Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі.
Ұлт жылнамасының жаңа парағы
147
оқылды

– Құрметті Құрылтай депутаттары, Үкімет мүшелері! Қадірлі қауым! Баршаңызға бірінші ша­қы­рылымдағы Құрылтайдың бірінші сес­сиясының ашылуы құтты болсын! Бүгін еліміз өзінің даму жо­лын­да аса маңызды кезеңге аяқ бас­­ты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, та­ри­хи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз.

Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қол­даған жаңа Конституцияға сәйкес елі­міздің бір палаталы заң шы­ғару­шы органы – Құрылтай ресми түр­де өз жұмысына кіріседі. Бұл – мем­­лекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бас­­­тау алады деген сөз, – деп баста­ды сөзін Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, төл тарихымызға зер сал­сақ, Құрылтайда мемлекеттік маңы­зы бар мәселелер кеңінен та­л­қы­ланып, ортақ шешімдер қа­был­дан­ған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. 

– Себебі Құрылтай билік жүйе­сін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлт­тық заңнама сапасын арттыру ар­қы­лы еліміздің құқықтық негізін ны­ғайта түседі. Осы тарихи мис­сия­ны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші ша­қы­ры­лымының депутаты болу – ең ал­дымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен ба­қыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қыз­мет етесіздер деп сенемін!

Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сай­лауы айқын аңғартты. Осы нау­қанға азаматтарымыздың 74 пайыз­дан астамы қатысып, дауыс берді. Хал­қымыз ел тағдырына әсер ете­тін тарихи таңдауын жасады. Жұр­ты­мыз бұл іске зор жауапкерші­лік­пен қарап, қоғамымыздың ауыз­бір­ші­лігін паш етті. Осылайша, ел бір­лігінің мызғымас тірегіне ай­нал­ған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты, – деді Мемлекет басшысы.

Саяси жүйе айқындала түсті

Президент Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызы­ғу­шы­лығы өте жоғары болғанын ай­т­ты. Қазақстанға беделді халы­қ­ара­лық ұйымдар мен шет мемлекет­тен 800-ге жуық байқаушы келді. 

– Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көр­сет­кіш. Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ды. Бүгінде азаматтарымыз сая­­­­сатқа оң көзбен қарап, қоғамдық іс­терге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс. Мұны жұртшы­лық­тың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп тү­сінген жөн.

Қазіргі заман құр уәденің, жал­ған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бас­тады. Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отыр­мыз. Құрылтайға білікті ма­ман­дардың келуі – осының айқын дә­лелі. Әрине, бәсекенің аты – бә­секе. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Алай­да елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түр­лі мардымды пікірлер, ұсыныс­тар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді.

Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өт­кен сайлау ең алдымен Қазақ­стан­дағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін бай­қатты. Партиялар өзінің әлеуетін то­лық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсін­ді­ріп, жеткізе білді. Науқанға қатыс­қан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қо­ғамдық өмірге үлкен серпін бер­ді. Көптеген байқаушылар пар­тия­лардың арасында ашық бәсеке бол­ғанын айтты, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы әр партия­ның өз бағдары, ұстанымы және идео­логиясы барын жеткізді. Нау­қан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқын­дала түсті. 

 – Мұны Құрылтай сайлауының не­гізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің ар­қа­сында Қазақстандағы саяси-қо­ғам­дық мәдениет үнемі дамып, же­тіліп отырады. Болашақта пар­тия­лардың билік жүйесіндегі ық­па­лы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек. Сон­дықтан партиялар алған бағыт­тарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың бе­де­лі күшейе түседі.

Осы мүмкіндікті пайдалана оты­рып, партиялар ұсынған бағ­дар­ламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады. Елі­міз­дің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды ше­шімдер Үкіметтің жұмысында ес­керілуге тиіс, – деп атап өтті Прези­дент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау­да «Әділет» партиясы басым дауыс­пен жеңіске жетіп, Құрылтайда конс­­титуциялық көпшілікті құрап отырғанын тілге тиек етті. 

– Сондықтан «Әділет» пар­тиясы­на қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жо­ғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүд­деге ұйыстырып, реформа­лар­дың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орын­далады деп сенемін.

Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құра­мы­на айрықша жауапкершілік жүктеледі. Де­путаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шы­ғармау қажет. Қазір еліміз дамудың даң­ғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу ке­­­зеңіне қадам басты. Биыл еліміздің бо­ла­шағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішін­де бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елі­мізде жалпыұлттық референдум арқылы ау­қымды конституциялық реформа табыс­ты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық.

Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заң­ды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қа­ланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын то­лық жаңғыртып, билік институттарының тиім­ділігін арттырады, сондай-ақ азамат­тары­мыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақ­ты мүмкіндік береді, – деп жалғады сө­зін Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, реформаның ар­қасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды. 

– Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сын­дарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мы­салы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау ке­зеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады.

Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік. Бұл – өткенді көксеу емес. Бұл – тарихи сабақ­тас­тықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи бас­қару жүйесімен ұштастыру деген сөз. Құрыл­тай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды.

Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынты­мағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құр­ған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қа­зақстанды құрып жатырмыз. Алда ау­қым­ды жұмыс күтіп тұр. Сіздер осы миссия­ны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен, ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет етесіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәуірге бейімделу даңғылы

Мемлекет басшысы әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын екенін айтты. 

– Бұл катаклизмдерден елдер мен ха­лық­тардың ешбірі тыс қалған жоқ. Мем­ле­кет­тердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы се­німге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның инс­титуттарының қызметіне зардабын ти­гізуде. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы жә­не аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын ат­қара алмай отыр.

Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйым­дар алға шығып, олардың рөлі айтар­лық­тай артты. Әлемдік аренада «Орта дер­жа­валар» деп аталатын мемлекеттер бой көр­сете бастады. Қазақстан да аталған са­нат­қа кіреді.

Сонымен қатар тұрлаусыз әлемде са­лыс­­тырмалы түрде жаңа үдеріс белең алды. Цифрлық технологиялар мен жасанды ин­теллект қарыштап дамуда. Бұл үдерістің түп­тің түбінде қайда апарып соғары беймә­лім, тіпті қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пі­кір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зар­да­бын келешек ұрпақ тартады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұста әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатқанын тілге тиек етіп, ол кереғар сипатқа ие екенін жет­кізді. 

– Бір жағынан – қауіпті, зиянды, ке­ле­ше­гі бұлыңғыр, ал екінші жағынан – ілгері, тех­нологиялық, перспективті әрі адамзат тари­хындағы елеулі бетбұрыс саналады. Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әс­кери-дипломатия салаларында өзінің еге­мендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қау­қарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін да­мытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті.

Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақ­ты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды ре­фор­малардың қарқыны алдағы уақытта үдей түс­песе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айт­қанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулі жетістік.

Қазақ елінде жүргізіліп жатқан рефор­ма­лардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келе­шек­тегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер мей­лінше ескерілген. Бұл – аса маңызды. Бас­қаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикада да іргелі реформалар қолға алынғанын мәлімдеді. 

– Азаматтардың әл-ауқатын арттыру бас­ты міндет ретінде белгіленді. Индустрия­лан­дыру қарқын алып, экономиканың жаңа өн­дірістік негізі айқындалып келеді. Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қо­мақты қаржының нәтижесінде барлық өңір­де жаңа өндіріс нысандары мен мың­даған жұмыс орны ашылып жатыр. Қа­зақ­станда халық тұрмысы мен эко­номикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды.

Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-на­сихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қа­зақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә бол­дыңыздар. Алайда үлкен құрылысқа қо­мақ­ты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс. Әлеуметтік-эконо­ми­к­а­лық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стра­тегиялық маңызды жобаларды қаржы­лан­дыру, соның ішінде Ұлттық қордан қар­жы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оң­ды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұн­дай қауе­сетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың тиім­­­ділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игі­лігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенетінін жария етті. 

– Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қо­мақты қаражат аударылып жатыр. Жақында ұстаздар алдында сөйлеген сөзімде оның мөл­шерін айттым. Келешекте өскелең ұр­паққа қызмет ететін заманауи, сапалы инф­ра­құрылымды дамытуымыз керек.

Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы он­даған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жол­дауымда кеңірек тоқталамын. Біздің қа­лағанымыздай жедел болмаса да, еліміз ғы­лымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып, инновациялық өркендеу жолына бағыт алды.

Біз әлеуметтік мемлекет ретінде азамат­тар­дың әлеуетін арттыруға әрдайым баса мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия саласын жан-жақты дамытуға айрықша назар аударамыз. Мемлекет мақсатшыл, та­бан­ды, еңбекқор адамдарға әрдайым қо­лай­лы жағдай жасайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жас­тарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі бұл – табысқа жетудің көзі. 

– Азаматтарымыз жаңа дәуірде құқық­тық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөн­сіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет. Мұның бәрі – елі­міздің өсіп-өркендеуіне бөгет болатын ке­дергілер. Салиқалы ұлттық сана-сезімді қа­лыптастыру ісіне айрықша мән беру керек. Мен бұл туралы Тамыз конференциясында арнайы айттым. Енді осы мәселеге Құрылтай қабырғасында қайта оралғанды жөн көріп отырмын. Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күн­ге деген сенімді, келешекке деген үмітті әл­сіретеді.

Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жыл­дардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тари­хымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді еш­қашан ұмытпаймыз. Алайда халқы­мыз­дың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіз­дік­терден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.

Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа ха­лықтардың тарихымен қатар, өз тари­хы­мызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қа­рауға болмайды. Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көз­қа­рас­­пен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өс­келең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, кө­кірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы тү­сінеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Ел Президенті бүгінде еліміздегі қоғам­дық өмірдің барлық саласы реформаланып, біре­гей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылып жатқанын сөз етті. 

– Мемлекеттік институттар мен эко­но­ми­када ғана емес, ең маңыздысы, аза­мат­тық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр. Соғыстан, дағдарыстан және қырғи-қабақ қатынастан көз ашпаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзін бірегей тәжірибе деп атауға болады. Бірде-бір аймақта мұндай үлгі етер мысал жоқ.

Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жү­ріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен ай­та аламыз. Осы жаңғыру жолынан жаңыл­май, қол жеткізген нәтижелерді ор­нықтыру үшін ұлтымыздың тарихи да­муын­дағы негізгі аспектілерге қатысты ұста­ны­м­ы­мыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн.

Қоғамымыз аңыздарға емес, шы­найы­лыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Ауызымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн. Бұл аса маңызды қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан хал­қымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қар­сы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көк­жиегін кеңейтуге жұмылдырса деген ті­лек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұра­тымызға жеткізеді. Баршаңыз әлемдегі ахуал­дың аса күрделі екенін, болжауға кел­мейтінін көріп-біліп отырсыздар. Өзара се­нім жоғалған, тұрақсыздық белең алған мұн­дай алмағайып кезде Қазақстанның ха­лықаралық беделі биік тұрғанын айрықша атап өткен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ұлт болып ұйыса білген жөн

Мемлекет басшысы жаһан елдері, со­ның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мем­лекеттердің өзі еліміздің пікіріне құлақ аса­тынын жеткізді. 

– Бұл – өте маңызды. Біз ұлттық мүд­де­міз­ді бәрінен биік қоя отырып, елімізге тән бей­бітшілік, өзара достық пен тиімді серік­тестік құндылықтарын күллі әлемге табанды түрде дәріптей береміз.

Түптеп келгенде, ұлт болып ұйыса алма­сақ, азаматтарымыз ортақ іске жұмылмаса, осы жетістіктердің ешқайсысы да болмас еді. Еліміздің басты қуаты, яғни стра­те­гия­лық басымдығы – халықтың мызғымас бір­лігінде және жасампаз рухында. Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз ке­рек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеу­меттік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан ал­ға үмітпен, сеніммен қарауымыз қажет. Бі­здің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да – айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды жұ­мыс істеуіміз керек.

Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісі­не баса назар аударатын болдық, бұл жұ­мыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жа­дында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлт­тың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қа­зынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді. Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие бере­міз?! Біздің төл тарихымыз – қазіргі жә­не келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама. Себебі қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық. Санасы сергек, ойы азат ұлт өт­кен күннен сабақ алады, өткен тарихын биік­ке көтереді және әрдайым алға ұмты­лады, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қа­зір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қа­дам басып жатқан кезде бұл ұстаным ай­рық­ша маңызды екенін баса айтты. 

– Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыз­дың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажы­ратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ бол­ғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғы­лымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе ал­май, көш соңында қалып қоюымыз мүм­кін. Бірақ біз бұған жол бермейміз.

Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұс­тап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады. Елімізді көркейтеміз десек, осын­дай ұлт перзенттерінің өмірін, ұста­ным­дарын үлгі-өнеге етуіміз керек. «Ондай бол­мақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес. Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауап­кер­шілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Бұдан соң Президент Құрылтай жұ­мы­сының басталуы мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі іргелі институционалдық өзге­ріс­тер­ге жол ашатынын мәлімдеді. 

– Себебі Құрылтай билік жүйесін қа­лып­тастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жо­ғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жо­ғарғы сот судьяларын сайлайды және қыз­метінен босата алады. Құрылтайға Конс­титуциялық сот пен Жоғарғы сот судья­ларын, сондай-ақ депутаттарды құ­қық­­тық иммунитеттен айыру құзыреті бе­рілген. Құрылтай Үкімет пен Жоғары ауди­тор­лық палатаның республикалық бюджет ту­ралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұ­дан бөлек, депутаттар Үкіметке сенім­сіз­дік білдіруге, Президентке Үкіметтің же­келеген мүшелерін қызметтен босату ту­ра­лы ұсыныс білдіруге құқылы.

Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын ай­қындайтын стратегиялық маңызы бар мә­селелерді шешуге қатысты аса ауқымды құ­зырет берілді. Біз, осылайша, заң шығару­шы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара тең­герім жүйесі нығая түседі деген сөз, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, мем­лекеттік және қоғамдық институттарды жүйе­лі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады. 

– Енді мен Құрылтайдың алдында тұр­ған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін. Бірінші. Жаңа Конституция норма­ла­рын ескере отырып, еліміздің заңна­ма­сы­на түзетулер енгізу қажет. Жаңа конс­ти­ту­циялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қыз­метін қамтамасыз ететін бірқатар маңыз­ды заңдарды қабылдады. Енді Құрыл­тай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият са­ралап, олардың Конституция қағидат­тары­на сай болуын қарауы керек.

Екінші. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұ­рақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі ке­рек. Бұған дейін Сенат пен Мәжіліс қа­был­даған заңдардың Конституцияға сәй­кестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет. Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңд­ары­мыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғ­ни заман талабына сай болуы керек. Се­бебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағ­ды­рына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қа­ра­лып, жан-жақты талқылануы қажет, – деді Ел Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, заң шы­ғару қызметінің сапасын арттыру және жем­қорлыққа себеп болатын жағдайлардың ал­дын алу үшін жасанды интеллектіні кеңі­нен қолдануға болады. 

– Әрине, озық технологиялар кәсіби құ­қықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арт­тыруға болады. Депутаттар осы мүм­кін­дікті ұтымды қолдануы керек. Қазір менің бас­тамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйе­сі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйт­кіл­дерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүм­кін­дік береді. Басты мақсат – цифрлық қыз­меттерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы ор­гандар депутаттармен бірлесіп, осы платфор­маны Құрылтай қызметіне тезірек бейім­деуі қажет.

Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырт­тық­қа жол беруге болмайды. Құрылтай қо­ғам­дағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына ай­налуы қажет. Депутаттардың қызметі заң­дылық, ашықтық, өзара сыйластық, пі­кір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, үшінші мін-дет – депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет. 

– Мен осы жылы жасанды интеллектіні ор­та білім беру саласына енгізу, цифрлық ак­тивтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.

Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұр­ғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жа­тырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Ал­тын визаны» енгізудің маңызы зор. Соны­мен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат.

Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қал­даяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі мара­паттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қыз­мет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан аза­маттарға беріледі. Енді осы бастаманың заң­намалық негізін қалыптастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, Құрыл­тай қос палаталы Парламенттің депу­таттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. 

– Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлт­тық құрылтайдың Бурабайдағы оты­ры­сын­да айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың то­лыққанды білім алуына жағдай жасау қа­жет. Әсіресе медициналық және әлеуметтік қыз­меттердің сапасын арттыру керек. Осын­дай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қала­ларында салу қажет. Демеушілер де осы маңыз­ды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мем­лекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қол­дау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұ­рақ­ты ұстаным.

Жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы жә­не ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған ба­ла­лардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң ар­қылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мә­селеге таяуда өткен Тамыз конференция­сында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толы­ғымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, – деп атап өтті Президент.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев энер­гетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік бере­тін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңыз­ды екенін айтты. Сондай-ақ онлайн-плат­формалар мен масс-медиа мәселесіне қа­тысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құ­қықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.

Қоғамға құндылықтар қажет

Мемлекет басшысының сөзінше, түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. 

– Ұлттық мүддені, жұртшылықты тол­ған­дыратын мәселелерді және қазіргі әлем­дік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты же­дел әрі сапалы атқарған жөн. Біз қазір қо­ғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жа­тырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыпты­лық­ты талап ететін өте қажетті жұмыс. Жаңа эти­каны қалыптастыру ісі ел алдындағы аза­маттардың, сондай-ақ мемлекеттік қыз­метшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құл­қына байланысты екені сөзсіз. Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет. Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге ті­ке­лей қатысы бар маңызды мәселе.

Жалпы, жұртымыз елдегі реформа­лар­дың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап ба­ғалайды. Бұрынғы Парламентпен салыс­тырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзге­рістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, ең­бекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген ре­формалардың аса маңызды нәтижесі. Ашы­ғын айтсақ, институционалдық өзге­ріс­тердің түпкі мақсаты да – биліктің бар­лық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ес­кірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес, – деп өрбітті сөзін Президент. 

Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше, елі­мізге жауапкершіліктен қашпайтын, ба­тыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өз­геріс жасай білетін азаматтар қажет. 

– Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге тү­сіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұ­мыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз ре­фор­маларды аяғына дейін жеткізбей, Әді­летті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқа­шан кешірмейді.

Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз. Елі­­міздің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ы­қы­ласына, қажыр-қайратына және отан­шылдығына байланысты екені сөзсіз. Сіз­дер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тә­жірибе жинаған білікті мамансыздар. Өз­деріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бас­тамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек ете­сіздер деп сенемін, – деді Мемлекет бас­шысы. 

Президент Құрылтайдың бірінші ша­қырылымы ел дамуының жаңа белесі еке­ні­не назар аударды. 

– Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Ен­ді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тие­тін шаруамен айналысу қажет. Әрбір ше­шім елдің тағдырына, мемлекеттің бола­шағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек.

Құрылтай мемлекет пен халықтың ара­сын­да дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қазақстан парла­мен­таризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ең басты игілік – бірлік» деген тамаша сөзі бар. Шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын ны­ғайтып, нық сеніммен алға қадам басып ке­леміз. Береке бірлік бар жерге ғана тұрақ­тайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кә­міл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының жаңа Конс­ти­туцияға сәйкес билік институттарын жа­­­­сақтау жұмысын бастау үшін бірқатар рә­­­сімді өткізуі керек екенін баяндады. 

– Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес, Құрылтай Төрағасының лауа­зымына кандидатураны Президент ұсы­нады.

Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйе­сінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлел­деді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. 

– Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Пре­зиденттің және Премьер-Министрдің кан­ди­датуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төр-а­ғасының орынбасарын тағайындаймын. Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқын­далған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Жолдауда кө­терілген барлық бастаманы атқарушы жә­не заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе қыз­метіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек.

Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тари­хындағы тұңғыш жоғары кон­суль­тативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеу­меттік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие бо­л­ады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган. Осы­лайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің бар­лық негізгі институттары жаңғырып, ал­дағы реформаларға тың серпін береді.

Нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ұлт мүд­десі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күш­ті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу – па­рыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек ете­сіздер деп сенемін. Құрылтай жұмысына та­быс тілеймін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өр­кендей берсін! Қазақстан Республикасы жа­сасын! – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы. 

М.ТӨЛЕУ