– Шырағым! Той ұйым­дас­тыру орталығы осы ма?
Тентек кәде
163
оқылды

– Осы! Осы! Келіңіз! Төр­ле­тіңіз!

– Балам үйленіп, той жаса­ға­лы жатыр едік. Тойдың қызықты өтуі асабаға тікелей қатысты ғой, шырағым. Маған тойды жанды­рып жіберетін асаба керек.

– Ондай асаба бізде бар. Тіпті пішен. Тойыңызды түрлендіріп тамаша етіп өткізіп береріне бәс тіге аламын. Алдын ала ақысын төлесеңіз, боқысын шығарамыз.

– Боқысы несі тағы?

– Сөздің реті ғой, ақсақал. Тойды мынауский етіп өткізіп береміз деген сөз ғой. – Ә! Осы сендер қайдағы жоқ сөзді қайдан тауып ала қоясыңдар? Жә, со­нымен маған қай асабаны ұсын­ғалы отырсың?

– Мына Тойболды деген аза­мат мықты тамада. Бұл қалада бұдан асқан тамада  жоқ.  Кассаға ақшасын төлеп, тойдың қай күні, қай тойханада өтетінін жа­зып кетіңіз.

– Тойболды тойға келген­дер­ді екі езуі жыртылғанша күлдіре алады ма?

– Күлдіреді.

– Бұл тойдың керемет қы­зық­ты өткенін білдіреді ме?

– Білдіреді.

– Бұл бала билік қолына ти­ген соң, ойына келгенін оттап, бүл­дірмей ме?

– Бүлдіреді. То-есть, бүлдір­мейді. Есесіне жұртты ішегі қат­қанша күлдіреді.

– Ендеше, осы балаға тоқ­тадым. 

 – Қам жемеңіз, ақсақал! Бәрі де шики-шики болады.

 – Шықы-шықы деген не?

 – Шықы-шықы емес, шики-шики деймін. Ол кереметтен де керемет деген сөз. Той басталды. Ортаға жұлқынып асаба шықты. Сөзге шөліркеп қалған ба, Той­болды жұртшылық «қой, болды енді» дегенше, ауызы көпіріп тоқтаусыз сөйледі.  Мұнан соң ортаға жас жұбайларды шақыр­ды. «Жар-жар» айтылып, жігіт пен келін көпшілікке бас иіп, асабаның айтқан жеріне тоқтай қалды. Тойболды жас келінге сәлем салдырып еді, Сәндігүл бетін шымшылады.

– Осында келіннің әкесі мен анасы, бауырлары отыр. Келін өз әкесіне, бауырларына сәлем салушы ма еді? – деп күңк етті.

– Жә, босқа ашуланбаңыз, бұл тойдың ырымы ғой, – деп жанындағы әйел басу айтып еді, Сәндігүл өршеленіп кетті. Бір кезде Тойболды ортаға жаңа құ­даларды шақырды. Оның айтуы бойынша екі құда екі жаққа ұзаң­қырап шегініп, сол тұрған жер­ле­рінен жүгіріп келіп құшақ­та­­-су­лары керек екен. Асаба айт­са – заң! Екі құда екі бұрышқа барып біріне-бірі қарама-қарсы жүгіремін деп біреуі шалынып, омақаса құлады. Оны тұрғыза­мын деп жұрт үймелеп қалды.

Осыдан соң тамада «Тентек кәде» деген ойын ұйымдастырды. Бұл ойынның шарты бойынша жаңа құдалар бірін-бірі сөзбен іліп, сын садағымен атқыласуға тиіс екен. Жаңа құдалардың шы­дамдылығын сын таразысына салатын бұл ойынның ережесі де оңып тұрған жоқ еді. Бірін-бірі әлі толық біліп болмаған құдалар қайткенде қарсыласын ызалан­дыруы керек. Соған шыдаған шы­дады, шыдамаған сыннан құ­лады. Ойын қызып жүріп кетті. 

Келін жақтан тойға келген Салқынбек содырлардың со­йы­нан еді. Ол анау-мынау ойынды көтере алмайтын. Мына біреу ежірейіп бірдеңе деп күңкілдейді. «Қайдан келген алқашсың?» деп айқаптағы жынына тиіп дің­кілдейді. Мұндайға шыдайтын Салқынбек пе, қарсыласын са­лып қалды. Ол жалп етіп құлап, талып қалды. Тойшыл топ ере­жесіз төбелес көріп отырғандай орындарынан тұрып, жер теп­кілеп, ысқырып, залды азан-қазан етті.

Бұл кезде жаңа құданы «Же­дел жәрдем» зембілге салып алып кетіп бара жатыр еді.

– Бүйткен кәделерің құрып кетсін! – деп Сәндігүл ернін сылп еткізді.

– Осы күнгі асабалардан-ақ тойып біттім. Қазақтың салтында жоқ қайдағы-жайдағы әлдене­лерді тауып алады. Әй, бұрынғы ата салтымызбен өткізсек болмас па еді тойды? – деп Ынтымақ күйінді.

– Осы асаба, тамада деген­дер­ден-ақ көресіні көріп біттік. Анадағы бір  тойда жас келін атасына қасықпен торт жегіземін деп жасанды тістерін түгел сы­пырып түсіріп еді. Мынау одан да өткен тамаша болды, – деп Нұртай қарқ-қарқ күлді.

– Тойға да қорқып баратын заман туды ғой, – деп Жағыпар шақшасын алып тізесіне соқ­қылады. 

Мұнан соң той-той болмады, бала-шаға жеп кетті. «Тағы бір кәденің кәкіріне ұшырап, біз де таяқ жеп қалмайық» деп ойлаған көпшілік біртіндеп тарай бас­тады.

Той иесі Мақтабек «мына­лар той кәдесін бермей кетіп бара жатыр ғой» деп ойлағанда, сылқ етіп құлады. Бетіне су бүр­кіп еді тұрмады. Екі бетін шым­шылап еді, тұрмады. Мұ­нан соң амал жоқ, «Же­дел жәр­дем» шақырылды. 

Мақтабек аурухана палата­сында «асаба, асаба!» деп оянды. Дәрігер оған «Тентек кәде» деген диагноз қойды. 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ