Биыл Қазақстан үшін саяси өзгерістерге толы кезең болды. Наурыз айындағы республикалық референдумнан кейін Құрылтай сайлауы өтіп, жаңа саяси жүйенің қалыптасуына жол ашылды.
«Құрылтай депутаты ең алдымен мемлекеттік мүддеге үлес қосуы керек» – Серікзат Дүйсенғазы
183
оқылды

Осыған орай айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы Құрылтайдың тарихи маңызы мен жаңа депутаттарға жүктелетін жауапкершілік туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, Құрылтай – қазақ қоғамына ежелден таныс, ұлттық мүдде төңірегінде ел азаматтарын біріктіретін маңызды ұғым.

"2026 жыл еліміз үшін ірі саяси науқандар жылы болып тұр. Наурыз айында жаңа Ата заңды референдум арқылы қабылдадық. Іле-шала Құрылтай сайлауына кірісіп, оны да абыроймен өткіздік. Қазіргі технология күн сайын дамып жатқан заманда еліміз көштен қалмау үшін жоғары билік жүйесінде бірқатар саяси реформалар қажет болғаны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлем соғыс қаупінен сескеніп тұрған уақытта батыл саяси қадамдарға барып, күрделі мәселелердің түйінін шешіп берді. Енді ауызбірлікте жұмыс істеп, алға қарай дамуға барлығымыз мүдделі болуымыз керек деп ойлаймын.

Жалпы, Құрылтай деген сөз құлағымызға өте жылы естіледі. Өзіміздің ежелден бар төл сөзіміз. Мағынасы өте терең, жанымызға жақын ұғым. Ата-бабаларымыз мемлекеттік күрделі мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырып, оған ел жақсылары мыңдаған шақырымдардан атпен, арбамен келіп қатысқандарын тарихи кітаптардан оқып-біліп отырмыз. Ұлттық мүдде тұрғысына келгенде қиырдағы қандасымен бас біріктіре алған ақылман бабалардың әрбір ісі бізге үлгі болуы тиіс. Ол заманда жылына бірнеше рет бас қосатын Құрылтай бүгінде күн сайын елдігіміздің іргесі сөгілмеу үшін жиналып кеңес құратын алаңға айналса заманға сай дамығанымыздың бір белгісі сол емес пе?

Кешегі Құрылтай сайлауы талапқа сай өтті. Қатарында  елге танымал мемлекет пен қоғам қайраткерлерінен бастап қарапайым жұмысшы ортадан шыққандар да бар екен. Маған ұнағаны көбі аты бізге таныс емес, аймақтардан келген сала мамандары екен. Әйелдер қауымы мен жастар қанатын да пайызға сай қамтыпты. Жұрт көп айтатын заң саласының мамандары да аз емес екен. Жалпы, Құрылтайда тек заңгерлер ғана болсын деген талапты аса құптай қоймаймын. Заңды заңгерлер дайындағанымен  әр саланың проблемаларын терең білетін мамандар болмаса ол заң толыққанды болмайды. Мәселен, өзім білетін әрі қызмет істейтін саладан ұлтымыздың руханияты мен мәдениетін, тарихы мен әдебиетін терең тәпсірлей алатын Асхат Аймағанбетов, Дихан Қамзабекұлы, Жанарбек Әшімжан, Жарқынбек Амантайұлы, т.б. сияқты азаматтарды тізімнен көру мені қуантты. Басқа салалардың да бірқатар сондай салмақты тұлғаларының өткенін көріп отырмыз. Құрылтай депутаты ең алдымен мемлекеттік мүддеге жан аямай үлес қосатын, одан кейін сайлаушылардың үмітін ақтайтын азамат болуы керек. Әр партияның сайлауалды бағдарламалары бар. Сол бағдарламада көрсетілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешуі керек. Сонда ғана Құрылтайдың халық алдында абыройы асқақтайды. Ендеше, барша депутаттарға іске сәт дейміз!"-деді ол.