Арнайы рейспен келгендер бақылауда
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов арнайы өткен брифингте «Қазіргі таңда облыс көлемінде коронавирус жұқтыру дерегі жоқ. Десе де, коронавирус жұқпасы тіркелген жағдайда облыстағы медициналық мекемелер тиісті шаралар қолдануға дайын. Бүгінде дәріханалар мен ауруханалар медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді», – деді. Аталмыш басқарма баспасөзі берген мәліметке сүйенсек, өңірде карантинге арналған 1 840, провизорлық 200, инфекциялық 130 кереует дайын. Қазіргі күні 40 адам карантинде жатыр. Олардың көбі облыстық туберкулезге қарсы диспансерге орналасқан. Құрманғазы ауданында – 2, Мақат пен Жылыой аудандарында бір адамнан карантинде жатыр. Соңғы күндері атыраулықтар арнайы рейспен келген жолаушылардан қауіптеніп, бақылауға алуын сұрауда. Алайда денсаулық сақтау басқармасы жағдайды қадағалап отырғанын хабарлады. Айталық, 20 наурыз күні Атырауға Біріккен Араб Әмірліктерінен қазақстандық 126 жолаушы келді. Олар індет қаупі өлшемі бойынша 2 категорияға жататын қауіпті емес елден келді. Әуежайда толық тексеруден өткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизовтың айтуынша, барлығының жағдайы жақсы. Үйлеріне жіберіліп, тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауға алынған. 24 наурызда Атырауға Бішкектен шыққан әскери ұшақ келіп қонды. Ұшақ бортында 21 жолаушы, Амстердамнан 18 жолаушы келді. 26 наурызда Атырауға арнайы рейспен Атырау және Маңғыстау облыстарының студенттері ұшып келді. Бұл студенттер алдымен Варшавадан Қарағандыға жеткізілген. Барлығы коронавирусқа қатысты арнайы тест тапсырды. «Варшава–Қарағанды» рейсінің жолаушылары карантинге 2 күн жатып шыққан. Тест нәтижесі олардың денінің саулығын көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, Польшадан Қазақстанға барлығы 207 адам оралған. – Басым көпшілігі шетелде оқып жүрген студенттер. Студенттердің біразы батыс өңірлерінен. Жолаушылардың барлығы коронавирусқа тест тапсырып, инфекциядан аман екені анықталды,– деді Ержан Әбілханов. – Махамбет Жолдасқалиұлының тапсырмасымен «Теңізшевройл» компаниясымен жиын өткіздік. Аталған компанияның әуекемесін қолдануға шешім қабылдадық. ТШО компаниясына және кәсіпорын басшысы Имер Боннерге бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Үстемеақы төлеу жөнінде ешқандай сұрақ туындаған жоқ. Екі рейсті де өз есебінен төледі. Барлық студенттер тегін ұшып келді, – деді Ержан Әбілханов.Көшпелі отырыс індетті жолатпауға арналды
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов денсаулық сақтау басқармасы, полиция департаменті мен Атырау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшылығымен көшпелі кеңес өткізді. Аймақ басшысы Атырау қаласының кіреберісіндегі полиция бекеттерін қарап шықты. Аталған нысандарда санитарлық пункттер орналастырылуда. Мұнда өзге өңірлерден облыс орталығына көлікпен өтетін адамдар тексерілетін болады. – Кешеден бері пункттерде полиция қызметкерлерімен қатар, Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары кезекшілікті бастады. Олар көлік жолаушыларын резидент емес нөмірімен тексереді. Сонымен қатар жолаушылардың дене қызуы өлшенеді, – деді департамент бастығы Мейіржан Есімбаев. Әкім санитарлық нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен жабдықтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Өз кезегінде, бөлім басшылығы тәулік бойы кезекшілік атқаратын қызметкерлердің тізімін дайындауы тиіс. – Біз санитарлық нысандардың жұмысын облыс орталығында коронавирус инфекциясының алдын алу үшін ұйымдастыруымыз қажет. Карантин жарияланған аймақтардан қалаға кіретін көлік жолаушыларын мұқият қадағалау керек,– деді Атырау облысының әкімі. Көшпелі жиын соңында Махамбет Досмұхамбетов облыстық туберкулезге қарсы диспансерде болды. Мұнда аймақ басшысы жеке гигиена заттарымен, қауіпсіздік техникасымен, карантинге жатқызылған науқастарға арналған жиһаздар жеткізілген қойманы қарап шықты. Қажетті жабдықтар «ТШО» компаниясының демеушілік қаражаты есебінен алынған.Өңірде дезинфекциялау жұмыстары басталды
Кешеден бастап облыс орталығындағы халық көп жиналатын қоғамдық орындарды дезинфекциялау жұмыстары басталды. «Батыс» аймақтық қолбасшылығының әскери қызметшілері аумақты дезинфекциялауға қатысуда. Арнайы жеке қорғаныс киімдерін киген әскери қызметшілер дезинфекцияға арналған ерітінділерді пайдаланды. Жұмыс қаладағы төрт учаскеде – халықаралық әуежайда, автовокзал және теміржол вокзалы, сондай-ақ «Исатай-Махамбет» алаңында жүргізілуде. – Дезинфекциялық аумақтағы ерітіндінің әсері 5 сағатқа дейін созылады. Оның тұрғындар үшін ешқандай қаупі жоқ. Бүгінгі таңда 3,5 тонна ерітінді пайдаланылды,– деді «Батыс» аймақтық қолбасшылығы Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскери бөлімінің қызметкері Сафар Фазылов.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы