«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ пен Adventure Travel Trade Association ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан Орталық Азиядағы шытырман оқиғалы туризмді дамытудың жаңа алаңына айналады
Фото: iStock
166
оқылды

Астанада Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың Adventure Travel Trade Association (ATTA) Халықаралық шытырман оқиғалы туризм қауымдастығының бас директоры Шеннон Стоуэллмен ресми кездесуі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесу барысында тараптар шытырман оқиғалы және тұрақты туризмді дамыту мүмкіндіктерін, елдің әлеуетін бағалау үшін ATTA халықаралық сараптамасын тартуды, қауіпсіздік пен гидтерді даярлау мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанды Орталық Азиядағы шытырман оқиғалы туризмнің негізгі платформасы ретінде ілгерілетуді талқылады.

«Бүгінде туристер үшін бірегей тәжірибе: табиғат, мәдениет және белсенді бағыттар барған сайын маңызды болып келеді. Қазақстанның бұл бағытта әлеуеті зор. ATTA-мен ынтымақтастық бұл жұмысты гидтерді даярлаудан бастап шетелдік серіктестермен әріптестік орнатуға дейін жүйелі түрде жолға қоюға мүмкіндік береді», деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев.

Кездесу аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов пен ATTA бас директоры Шеннон Стоуэлл өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, өңірлердің туристік әлеуетіне сараптамалық бағалау жүргізуге, қазақстандық мамандарды оқытуға, шетелдік серіктестер үшін ақпараттық-таныстыру турларын өткізуге, сондай-ақ Қазақстанда ATTA-ның ірі халықаралық іс-шараларын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға бағытталған.
ATTA зерттеуіне сәйкес, 2024 жылы жаһандық шытырман оқиғалы шығу туризмі нарығының көлемі 1,16 трлн долларға жетті. Бұл ретте халықаралық саяхатшылардың 67%-ы  Open to Adventure санатына жатады, яғни олар табиғатты, мәдениетті және шытырман оқиғаларды қамтитын сапарларға қызығушылық танытады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.