Жанарбек Әшімжанов жаңа Құрылтайдың жұмысын бастауы — қоғамның мемлекет басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік беретінін, халықтың сенімі мен мүддесін заң шығару деңгейінде қорғауға жол ашатын жаңа саяси кеңістіктің қалыптасуы дейді.
Ұлт жылнамасының жаңа парағы ашылды – Жанарбек Әшімжанов
177
оқылды

Құрылтай депутаты, журналист Жанарбек Әшімжанов бүгін қазақ елі аса маңызды саяси кезеңге қадам басқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты.

Оның айтуынша,  бүгін – ұлт жылнамасының жаңа парағы ашылған күн. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясының ресми ашылуы — елдің саяси жүйесіндегі кезекті институционалдық өзгеріс қана емес, халықтың үнін билікке тікелей жеткізуге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған маңызды тарихи кезең деуге болады, – деді ол. 

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов жаңа Құрылтайдың жұмысын бастауы — қоғамның мемлекет басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік беретінін, халықтың сенімі мен мүддесін заң шығару деңгейінде қорғауға жол ашатын жаңа саяси кеңістіктің қалыптасуы дейді.

– Президент өз баяндамасында еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдында тұрған негізгі басымдықтарға тоқталды. Әсіресе, ұлттың тұтастығын сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік әділдікті орнықтыру мәселелері әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздің болашағы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтіні анық. 

Мемлекеттің қуаты ең алдымен оның рухани тұғырының беріктігімен, ұлттық құндылықтарының өміршеңдігімен айқындалады. Сондықтан өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тарихымызды түгендеу, мәдениетімізді жаңғырту — кейінге қалдыруға болмайтын маңызды міндет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселелерді елмен кездесулерінде үнемі атап өтіп келеді. Демек, ұлттың темірқазығы саналатын руханият мәселесі мемлекеттіліктің күн тәртібінен бір сәтке де түскен емес. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыру, әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты өзегі. Әлеуметтік теңсіздікті азайту, өңірлердің дамуындағы алшақтықты қысқарту, әрбір азаматтың мәселесіне назар аудару – Құрылтай депутаттарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі, – дейді Жанарбек Әшімжанов. 

Құрылтай депутаты халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, ел игілігіне бағытталған әділ әрі тиімді шешімдер қабылдау жолында аянбай еңбек ету  өз парызы санайтынын айтты.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, алдымызда заңнаманы заман талабына сай жаңғырту және қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру міндеті тұр. Депутаттар тек заң қабылдаумен шектелмей, қоғамдағы жаңа құндылықтар мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да үлес қосуға тиіс.

Президент айтқандай, «қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес». Сондықтан биліктің барлық тармағында кадрлық жаңғыруды жалғастырып, саясатқа жаңашыл ойлайтын, жасампаз әрі жауапкершілігі жоғары азаматтарды тарту — жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды бағыты.  «Реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, болашақ ұрпақ бізді ешқашан кешірмейді», – деді Президент өз сөзінде.

Президент сөзі баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін, уақыттың талабын дәл аңғартатын маңызды үндеу. Осы орайда түрлі саланың тәжірибелі мамандары мен жаңа буын өкілдерінен құралған депутаттық корпус халықтың сенімін ақтап, ел игілігі жолында табанды еңбек етеді деп бек сеніммен айтуға болады.

Жаңадан өз жұмысын бастаған Құрылтай — ортақ мақсатқа жұмылған елдің бірлігі мен саяси кемелдігінің көрінісі. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Ең бастысы,  халықтың сенімін ақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін адал әрі нәтижелі еңбек етуге бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов.