Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы лауазымына «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін бірқатар рәсімді өткізу керек екенін еске салды.
«Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады.
Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын.
Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді.
Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Президент.
