Биылғы жаз талай адамды әбігерге салды. Аптап ұзаққа созылып, ыстық күндер жиілей түсті. Цифрлық технология қарқынды дамыған заманда мұндай мәселеге де жаңа шешім ізделуі заңды еді.
Адамға арналған тоңазытқыш
77
оқылды

Жапон инженерлері соның бір жолын ұсынды. Ол – тоңазытқыш. Алайда оның ішінде сусын немесе азық-түлік сақтайтын ешқандай сөре жоқ. Оның орнына адам кіріп, отырып салқындайтын арнайы орын ғана бар.

Климат мамандары мен эко­логтар жердің жылынуын тежеудің жолдарын іздеп жат­қанда, технология саласының өкіл­дері аптап ыстықта жүрген адам­ның денесін қалай тез әрі тиім­ді салқындатуға болатынын қа­растырды. Осындай ізденістің нә­тижесінде айдың басында Жа­пониядағы сауда автоматтары мен тоңазытқыш жабдықтарын шы­ғаратын SDRS компаниясы Do Hiemon Box деп аталатын ерек­ше құрылғыны таныстырды. Құрылғының сыртқы пішіні кофе са­татын автоматқа немесе тұр­мыс­тық тоңазытқышқа ұқсайды. Арт­ықшылығы – дөңгелектері бар, сондықтан қажет жерге оңай жылжытуға болады. Оның ішінде шамамен 15 градус температура сақ­талады. Адам кабинаға кір­ген­нен кейін салқындату жүйесі іске қо­сылып, ауа ағынының темпера­турасы 5 градусқа дейін тө­мен­дейді.

Салқын ауа бүкіл денеге бір­дей таралмайды. Ең алдымен де­­­ненің қатты қызатын бөліктеріне – мо-йын, желке, иық және арқа тұсына бағытталады. Құрылғыны сынап көр­гендер бес минуттың ішінде-ақ нәтиже беріп, жеңілдік се­зіне­тінін айтқан. Өндірушілердің айтуынша, шамамен он минуттан кейін дененің шамадан тыс қызуы­нан туындаған әлсіздік пен қал­жырау да бәсеңдейді. Адам ка­бина ішінде ұзақ отырып, ша­ма­дан тыс тоңып қалмауы үшін құрылғы 20 минуттан кейін автоматты түрде өшеді. Осыдан соң адам сыртқа шығып, жұмысын не­месе күнделікті тіршілігін жал­ғастыра алады.

Қазіргі кезде Do Hiemon Box, яғ­ни адамға арналған тоңа­зыт­қыш­тар жеке адамға емес, негі­зі­нен заңды тұлғаларға ұсынылып отыр. Оны құрылыс компаниялары, өндіріс орындары, зауыттар, қой­ма кешендері және ашық аспан астында іс-шара ұйымдас­тыратын мекемелер сатып ала алады. Яғни құрылғы ең алдымен кондиционер орнатуға мүмкіндік жоқ немесе ыстық жерде ұзақ уа­қыт жұмыс істеуге мәжбүр болатын адамдарға тиімді. Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай құрылғыны жасау идеясына Жапонияда өте кең таралған сауда автоматтары түрткі болыпты. Ел­дегі көптеген автоматта сусындарды салқын температурада сақ­тау үшін арнайы тоңазыту жүйесі қолданылады. Инженерлер осы қағиданы адамға арналған шағын салқындату кеңістігіне бейімдеген.

Әрине, мұнда белгілі бір қай­шылық та бар. Біз аптап ыстықтан қорғану үшін сал­қындатқыш құрылғыларды кө­бірек пайдаланған сайын электр энергиясына сұраныс артады. Ал энергия өндірісінің кө­беюі өз кезегінде атмосфераның әрі қарай жылынуына ықпал етуі мүмкін. Соған қарамастан, Do Hiemon Box-тың тиімді тұсы бар. Оның ішкі көлемі ықшам және ол қысқа уақытқа ғана іске қо­сы­ла­ды. Соның арқасында ол кә­дім­гі бөлмеге арналған кондицио­нермен салыстырғанда электр қуа­тын шамамен екі есе аз тұ­ты­нады. Дегенмен оның адам ден­сау­лығына ұзақмерзімді әсері әзір­ге толық зерттелген жоқ. Адам ағзасының қатты қызып ке­туі денсаулыққа зиян екені белгілі. Бірақ аптап ортада жүрген адамның күн ішінде бірнеше рет қатты салқындап, кейін қайтадан ыстыққа шығуы ағзаға қалай әсер ететіні жайында да нақты тұжы­рым айту қиын.

Адамды салқындатудың тағы бір бағыты – арнайы киімдер. Әсі­ресе ауа температурасы өте жо­ғары елдерде құрылысшыларға, қой­ма қызметкерлеріне, жол жөн­деушілерге және ашық аспан астында еңбек ететін өзге де ма­мандарға арналған салқындатқыш киімдер көбейіп келеді. Мұндай киімдердің кейбірінде шағын желдеткіштер орнатылады. Олар сырттағы ауаны киімнің ішіне тартып, дене маңында тұрақты ауа қозғалысын қалыптастырады. Сөйтіп, тердің булануы жылдамдап, адам ыстықты жеңілірек көтереді. Солайша «жеке микроклиматын» қалыптастырады. Яғни бұл – шағын жеке кон­диционердің бір түрі. Мұның бас­ты артықшылығы адамға жұ­мысын тоқтатып, арнайы сал­қын­дату кабинасына кіріп отыру­дың қажеті жоқ. Жұмысшы қоз­ға­лысын жалғастыра отырып-ақ денесін салқындата алады.

Токиода тамыз айының ор­тасына дейінгі бір ай­дың ішінде аптап ыстықтан шамамен 120 адам көз жұмып, жаз бойы 63 мыңға жуық адам шұғыл медициналық көмекке жүгінген. Өткен жылдан бастап Жапонияда аптап ыстықта еңбек ететін қызметкерлерді қорғауға қатысты компанияларға қойылатын та­лап­тар күшейтілген. Мәселен, құрылыс алаңдарында жұмыс­шыларға желдеткіші бар арнайы киім беру, кондиционер орнатыл­ған демалыс орындарын ұйым­дастыру және күн сәулесінен қорғайтын қалқалар қою міндет­телген. Кәдімгі кондиционерлер мен портативті салқындатқыштар белгілі бір деңгейде көмектес­ке­німен, компанияның қойма ау­мағында жүк көліктері мен ауыр техниканың кіріп-шығуына ар­нал­ған ашық кеңістіктер көп бол­ғандықтан, бүкіл қойманы бір­дей салқындату оңай емес. Міне, осындай әсерлер адам үшін тоңазытқыш жасауға ықпал еткен. Қазір бұл құрылғы Азия, Еуро­па және Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне шығарылды.

Жапонияда бұл бағыт Do Hiemon Box кабинасымен ғана шектелмейді. Жабдық өндіруші LIXIL компаниясы серік­тестерімен бірлесіп Human Refrigerator, яғни «Адамға ар­налған тоңазытқыш» деп аталатын инновациялық салқын­дат­қыш костюм де жасап шығарды. Ол ең алдымен жазғы аптап ке­зін­де ашық ауада еңбек етуге мәж­бүр адамдарға арналған. Олар­дың қатарында құрылыс­шы­лар, курьерлер, жол қызмет­кер­лері және күн астында ұзақ уа­қыт жұмыс істейтін өзге де ма­ман­дар бар. Климаттың өзгеруі жал­ғасып, әлемнің көптеген өңі­рінде жазғы температура жоға­ры­лай берсе, мұндай жеке салқын­дату құралдары тек өндіріс пен құрылыс саласында ғана емес, күнделікті тұрмыста да кеңінен қолданылуы мүмкін.

Бүгінде тосын көрінетін дөң­гелегі бар «адамға арналған тоңа­зытқыш», мойынға тағылатын ша­ғын кондиционер немесе сал­қындатқыш киім бірнеше жылдан кейін ыстық аймақтардағы үйреншікті құралдардың біріне айналуы ғажап емес.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ