Коронавирусқа шалдыққан науқастар Жамбылға Қырғызстаннан келген
Коронавирусқа шалдыққан науқастар Жамбылға Қырғызстаннан келген
Фото: Интернеттен алынды
190
оқылды
Жамбыл облысының дәрігерлері коронавирусқа шалдыққан науқастардың жағдайы туралы айтты. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, коронавирус жұқтырғандар Қырғызстаннан келген. «Соңғы тәулікте Жамбыл облысында коронавирус екі адамға жұққан. Жалпы, тіркелген үш оқиғаға тоқталсақ, олардың бір-бірімен байланысы жоқ. Бірақ осы адамдардың барлығы Қырғызстаннан келіп отыр. Бұлар Қазақстанға бөлек-бөлек, әртүрлі уақытта келген», – деді Марат Жұманқұлов. Оның айтуынша, бір азамат  – Қордай ауданының 1974 жылғы тұрғыны. Қырғызстаннан шекараны өткен кезде, бекітілген тәртіпке сәйкес, карантинге оқшауланған. Зерттеу нәтижесінде, инфекция шыққаннан кейін, бұл науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы оқшауланды. «Үшінші оқиға бойынша тоқталсақ, науқас Қордай ауданының тұрғыны. Бұл азамат та бізге Қырғызстаннан өтіп отыр. Бекітілген алгоритм бойынша барлық мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды атқарып, осы кісімен байланысты болған адамдарды анықтады. Ол адамдар карантиндік стационарға жатқызылған», – деді басқарма басшысы. Індет жұқтырған адамдардың денсаулық жағдайы бір қалыпты. «Олардың денсаулықтарына шағым жоқ. Бекітілген тәртіппен ем алып жатыр. Оқшауланған адамдардың да жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Олардың барлығы медициналық бақылауда болады», – деді Марат Жұманқұлов. Еске сала кетейік, Жамбыл облысында  коронавирус 24 наурызда тіркелді. Ол – Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны. Облысқа Қырғызстан Республикасынан келген. 24 наурызда облыстық карантиндік стационарға жатқызылды.