Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылып жатқанын сөз өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты
– Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, ең маңыздысы, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр. Соғыстан, дағдарыстан және қырғи-қабақ қатынастан көз ашпаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзін бірегей тәжірибе деп атауға болады. Бірде-бір аймақта мұндай үлгі етер мысал жоқ. Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз. Осы жаңғыру жолынан жаңылмай, қол жеткізген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлтымыздың тарихи дамуындағы негізгі аспектілерге қатысты ұстанымымыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн.
Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Аузымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн. Бұл аса маңызды қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдырса деген тілек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді, – деді Президент.
Оның айтуынша, баршаңыз әлемдегі ахуалдың аса күрделі, тіпті болжауға келмейтінін айтты.
– Өзара сенім жоғалған, тұрақсыздық белең алған мұндай алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұрғанын айрықша атап өткен жөн. Жаһан елдері, соның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттердің өзі біздің пікірімізге құлақ асады. Бұл – өте маңызды. Біз ұлттық мүддемізді бәрінен биік қоя отырып, елімізге тән бейбітшілік, өзара достық пен тиімді серіктестік құндылықтарын күллі әлемге табанды түрде дәріптей береміз. Түптеп келгенде, ұлт болып ұйыса алмасақ, азаматтарымыз ортақ іске жұмылмаса, осы жетістіктердің ешқайсысы да болмас еді. Еліміздің басты қуаты, яғни, стратегиялық басымдығы – халықтың мызғымас бірлігінде және жасампаз рухында. Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз керек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз қажет. Біздің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да – айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.
