушыға арналған жиынтықтың бағасы қыз балалар үшін шамамен 78,3-206,9 мың теңге, ұл балалар үшін 75,2-204,8 мың теңге аралығында болған. Маркетплейстерде қыздарға арналған жиынтық 96,8-210,8 мың, ұлдарға арналғаны 109,9-250,5 мың теңгеге дейін жеткен. Дегенмен интернеттен акция мен жеңілдіктер арқылы тиімді ұсыныс табуға болады. Ал дүкеннің артықшылығы – киімді баланың өзіне өлшеп көруге мүмкіндік бар.

Ал қалған ата-ана үшін үнемдеудің ең қарапайым жолы – қажетсіз шығыннан бас тарту. Былтырғы оқу жылынан қалған сөмке, пенал, спорттық киім немесе кеңсе тауарлары жарамды болса, жаңасын алудың қажеті жоқ. Мектеп формасын бірнеше жерден салыстырып, жеңілдіктерді пайда­лану, брендке емес, сапаға мән беру де отбасылық бюджетке оң әсер етеді. Кеңсе тауарларын дайын қымбат жиынтық күйінде емес, қажетіне қарай жеке-жеке алған тиімді. Ал аяқ киімге келгенде тым арзанын қуаламай, баланың күнделікті киетініне және сапасына назар аударған жөн.

Мектепке дайындық баланың жаңа оқу жылына қажет заттарын түгендеумен ғана шектелмейді. Бұл – отбасының мүмкіндігі мен баланың қалауын үйлестіретін шағын есеп-қисап. Сондықтан қыркүйектің алғашқы қоңырауына дайындықты соңғы күнге қалдырмай, ең әуелі қажет дүниені анықтап, содан кейін ғана қалтаға қарай таңдау жасау – биылғы мектеп қамының ең ұтымды жолы.

Жаңа оқу жылы таяған тұста «Мектепке жол» акциясы да қыза  түсуде. Биыл баянды бастама «Бала қуантқан бақытты» атауымен айдарланып отыр.1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығын қамтитын жоба көпбалалы ата-аналарға демеу екені хақ. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы